Бейсенбі, 14 наурыз 2013 2:35
Алматы қаласындағы Ұлттық баспасөз клубында еуропалық адвокаттар доктор Габриэль Лански, заңгер-дипломат Анна Цайтлингер және магистр Норберт Хазльхофердің қатысуымен «Рахат Әлиевтің қылмыстық ісіне» байланысты Венаның Федералдық Жоғарғы жер сотының соңғы шығарылған қаулысы мен аталмыш істің бұдан әрі өрбу үдерісіне қатысты баспасөз мәслихаты болды.
Бейсенбі, 14 наурыз 2013 2:35
Алматы қаласындағы Ұлттық баспасөз клубында еуропалық адвокаттар доктор Габриэль Лански, заңгер-дипломат Анна Цайтлингер және магистр Норберт Хазльхофердің қатысуымен «Рахат Әлиевтің қылмыстық ісіне» байланысты Венаның Федералдық Жоғарғы жер сотының соңғы шығарылған қаулысы мен аталмыш істің бұдан әрі өрбу үдерісіне қатысты баспасөз мәслихаты болды.
Бүгінгі таңда «Рахат Әлиев ісі» Австрия құқық қорғау қызметіндегі ең қомақты да аса шытырман қылмыстық іс ретінде қозғалып отырғандығын баяндай келе еуропалық қорғаушылар аталмыш іспен 2011 жылдан бастап Вена прокуроры, арнаулы заңгер мамандар мен полиция қызметкерлері, прокурорлық қолдау топтары бірлесе айналысып жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, Вена қаласының Федералдық Жоғарғы сотының 17.12.2012 жылғы шешіміне сай «Жоғарғы сот Р.Әлиевтің бопсалау және қылмыстық жолмен тапқан ақшаны астыртын шетел асыру үшін қылмыстық ұйымдасқан топ құрғандығы және оны басқарғандығы жөніндегі айыптауды растайтынын; Жоғарғы сот «Нұрбанк» ісі бойынша қазақстандық тергеу қорытындысын және осы іске байланысты шығарылған қазақстандық үкім мен жәбірленуші Армангүл Қапашева мен Әбілмәжін Ғылымовтың берген дәлелдерін заңды деп тапқандығын; сондай-ақ, Жоғарғы соттың пікірі бойынша Р.Әлиевтің саяси мәлімдемелері одан қылмыстық жауапкершілікті алып тастай алмайтындығын; Вена қалалық прокуратурасының Р.Әлиевке қатысты жүргізген жеке тергеу-анықтау ісі айыпталушыға деген күдікті күшейтетіндігін және аталмыш қылмыстарға тікелей қатысы бар екендігіне сендіре түсетіндігін» хабарлады.
Баспасөз мәслихатында Еуропа жерінде бой тасалап жүрген Рахат Әлиевтің қазіргі таңда өз тегін өзгертіп Рахат Шораз атанғанына қарамастан, оған қатысты қылмыстық істің қалыңдағаны және бұл қылмыстық топқа қатысы бар жаңа деректердің анықталып жатқандығы баяндалды. Мәселен, Рахат Әлиевтің сенімді өкілі әрі қорғаушысы болып жүрген Кристиан Лескошектің үйіне, заңгерлік кеңсесі мен ол қызмет еткен ірі коммерциялық компанияларға Австрия құқық қорғау қызметі 2012 жылдың жазында жүргізген тексеріс барысында Қазақстан аумағынан Еуропа жеріне 112 миллион еуроның белгісіз мақсатта аударылғандығы анықталып отыр. Одан өзге К.Лескошектің көптеген халықаралық компанияларға тікелей қатысы бары және ол арқылы Р.Әлиев пен оған жақын адамдардың аталмыш коммерциялық құрылымдардың қаржылық құралдарына еркін қатынаса алатындығы, сол арқылы бүгінгі күнге дейін Кристиан Лескошек заңсыз қаражаттармен Рахат Әлиевке қаржылай қолдау көрсетіп келгендігі жөнінде іс қозғала бастады. Осыған орай Венаның Федералдық Жоғарғы жер сотының үш бірдей кәсіпқой соттары: доктор Досталь, магистр Бруцек және магистр Хайндль бірлесіп Вена прокурорының Рахат Шоразға (Әлиев) қатысты 2010 жылғы 29 маусымда қозғаған Қылмыстық кодекстің 153, 165-баптарына сай шығарған қаулысы өз күшінде қалатынын және 2012 жылдың 28 маусымында Кристиан Лескошектің мүлкіне тінту жүргізуге қатысты күдікті тараптың түсірген арыз-шағымын негізсіз деп табу жөнінде шешім қабылдады.
