Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі ең маңызды тарихи оқиға болып табылады. Өйткені, Жолдау аясында көрсетілген мәселелер мемлекеттің бағытын айқындап, еліміздің әлеуметтік-саяси жағдайын сипаттайды. Елбасы Жолдауында аталатын әр сөздің мақсаты екі негізгі міндетті атқарады.
Біріншіден, Жолдау алдағы күндерге қойылған мемлекет саясатының негізгі бағыттарын айқындайды. Елбасының Жолдауы мемлекеттік органдардың тұрғындармен байланыс қызметінің келісілген демократиялық көзі болып саналады және ол – кері байланыстың негізгі көзі. Жолдаудың барлық мазмұны қоғам мүшелері үшін айдан анық, ашық. Барлық басым бағыттар, міндеттер мен мақсаттар мемлекеттік органдар, тұрғындар, сарапшылар мен ғалымдар үшін транспарентті құбылыс.
Екіншіден, Жолдау мемлекеттік орган қызметін қорытындылаудың құжаты секілді. Елбасы жыл сайын өз Жолдауын арнағанда болашаққа деген міндеттермен қатар, атқарылған жұмыстардың қорытындыларын айшықтайды, жетістіктерді аша түсіп, мардымсыз жүріп жатқан мәселелерді шешу жайын түсіндіреді. Сондықтан қазақстандықтар қандай нәтижелерге жеткенімізді бағалап, прогрестің бар екенін анықтай түседі.
Елбасының әр жылғы Жолдауы тарихи маңызы мол күрделі құжат және әрқайсысының жүгі бөлек екені белгілі. Соңғы Жолдау – алысты болжап қана қоймай, қазіргі күндегі дағдарыстан кейінгі кезеңде халықты жұмылдырып, басын біріктіретін, қиындықтан шығудың жолдарын нақты айқындайтын бағдарлама. Биылғы Жолдау жаңа онжылдыққа арналған стратегия негіздері бойынша өрбіді. Жалпы, көшбасшылықтың қазақстандық жолы 2020 Стратегиялық жоспары болып табылатын даму бағдарламасын орындауда жатыр. Бұл үшін Елбасы негізгі деп санаған бес шараны анықтап берді. Сонымен қатар, стратегиялық жоспарды іске асырудың базалық шарттарын айқындай келе, бұл шараны іске асырудың табыстылығы қазақстандықтардың білімі мен әлеуметтік жағдайында екенін айтты. Сол себепті халықтың азаматтық жауапкершілігін көтеру осы Жолдауда да қойылған негізгі сілтеме болып табылады.
Жолдауда айтылғандай, 2020 Стратегиялық жоспары ішкі саяси тұрақтылықтың сенімді іргетасы болып табылмақ. Не істеу керектігін білген Елбасы рецессияға жол бермеді. Сондықтан барлық салалардағы тұрақтылық сақталды. Рецессия өндірістің құлауы немесе экономикалық өсімнің құлдырауына байланысты орын алады. Сонымен қатар, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-экономикалық прогресс кезеңіндегі индустриялық дамыған елдер экономикасының трансформациясы да ықпал етеді. Сондықтан индустриялық даму жаңа онжылдықтағы ел дамуының жаңа мүмкіндіктері болып табылады. Қазақстан табысты индустриялық держава болатынына Елбасымыз сенеді. Ол үшін экономиканы әртараптандырудың үш бағыты айқындалған.
Зейнеткерлер мен жастарға, оның ішінде студенттерге деген қамқорлық осындай күрделі кезеңнің өзінде еліміздің экономикасының күш-қуатын көрсетеді, танытады. Жолдауда айтылғандай, “Республикалық бюджетте үстіміздегі жылы да зейнетақыларды 1 қаңтардан бастап, ал шәкіртақылар мен бюджеттегілер еңбекақыларын 1 шілдеден бастап 25 пайызға өсіру қарастырылған. Өткен жылғы экономика өсімінің оң серпінін шәкіртақылар мен бюджеттегілердің еңбекақыларын үш ай бұрын – 2010 жылдың сәуірінен бастап өсіруге мүмкіндік береді деп есептеймін”. Сондықтан дәл қазіргі кезең еліміздің барлық тұрғындары үшін үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір қазақстандық азамат мемлекет тарапынан жасалған қолдауға сүйеніп, нақты істер атқаруға тиіс.
Осы жылғы Жолдауда Елбасымыз еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің сақталуы ең маңызды міндет болып табылатынын атап көрсетті. Өткен жылғы Жолдауда Президент дағдарыстың қиын кезеңінде елімізге және қоғамға қолдау көрсету үшін партияаралық үнқатысуды орнықтыруды және бірігуді ұсынғанын, бастама қолдау тауып, жеті саяси партия Экономикалық дағдарыс жағдайында әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы меморандумды бірлесе әзірлеп, қол қойғандығын айтты. Шынында да, тұрақтылық қалыптасқан мемлекетте ғана әлеуметтік-экономикалық реформалар жүреді. Ал бүгінгі кезеңде бұл – жаңа онжылдықтағы жаңа экономикалық өрлеуіміздің қажетті әрі негізгі шарты. Сондықтан елімізде азаматтық қоғам институттарын одан әрі қолдауға бағытталған саяси жаңғырту жалғаса бермек.
Тұрақтылықты қамтамасыз ету үдерісіндегі маңызды рөл бұқаралық ақпарат құралдарына да байланысты. Өйткені, қазіргі шарттарда саяси жүйенің өзгерістерге дағдылануы БАҚ көмегінсіз мүмкін емес. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық консолидацияның саяси тұрақтылығының факторы негізіндегі рөлін атқарады және негізгі құралы болып табылады. Сенімділік, жеке белсенділік, төзімділік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік секілді көңіл-күйлерді орнықтыратын материалдарды жиі беру керек. Сондықтан журналист қауымы тұрақтылықты сақтауға бағытталған модельдерді қалыптастырады. Біздің ғылыми және шығармашылық интеллигенцияға да осындай рөл жүктеледі. Әсіресе, бұл үдерістегі миссияны түсіндіруде ғалымдар ғылыми еңбектерімен қатар, студенттерге оқу аудиториясында ұғындыруда жатыр. Ғылыми элитаны тағы қуантатыны, Елбасы “Ғылым туралы” жаңа заңның әзірленуін жеделдету қажет екенін айтты.
Осы жылғы Жолдау қазақстандықтарды жауапты міндетке біріктіру үшін, қазақты әлемге таныту үшін қажетті шаралар мен нәтижелі қадамдарының бірі деген ойдамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауларында ең бірінші мемлекетіміздің құндылығы – халық, өйткені, еліміздің ынтымақтастығын, бейбітшілігін, ғылыми, білімдік сауаттылығын, экономикасын, әлеуметтік, саяси реформаларын халық үшін тұрақтылықпен байланыстырғанын көреміз. Осы Жолдауда бесіктегі баламыздан бастап, саны күннен күнге азайып бара жатқан Ұлы Отан соғысы майданында ерлік көрсеткен ардагерлерімізге дейін қамқорлық көрсетілетінін атап айтты. Сондықтан Елбасы ұсынған негізгі төрт қағидатты халқымыз еш күмәнсіз ұстануы тиіс.
Мұрат НАСИМОВ, саяси ғылымдар кандидаты, Қызылорда “Болашақ” университетінің
кафедра меңгерушісі. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі