– Райса Сайранқызы, білуімше сіз Батыс кітап нарығымен тығыз байланыстасыз. Қандай да бір әдеби агенттіктер мен мемлекеттік қолдауларға сүйенбей, өз бетіңізше жұмыс істеп келесіз. Меніңше, сіздің тәжірибеңіз Қазақстандағы көптеген авторды қызықтыратын сияқты.
– Өмірімнің көп уақытын Таяу Шығыс пен Еуропада өткіздім. Көп жыл ойлаған арманымның бірі – кітап басып шығару еді. Осылайша ниет етіп 2017 жылы Моңғолияның Ұланбатыр қаласында ешкімнің көмегінсіз кәсіпкер жастар бірігіп, «Steppe&World» баспасын аштық. Баспаның бас редакторы Гүлфайруз Шауетқызы (Ph.D, Моңғолия Ұлттық консерваториясының проректоры), қаржы мәселесін жолдасым Алаубек Әбділұлы (Ph.D) атқарады. Жұмысымыздың көбі әлеуметтік желілер арқылы жүріп жатыр. Аудармашы, редакторлармен онлайн тәртіпте хат-хабар алысамыз. Penguin Random House, Curtis Brown, PanMacmillan сынды әлемнің ең ірі, танымал баспаларымен келісімшарт негізінде бірнеше жобаны қолға алдық. Бұл баспалардың ең әуелгі қоятын шарты – кәсібилік. Кітапты аударып, жарыққа шығару рұқсатын баспадан және жазушының өзінен қатар алатын болғандықтан, жұмыс ұзаққа созылады.
– Әйгілі Гарри Поттер сериялы романын ресми рұқсатпен бірінші болып қазақ тіліне аударып шығаруға кірістіңіздер. Мұндай мүмкіндікке қалай ие болдыңыздар?
– Гарри Поттердің рұқсатын алу үшін тиісті ұйымдармен бір жыл бойы жұмыс істедік. Атқарып жатқан жұмыстарымызды бастан-аяқ тексеріп, баспамыздың бағыт-бағдарымен танысты. Ұзаққа созылған келісімшарт істерінен кейін әйгілі жазушы Джоан Роулингтен «қазақ тіліне аударуға рұқсат» деген жауабын алғанда қуанышымызда шек болмады. Жалпы, Гарри Поттерді аудару өте қиын. Сондықтан көне латын тілінен алған сөз тіркестері мен тұжырымдарды қазақ терминологиясында қалыптасқан қағидаттарға сүйене отырып, тәржімалауды ойластырмақпыз.
– «Steppe&World» баспасының әлеуметтік жауапкершілігі, ұстанымы қандай?
– Рухани жұтаңдықтың орнын толтыратын жалғыз дүние бар, ол – әлем әдебиетін ана тілінде оқу, ана тілінде дүниені тану. Осы жолда қазақ халқына әлемнің үздік әдеби шығармаларын ана тілімізде таныстыруды өзімізге мақсат еттік. Қандай баспа болсын алдымен табыс көзін ойлауы – заңдылық. Баспадан шығатын кітаптарға шығын сыртында 10-15 пайыз, ал дүкендер өз тарабынан 25-30 пайыз шамасында үстеме ақы қосады. Безендіру мен құрылымын үйлестіру сынды техникалық ерекшелігіне байланысты кітаптар негізінен Қытай, Моңғолия, Қазақстан елдерінде басылып шығады. Ал таралымға келер болсақ, кітаптарды 2 мың мен 4 мың дана аралығында шығарамыз. Сұраныс артып жатқан күнде, қосымша тираж даярланады. Басында баспа өнімдері үлкен қалалардағы ірі дүкендерге ғана қойылған еді, қазір Қазақстанның барлық аймағына жеткізуге тырысып жатырмыз.
– Мақсатыңыз әлем әдебиетін қазақ тілінде сөйлету дейсіз. Бұл идеяны іске асыруға сізді не нәрсе құлшындырады?
– Бұл істі атқаруға алған білімім мен тәжірибем, туып-өскен ортам көп себеп болды. Әкеміздің ел үшін атқарған еңбегін көріп өскен соң, қоғамға жақсылық жасау – борышымыз деген тәрбиемен өстік. Ұланбатыр қаласында дипломаттардың отбасында төрт баланың үшіншісі болып дүниеге келдім. Әкем Сайран Қадыр кәсіби арабтанушы, 30 жылдан астам уақыт Моңғолияның Араб елдерінде дипломат, Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған. Осы себепті балалық шақ, студенттік кездерім Египет, Түркия, Англия елдерінде өтті. Мысырда Каир Америка университетінде бакалавр дәрежесінде білім алып, магистрлік дәрежемді Ұлыбританияда Лондон университетінің Шығыстану мектебінде және Роттердамдағы Эрасмус университетінің қаржы мамандығымен аяқтағанмын.