Еуропалық қорғаушылар Австрия жеріне бас сауғалаған Рахат Әлиев пен оның жақтастары өздерінің үстінен қозғалған қылмыстық іске саяси астар беруге тырысу арқылы уақыт ұтқаны және сол арада Австрия азаматтығын алумен қатар, сол елдегі түрлі саяси топтардың өкілдерін сатып алғандығы, сондай-ақ үлкен қаржының күшімен әлгі сыбайлас топтың тергеу-анықтау ісіне көп кедергі келтіргені де айтылды. Германия Федеративті Республикасының бұрынғы Ішкі істер министрі, қазір Берлиндегі «Тағдыр» қорының өкілі доктор болып жұмыс істейтін Отто Шили Венада жасаған мәлімдемесінде: «Бұл күнде қылмыскер Рахат Әлиевті қамауға алу туралы мәселе әбден пісіп-жетілді. Бүкіл Еуропа кеңістігін шулатқан «Әлиев ісі» Еуроодақтың комиссары Вивиан Рединг пен Еуропарламенттің құқық жөніндегі комитетінің төрағасы Клаус-Хайнер Лененің жіті назарында екендігін алға тартамын. Күдікті Р.Әлиев мынадай ауыр қылмыстарымен Германияда да, Францияда да, Ұлыбританияда да еркіндікте жүруге хақысы жоқ», деді. Еуропалық құқық қорғау ісінің білгірі айтқан осы сөздер қазақстандық қашқынның ісі тағы бір қадам алға жылжуына үлкен ықпал етіп отыр.
«Нұрбанк» топ-менеджерлерін ұрлап әкету және оларды азаптап өлтіруге қатысты қылмыстық істен өзге Р.Әлиевтің үстінен Вена прокуратурасы Анастасия Новикованың өліміне қатысты да істі тиянақты тексеру үстінде. Естеріңізге сала кетсек, Гүлшат Әлиеваға қатысы бар Бейруттағы көп қабатты үйдің терезесінен қазақстандық Анастасия Новикова дейтін Рахаттың көңілдесі белгісіз жағдайда құлап өлген еді. Сол кезде Новикованың өлімін Рахат «өзіне қол салған» деп Бейрут билігін сендіру арқылы іс қозғатпай тастаған еді. Осы қылмысқа қатысты Ливан полициясы қайтадан іс қозғап, жинақталған деректерді Австрия прокуратурасына табыстаған. Қазір тергеу-анықтау амалдары жүргізіліп жатыр.
2010 жылдан бері Германияның Крефельд қаласының прокуратурасы Рахат Әлиев пен оның «жаңа» отбасы мүшелеріне қатысты «заңсыз қаржы айналымын жүргізді» деген бап бойынша тағылған айыпты зерттеп, Мальта мен Люксембург банктері арқылы жасалған қаржылық операцияларды және басқа да коммерциялық келісім-шарттарды тиянақты сараптау үстінде. Қазіргі таңда Рахат Әлиевтің өзі Мальтада, ал оның сыбайластары Кошляк, Мұсаев, Имашев пен Сапожниковтың Австрияда екендігі еуропалық құқық қорғау қызметтеріне мәлім.
