«Фестивальда ірі этномузыканттар мен спортшылар, бүркітшілер, қолданбалы өнер шеберлері өздерінің таланттарын көрсетті. Этномәдениет фестивалінің басты мақсаты – көшпелі халықтың ерте тарихын жаңғырту, өскелең ұрпаққа әр ұлттың өзара ұқсастығын түсіндіру», деді қалалық мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов.
Шара барысында Қазақстанның жеті дүркін, әлемнің екі дүркін чемпионы, Гинесстің рекордтар кітабына екі рет енген Сергей Цырульниковтың басқаруымен алыптар шоуы болды. Олар күресті, шегені қолдарымен қақты, темірді майыстырды, гір көтерді. Бұдан өзге, Андрош Бироның басқаруымен Мажарстаннан келген қонақтар әскери ат ойындарына қатысып, буряттық шаман Вэлигто Бадмаев ыстық тастар арқылы көз тиюден қорғады. Башқұртстаннан келген садақшылар жаяу және ат үстінде тұрып «Мэргэн уксы» мергендік өнерлерін көрсетті. Қырғыздың «Салбуурун» командасы бүркітпен және тазы итпен аң аулау шеберлігін ұсынды.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Боралдай қорғандары аумағында Сақ мәдениеті орталығы құрылысының жобасымен танысты. Оның жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Қала басшысы өзінің сөзінде мұндай орталықтың пайда болуы Алматының туристік әлеуетін, ел тарихына деген қызығушылықты арттыратынын, құнды археологиялық паркті қорғауға, болашақ өскелең ұрпақ үшін тарихи-мәдени мұра жауһарын көздің қарашығындай сақтауға мүмкіндік беретінін айтты.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында Алматыда Райымбек батырдың мавзолейі реконструкцияланбақ. Осынау киелі орында мемориалдық музей кешені ашылады. Бұлардан өзге, «Этноленд» этномәдени кешенін салу жоспарланып отыр.
Фестиваль аясында бірқатар заманауи ұлттық өнер көрмелері ұйымдастырылды, «Тұран», «ХасСак» этно-фольклорлық ансамбльдері, Түркиядан, Моңғолиядан, Алтай мен Тывадан, Чувашия мен Қырғызстаннан және басқа елдерден келген танымал әртістер өз өнерлерін көрсетті.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Egemen Qazaqstan»