• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Маусым, 2019

Қыз Жібек шәкірттерімен Ақ Жайыққа келді

407 рет
көрсетілді

Қазақстанның халық әртісі, театр және кино майталманы Меруерт Өтекешева Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде өзі ұстаздық ететін актер шеберлігі және режиссура кафедрасы студенттерін ертіп, Батыс Қазақстан облысына келді. Университет студенттері қойған «Sol bir kez» атты музыкалық спектаклі Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық театрының сахнасында аншлагпен өтті.

Шығармашылық сапармен туған топырағына келген өнер жұлдызын Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қабылдап, құрмет көрсетті. Өңір басшылары келер жылы әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің түсірілгеніне 50 жыл болатынын еске алып, сахна қайраткерінің бастамаларын әрқашан қолдайтынын айтты.

Айта кетейік, Меруерт Қаратайқызының шәкірттерінен құралған топ алғаш рет алыс сапар-гастрольге шығып, Орал театрының кәсіби сахнасында тұңғыш рет өнер көрсетіпті.

- Бізді құшақ жая қарсы алып, құрмет көрсетіп жатқан облыс басшыларына, көрермен қауымға мың да бір рахмет айтамын. Бұл біздің тұңғыш сапарымыз. Өзімнің баулыған балаларым небәрі екінші курста болса да гастрольге шығып, ойын көрсеткеніне қуаныштымын. Бұл балалар өнерді өте сүйеді, күн сайын дайындалып, университеттен шықпайды. Демалыста да, мейрам күндері де тыным таппайды. Өнердің жолы қиын жол екенін қазірден сезініп жүр. Болашақты уақыт көрсетеді ғой. Біздің балалардың «өз алдымызға театр ашсақ» деген де арманы бар, - дейді Меруерт Өтекешова.

Астаналық өнер университеттері шәкірттерінің тырнақалды туындысын оралдық көрермен өте жылы қабылдады. Бір сыныпта оқып, жастық шақтың бал қызығын бірге кешкен бір топ жастың өмірін суреттейтін көңілді қойылым әсем әнге, әдемі қимыл-қозғалысқа толы екен.

Меруерт Өтекешова мен 17 шәкірті Батыс Қазақстан облысының Қазталов пен Жаңақала, көршілес Атырау облысының Индер және Махамбет аудандарын аралап, қойылым көрсетпек.

Батыс Қазақстан