Баспа жұмысына тәуекелге бел буған себебім, 2016 жылы Алматыдағы сапардан туған әсер еді. Балаларыма қазақ тіліндегі кітаптарды ала кетейін деп көп кітап дүкенінің есігін тоздырдым. Қазақ тіліндегі кітаптар кішкентай сөренің жартысын ғана алып тұрды. Әсіресе балалар әдебиеті өте жұтаң екен. Өзім орыс мектебін бітіргенмін. Орыс тілі, әдебиеті мен мәдениетін жаныма жақын тұтамын, жақсы көремін. Дегенмен әлем әдебиетіндегі шығармалардың дені орыс тілінде болуы мені қатты таңдандырды. Халық саны 3 миллион ғана болатын Моңғолияда әлемнің ең таңдаулы кітаптары моңғол тілінде жарыққа шығады. Менің ойымша, қазақ қоғамы кеңес дәуірінің ықпалынан толығымен арыла алмай келеді. 90-шы жылдардан кейін Моңғолия әлемдік қоғамдастыққа жылдам кірігіп, ғылым, дамыған елдердің технологиясын, сол елдердің классикалық және қазіргі заманғы көркем әдебиеті саласындағы мәдениеті мен трендін жылдам қарқынмен сіңірді. Армения мен Грузияда да солай. Ана тілінде оқығысы келетін оқырман үшін таңдау бар. Ал біздің Орталық Азияға келсеңіз жағдай мүлдем басқа. Сосын күтіп отыратын емес, бұл істі өзім қолға алайын деп шештім. Осылайша кішігірім баспа ашып, тәуекел етіп, ақырындап жұмысты бастап кеттік. Әлихан Бөкейхан атамыз айтқандай, «Ұлтына, жұртына қызмет ету − білімнен емес, мінезден». Ал әкемнің Моңғолиядағы азғантай қазақ өкілдері үшін жасаған іс-шаралары әлі жалғасуда.
– Баспаның осыған дейінгі атқарған іргелі жұмыстарымен таныстырып өтсеңіз.
– Соңғы бір жылда балаларға арналған төрт шығарманы басып шығардық. Әлемге әйгілі балалар жазушысы Джулия Дональдсонның «Ақын қоян» және «Груффало» кітаптарын көрнекті шығыстанушы, журналист Ғалым Боқаш қазақ тіліне майын тамызып аударды. Дональдсонның барлық еңбектері поэтикалық мәтінімен ерекшеленеді. 2011 жылы әдебиет саласындағы қызметі үшін Британ империясының орденімен марапатталды, сондай-ақ екі жылда бір берілетін «Балалар лауреатының» жүлдегері. Биылғы Болонья Халықаралық балалар әдебиеті көрмесінде «Груффало» ертегісінің 20 жылдық мерейтойына қатысып, автор Джулия Дональдсон мен әйгілі иллюстратор Аксель Шеффлермен жақын таныстым. Бұл ертегі алпыстан астам тілге аударылып, 13 миллионнан көп таралыммен сатылған бестселлер. Одан басқа Швейцарияның Базель қаласындағы Анна Франк қорының рұқсатымен «Анна Франк күнделігін», Қазақстанның жапонтанушы қоғамымен бірігіп Харуки Муракамидің кітаптарын аударып, шығара бастадық.
– Кітап таңдауда қандай басымдықтарға сүйенесіздер?
– Алдымен кітаппен толық танысып, ағылшын, орыс, неміс тілдеріндегі рецензияларды шолып шығамыз. Ең бастысы, әлем оқырмандарының жүрегін жаулап алған әрі қазақы салт-дәстүрімізге қайшы келмейтін мазмұндағы кітаптарды таңдауға тырысамыз. Негізі біз адамға жақсы әсер беретін, ойландыратын, толғандыратын, рухын көтеретін кітаптарды көптеп шығарғымыз келеді.
– Балалар кітап индустриясындағы маңызды шара – Болонья Халықаралық балалар әдебиеті көрмесіне арнайы шақыртумен қатыстыңыз. Көрменің биылғы жаңалықтары туралы не айтасыз?
– Италияның Болонья қаласында жыл сайын өтетін көрме – әлемнің барлық баспагерлерін, авторлар мен иллюстраторлардың, әдеби агенттер мен дистрибьюторлардың, кітапханашылардың басын қосатын жетекші алаң. 2019 жылғы көрме бірыңғай иллюстраторлардың мекені болды. Балалар әдебиетіне арналған мыңдаған иллюстраторлық үздік жұмыстармен танысып, тәнті болдым. Балалар кітабы нарығының даму тенденциялары мен соңғы жаңалықтары кеңінен талқыланып, үздік шығармаларды марапаттау шаралары өтті. Бір күнде 15 кездесуге дейін болып, ондағы күнім өте қарбалас өтті, өзге баспалардың соңғы жұмыстарымен танысып, жаңа әріптестік байланыстар орнатудың сәті түсті.
