• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Маусым, 2019

«Хат қоржын» (18.06.2019)

5449 рет
көрсетілді

...алғысын айтады

Жол азабынан құтылатын боламыз

Біз Батыс Қазақстан облысы орталығынан 600 шақырымда жатқан ең шалғай Бөкей Ордасы ауданында тұрамыз. Өзім өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ардагермін.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр біздің өңірге жұмыс сапармен келген кезде жол құрылысының маңыздылығын атап өтіп, шалғайда орналасқан Бөкей Ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарына тас жол салу мәселесін шешуді Үкіметке тапсырды. Бұл жол тезірек салынса, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» тізіміне енген Хан Ордасы мәдени-тарихи кешеніне туристердің ағылуына жол ашылып, халық талай жылғы жол азабынан құтылып, мүлдем жаңа дәуір басталар еді.

Өткенде Ақ жайық өлкесіне Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келіп кетті. Жолымыздың салынуын көптен күтіп жүрген бөкейордалықтар «Тұңғыш Президенттің тапсырмасы енді өз уақытында әрі сапалы салынар ма екен?!» деп алаңдаулы еді. Осы кездесуге де ел атынан келіп арнайы қатыстым. Мемлекет басшысы өңірде бірінші класты инфрақұрылым құру мәселесін жеке мәселе етіп көтеріп, Үкіметке арнайы тапсырма бергеніне қатты қуандық. «Әсіресе облыста жолдардың 70%-ы – нашар күйде. Бұл дабыл қағатын мәселе деп есептеймін. Өйткені сапасыз жол тұрғындардың күнделікті тұрмысын төмендетіп қана қоймайды, өңірдің экспорты мен көлік тасымалы көрсеткіштеріне де әсер етеді. Қазір Орынбор бағытына және өңірдің Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына жол салынып жатыр. Облыстың оңтүстік аудандарын Орал қаласымен жалғайтын жолдың құрылысын 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды Үкіметке тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл тапсырма Бөкей Ордасында тұратын мыңдаған жерлестерімнің құлағына майдай жаққаны сөзсіз. Ел тілегін ескерген Мемлекет басшысына бөкейордалықтардың алғысын жеткізу үшін осы жолдарды жазып отырмын.

 

Хайролла САБЫРОВ,

еңбек ардагері

Батыс Қазақстан облысы,

Бөкей Ордасы ауданы

 

...әсерімен бөліседі

Сұлтанбек Қожанов оқулары өтті

Қазақ ұлтының көгіне күн, рухына нұр болған Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығы биыл республика көлемінде кеңінен аталып өтпек. Осы шараға орай Түркістан облысының алты алаштың ардақтысы дүниеге келген Ақсүмбе ауылында байыпты бастамалар бастау алуда. Жуырда Сұлтанбек есімін иеленген мектепте респуб­ликалық деңгейде дәстүрлі Сұлтанбек Қожанов оқулары өтті. Шараға арысы Нұр-Сұлтан, берісі Алматы, Шымкент қалаларынан белгілі ғалымдар, сұлтанбектанушылар, ел ағалары шақырылған болатын.

Сондай-ақ Сұлтанбек оқуларына Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан 22 оқушы өрендер арнайы қатысып, бақтарын сынап қайтты. Жүзден жүйрік атанып оза шапқан оқушылар арнайы алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Одан соң мектеп алдындағы Сұлтанбек бабамыздың ескерткішіне қонақтар гүл шоғын қойып, ас үстінде құран бағышталды. Жалпы, іс-шара көптің көңілінде, көреген жандардың көкейінде қалатындай жоғары деңгейде өтті. Ол да болса аядай ғана ауылдың ынтымағы мен бірлігінің елге үлгі бола алатындай екендігін танытты. Ел ағалары Ақсүмбе ауылының ардақты азаматтарына ақ батасын жаудырып, шексіз алғыстарын білдірді.

 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ

Түркістан облысы

 

...ой қозғайды

Қазақ неге саяхаттамайды?

Өскеменнің қазағы өмір бойы Ақтауды көрмей кетуі, Қостанайдың қазағы ешқашан Таразды көрмей кетуі мүмкін. Оралдың қазағы өмір бойы Талдықорғанды көрмей кетуі ықтимал. Қазақ арасын қалай жақындатамыз? Ішкі туризмді қалай дамытамыз? Тікелей қалааралық рейстерді неге ашпаймыз? Шымкент – Семей, Атырау – Павлодар деген рейстер жоқ, міндетті түрде Алматы мен Нұр-Сұлтан арқылы ұшуға мәжбүрміз.

 Қазақты құдалық қана емес, саяxат та жақындастырсын деген ниет қой.

 

Самат НҰРТАЗА

 

...ризашылығын білдіреді

Ауылына спорт алаңын салып берді

Жерлестерінің чемпион болғанын қалайтын қалталы азамат өз қаржысына спорт алаңын салып берген болатын.

Жеке кәсіпкер Мәулен Шапанбайұлы Мұқашев Мұқыры ауылында дүниеге келген. Ол Елбасы мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасына қолдау ретінде әрі жерлестерінің арасынан чемпион шықсын деген ниетпен спорт алаңын сыйға тартты. Ауылдағы спорт нысанында футбол, баскетбол, волейбол мен теннис алаңдары бар. Футбол мен волейбол алаңы 42/22 метр, баскетбол мен теннис алаңы 30/22 метрді құрайды. Мұнда әр тұрғынның спортпен айналысып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндігі бар.

«Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де атамекен – алтын бесігін бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептеуі тиіс. Өйткені адам бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды», – деді жеке кәсіпкер Мәулен Шапанбайұлы. Ауыл тұрғындарының алғысына бөленген жаны жомарт азаматқа халық құрметпен тұлпар мінгізіп, иығына зерлі шапан жапты.

 

 

Самал ҚАБЫШЕВА

Алматы облысы