Алғаш болып сөз алған Nur Otan партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов биылғы Президент сайлауының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызы зор оқиға екеніне назар аударды. Сондай-ақ елімізде жоғары биліктің бейбіт жағдайда, өркениетті түрде және демократиялық қағидаларға сай ауысуы Қазақстанның дамуына тың серпін беретінін айтты. Одан бөлек, ол сайлауға халықтың белсенді қатысуы мен сайлауалды науқан кезіндегі әлеуметтік желілердің маңызын да тілге тиек етті.
– Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс беру арқылы Елбасы саясатының сабақтастығын таңдады. Халық әділ саясат пен барлық саланың өрлеп, өркендеуі үшін дауыс берді. Сондықтан ұлықтау рәсімінде жаңадан сайланған Президентіміз анықтап берген дамудың он бағыты Елбасының стратегиялық саясатына табан тірейді, – деді Ф.Қуанғанов.
Nur Otan Trends алаңына келушілер күн тәртібіндегі қоғамдық-саяси аспектілер мен ел Президентінің тапсырмаларына назар аударды. Атап айтқанда, алдағы уақытта елімізді қандай өзгерістер күтіп тұрғаны, әлеуметтік-экономикалық бастамалардың маңызы әңгімеге арқау болды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде еліміздің алдында тұрған мәселелерді айтып өтті. Біріншіден, бұл Қазақстанның Үшінші жаңғыруының жалғасы болады. Басты мақсат – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын және табысын көтеру, – деді партия хатшысы.
Сонымен қатар іс-шара барысында саяси жаңғыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Сарапшылар жаңа жағдайда билік пен халық арасындағы диалогты күшейту жолдарын талқыға салды.
– Қазақстан Президенті қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтармен байланыс орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруды тапсырды. Бұл бастама азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтетін нақты қадам, – деді ол.
Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық кеңестің құрамын анықтауды тапсырғанына назар аударып, оған саяси партиялардың жетекшілері мен азаматтық сектор өкілдері де енгізілуі қажеттігін айтты. «Amanat» қоғамдық бірлестігінің өкілі Саясат Нұрбек бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарау қажеттігін тілге тиек етті.
– Бұл кеңес нақты жұмыс істеу керек. Оның құрамында қоғамда беделі бар, сөзі өтімді, сенімге ие әртүрлі топтың өкілдері болу қажет, – деді Саясат Нұрбек. Оның айтуынша, бұл қоғамның билікке деген сенімін нығайтады. Сондай-ақ барлық бағдарламалардың жүзеге асуының кепілі болады.
Пікірталас алаңында сарапшылар жұмыстың ең негізгі бағыты сыбайлас жемқорлықпен күресу деген тоқтамға келді.
– Егер мемлекеттік қызметші өзіндегі көп мөлшердегі ақшаның қайдан келгенін түсіндіріп бере алмаса, бұл қаражатты одан алып қою керек. Екінші мәселе, кіріс жайындағы жалпы декларацияны енгізу. Бұл мәселе 2017 жылдан бері шешімін таппай келе жатыр, – деп атап өтті Тұңғыш Президент Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы, саясаттану ғылымдарының докторы Жақсылық Сәбитов.
Айта кетейік, Nur Otan Trends пікірталас алаңының бұл отырысына модератор ретінде «Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның басқарма төрағасы Ерлік Қаражан, саяси шолушы Ғазиз Әбішев, «Шаталов» телеграм-каналының авторы, журналист Никита Шаталов, «Sayasat.org» порталының шеф-редакторы Бауыржан Төлегенов және білікті экономист Сергей Домнин қатысты.