– Нарықтың жоғары сегменті саналатын осындай әлемдік әдеби шараларға атсалысуда Қазақстан кітап баспалары қаншалықты белсенді? Әлемдік балалар әдебиеті қауымдастығының жаңалықтарынан тысқары жатқан жоқ па?
– Шетелде тұрып Қазақстанның жағдайы туралы кесіп-пішіп айтқаным дұрыс болмас. Қазақстандағы кітап нарығы Ресейдің баспаларымен тығыз байланысты. Ресей баспалары үшін Қазақстан нарығы өте пайдалы. Осы себепті де қазақ тілінде бұл кітаптарды сөйлетуге қызығушылық азырақ шығар деп түйдім. Көрмеден қазақ баспагерлерін кездестіре қоймадым. Мүмкін бірлі-жарым баспаның өкілдері жүрген де болар. Алайда мен кітап рұқсаттарын алып жүрген баспалар соңғы бес жылда Қазақстаннан сұраныс келмегенін айтты. Шетелдік баспалардың көбі қазақ тілінде шығарамыз деген ұсынысымызға ерекше қуанып, жылы қабылдап жатады. Сол жолғы семинарда грузин, орыс, қазақ әріптестер бірге отырдық. Сосын үшеуміз қай тілде әңгімелестік деп ойлайсыз? Орысша деп айтуыңыз, әбден қисынды. Бірақ біз ағылшынша кеңестік. Өйткені грузин әріптесім орыс тіліне жетік бола тұра, орысша сөйлегісі келмесе, орыс әріптесім үшін ағылшынша сөйлесу «керемет» болып көрінді. Ресейлік әріптесім маған қарап, «сен жырғатпассың, қазақтар бәрібір орысша оқиды», дегендей жымиып қалды. Осыған қарап-ақ бәсекенің деңгейі тым жоғары екенін түсіндім.
– Бүгінгі балалар әдебиетінен қандай трендтерді көруге болады? Кішкентай оқырмандар үшін не қызық?
– Жалпы, балалар әдебиетін сәбилер, мектепалды даярлық тобы, бастауыш сыныптағылар және жасөспірімдерге арналған әдебиет деп бірнеше жас санатына бөлеміз. 1-7 жас аралығындағы балалар үшін иллюстрация өте маңызды. Иллюстрация балаларға арналған шығарманың негізгі мағынасын жеткізу үшін үйлестіруші міндетін атқарады. Байқасаңыз – балалар ертегі оқығанда не мультфильм көргенде басты кейіпкерлерді, хайуанаттарды сипаттаған иллюстрацияны оңай һәм тез қабылдайды. Осы ретте бастауыш сынып жасындағы балаларға комикс романдар, фэнтези жанрындағы кітаптар өте қызықты саналады. Жоғары сынып оқушылары арасында гендерлік теңдік, феминизм тақырыбындағы шығармалар, сондай-ақ өзін-өзі тану, түсіну сияқты психологиялық кітаптар көп оқылады. Кішкентай оқырмандар үшін көбінде отбасы құндылықтары суреттелген, мейірім, отбасы, достық тақырыптары көтеріледі. Ал балалар әдебиетінен доктор Сьюза, Киплинг, Джоан Роулинг және Астрид Линдгрена кітаптарын ұсынар едім. Үлкендер үшін Шекспир, Франц Кафка, Джорж Орвелла, Герман Гессе, Чинуа Абебе, Нагиб Махфуз, Уедерфорд Джек, Кадзуо Исигуро және Харуки Мураками шығармаларын көргім келеді. Сондай-ақ Үздік әдеби сыйлықтарға шығарылған барлық шығарма қазақ тіліне аударылуы тиіс деп есептеймін.
– Сіздің баспаңыз – қазақ тіліндегі жаңа фэнтези-жобалардың бірден-бір басты жеткізушісі. Биыл баспадан қандай жақсы жаңалық күтуге болады?
– Ең басты жоспарымыз – Алматы мен Астанада баспаның филиалын ашу. Келесі 18 айда үлкендер мен балаларға тосын сыйымыз көп. Кітап шығару оңай емес, ең бастысы аударма сапасы мықты болу керек. Харуки Муракамидің «Норвег орманы», «Harvard Business Review» ғылыми-танымдық журналының таңдамалы мақалалары, Р.Х.Паласионың «Ғажайып әңгімесі», Роальд Дальдың шығармалары сынды өзге де кітаптарды жарыққа шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы бес жылдыққа арналған жоспарлар көп. Үлкен жеңістер әркез кішкентай қадамдардан басталған. Солай!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»