• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 17 Маусым, 2019

Шектен шыққан шиеленіс

676 рет
көрсетілді

Йемендегі шиеленіс ушығып барады. Орталығы Сана қаласының ойраны шығып, бүгінде қарулы қақтығыстардың ошағына айналған. Йемен билігі мен көтерілісші хуситтердің арасындағы текетірестің белең алғаны сонша, тіпті шектен асып кетті. Осы елдің үкіметіне болысып жүрген Сауд Арабиясына шииттік «Аңсар Алла» қозғалысы айтарлықтай қыр көрсетуде.

Жақында «Аңсар Алла» бүлік­шілері Сауд Арабиясының оңтүс­тік-батысындағы Абха қаласында орна­ласқан бас әуежайға оқ жау­дыр­ғанын мәлімдеді. Бұл туралы хуситтердің бақылауында тұр­ған «Әл-Масира» телеарнасы хабар таратқан. Онда әуежайға бағыт­тал­ған зымыран діттеген жеріне дөп тигені айтылған. Ал Йемендегі соғыс­қа араласып жат­қан Сауд Ара­биясы бас­та­ған коа­лиция күш­­тері бұл хабар­ламаға қатысты ешқан­дай түсі­нік­те­ме берген жоқ.

Таяуда хуситтер дәл осы телеарна арқылы Йемен шека­расының іргесінде тұрған Хамис Мушит ауданындағы Король Халед әскери-әуе база­сы­на шабуыл жасағандарын мә­лім­­­де­ген. Артынша коалиция күш­тері бұл шабуылды тойтарып, ұшқышсыз ұшу аппараттарын атып түсіргенін жеткізді. Дегенмен бүлікшілер базаның аумағындағы қару-жарақ, радар және операциялық бөлмелер бар қоймаларға соққы жасай алдық деп тұжырымдады.

Ал биылғы мамыр айының соңында «Әл-Арабия» телеарнасы коалиция Сананың солтүстігіндегі Әл-Дулаими авиациялық базасында орналасқан қару-жарақ қойма­ла­рына соққы жасағанын ха­барлады. Сауд Арабиясы бас­таған коа­лиция бұған дейін де бүлікші хусит­тердің бақы­ла­уын­­­дағы әуе базасына 13 әуе соқ­­қысын жасаған еді. Бұл база ел астанасындағы әуежайдың маңында орналасқан. Коа­ли­ция тарапы көтерілісшілер террористік операцияларды іске асыру мақсатында пилотсыз ұшу аппараттары мен ракеталарды іске қосу үшін әуе базасын ұстап отырғанын мәлімдеген.

Сол уақыттарда Йеменнің ден­­саулық сақтау министрлігінің рес­ми өкілі Юсеф әл-Хадири араб коа­лициясының бомбылауынан елде 52 000 адам зардап шеккенін хабарлады. Олардың ішінде 13250 адам мерт болған. Көз жұмғандар қатарында 3800 бала мен 2580 әйел болған. Ал Сана қаласында әуе шабуылдарының салдарынан 56 адам жарақаттанып, 6 адам қайтыс болған. Оның төртеуі – қыршынынан қиылған балалар.

Йеменнің ішкі қақтығыстарына мұрнын сұққан араб елдері коали­ция­сының әрекеттерін шииттік «Аңсар Алла» қозғалысы жауапсыз қалдырып жатқан жоқ. Олар алыста отырып-ақ Сауд Арабиясы мен БАӘ аймақтарындағы ма­ңыз­ды нысандарды күйрете алатын­дарын қатаң ескертті. Мәсе­­лен, ху­сит­тердің Сауд Арабия­­сын­да­ғы орталық мұнай құбы­рына жасаған әуе шабуылы елді біраз дүрліктірді. Соның салдарынан сорғы стансаларының жұмысы тұралап қалған. Осыдан кейін бүлікшілер әлі 299 нысанды көздеп отырғандарын айтып, сес көрсетті.

Өткен айдың соңында Меккеде өткен Араб мемлекеттерінің сам­ми­тін­де араб елдері Иранды Йе­мен­дегі «Аңсар Алла» қозға­лы­сы­на баллистикалық зымырандар жеткізіп отыр деп айыптады. Сол басқосуда Сауд Арабиясы королі Салман бен Әбдель Әзиз әл-Сауд Иран төңірегіндегі дағдарысты және Йемен хуситтерінің тарапынан жасалып жатқан шабуылдарды талқылау үшін араб елдері мен Парсы шығанағы елдері көшбасшыларын екі саммитке шақырды.

Сәл кейінге шегініс жасап, шие­ле­ністен қалай өршігеніне тоқ­тала кетсек, елдегі саяси дағ­да­­рыстың ықпалынан Йеменді 1978 жылдан бері басқарған Әли Абдал­ла Салех 2012 жылы отстав­­ка­ға кеткен еді. Ол ел тізгі­нін сол кезде вице-президент қызметін ат­қар­ған Әбд Раббу Мансур Хаби­ге бергенімен, 2014 жылы төң­керіс жасаған хуситтерге қол­дау көрсетті. Бірақ ке­йіннен бү­лікшілерді бейбіт тұр­ғын­дар­дың өмірін қиды деп айыптап, Йемен үкіметіне жақтас Сауд Ара­биясымен арадағы жағ­дайды қа­лыпқа келтіруге шақыр­ды. Бұл хуситтердің шамына тиіп, Са­лехке қастандық жасап, мерт қыл­ды.

2018 жылдың желтоқсанында қарсылас тараптар қанша жылдан бергі тартыстан кейін БҰҰ аясында Швецияда бір үстелдің басында отырып, келіссөз жүр­гіз­ді. Қырғиқабақ болып жүрген олар сол жиында бітімге келіп, тұт­қындармен алмасу, Қызыл теңіз­дің жағасындағы Ходейда қала­сын­дағы атысты тоқтату туралы бірқатар маңызды ке­лі­сімге қол жеткізген. Өкі­ніш­ке қарай әлемдік қоғам­дас­тық­тар­дың көңілін демдеген бұл бейбітшілік қадам ұзаққа созылмады. Бүлікшілер тобы мен үкімет әскері бір-бірін орна­тылған тәртіпті сақтамады деп күстаналап, 2019 жылдың қаң­тарында соғыс оты қайта тұтанды.