Венаның Федералдық Жоғарғы жер сотының жуырда шыққан шешіміне орай Рахат Әлиевке және оның құрамы 10 кісіден тұратын қылмыстық тобына қатысты Қазақстанда жасаған бопсалау арқылы бизнесмендердің мүлкін тартып алу, банкирлерді ұрлау және азаптап өлтіру, Қазақстан Футбол одағының қаражатын заңсыз иемдену, шетелдік қаржы институттары арқылы заңсыз қаржы айналымын жүргізу ісіне қатысты қазақстандық құқық қорғау орындарының шығарған үкімін нақтылап, бұл істе саяси астардың жоқ екендігі дәлелденіп отыр, дейді доктор Габриэль Лански.
Алматы қаласы Алмалы аудандық соты шығарған үкімді және қазақстандық тергеушілердің істі сауатты жүргізгенін айта келіп Габриэль Лански 2011 жылға дейін, яғни жоғалған банкирлердің денесі табылғанша Австрия прокуратурасы «Әлиев ісі» туралы нақты мәліметтерге қанық болмағанын алға тартады. Оның айтуынша Рахат Әлиев Австриядағы Қазақстан елшілігінде қызмет ете жүріп, Вена қаласына көптеген инвестиция салған және сол арқылы еуропалық саяси орта мен қоғамда өзінің жағымды келбетін қалыптастыруға алдын-ала күш салған. Тек австриялық құқық қорғау орындары бұл іспен тереңірек айналысу үшін қазақстандық жүздеген том құжаттарды неміс тіліне аударып, Еуропалық сот-медицина ісінің білгір маманы әрі Берлиндегі Шерите институтының профессоры Цоко мырза арнайы Алматыға келіп, банкирлердің мәйітіне қазақстандық мамандармен бірлесе отырып тиянақты зерттеу жасағаннан кейін Австрияның Рахат Әлиевке қатысты көзқарасы мен ұстанған позициясы мүлдем өзгеріп, Рахат Әлиев пен оның жақтастарына заң талаптары күшейтілген. Бүгінде жаңаша өрбіген «Әлиев ісіне» қатысты Еуропаның бұқаралық ақпарат құралдары әлемге жарыса ақпарат таратып жатыр.
Айталық, 2013 жылдың 16 ақпанындағы санында «Die Presse» газеті бірінші бетінде «Әлиев кісі өлтіргені үшін Вена сотында жауап беруге әзір» деген тақырыпты айқайлатып берген. Ондағы Венаның Федералдық Жоғарғы жер сотының Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Шораз (бұрын Әлиев) тарапындағы заңсыз ақша айналымы жөнінде күдік келтіруін айғақтаған эксклюзивті репортаж оның қорғаушыларын «сезікті секірер» дегендей, секемденуге мәжбүр етеді. Үстінен іс қозғалып жатқан Рахат Шораз «барлығы үшін жауап беруге дайын»-мыс, дейді адвокат Манфред Айнедтер. «Presse» басылымының: «Қазіргі уақытта Мальтада жүрген бұрынғы дипломат кісі өлтірді деген айып бойынша сот алдына баруға дайын ба?» деген сұрағына: қорғаушысы «Әлбетте» деген жауап қайтарады.
Газеттің одан әрі жазуынша, Рахат Шоразға қатысты «Media Quarter Marx» (MQM) медиа-орталығын құру жобасына мафиялық қаражатты инвестициялады деген күдік бар. Ол St. Marx-тің бұрынғы қасапханасының орнына салынған. Соңғы уақытта ORF телекомпаниясы да нақ осы ауданға (көрші телімге) орнығады деген сыбыстар жүріп өткендігі айтылып, бұдан басқа Р. Әлиев-Шоразға екі қазақстандық банкирді өлтірді деген күдік келтірілгендігін, алайда ол барлық айыптауларды жоққа шығарып отырғандығын қозғайды. Ал Р.Шораздың қазір Венада емес, Мальтада жүрген жағдайын Айнедтер былай деп түсіндіреді: «Ол онда жасырынып жүрген жоқ, тұрып жатыр». Шоразға жұмыс істейтін тағы бір адвокат Отто Дитрих кісі өлтіру жөніндегі айыптаулардың да, сондай-ақ арам ақшаны айналымға шығарғаны жөніндегі айыптаулардың да дәлелденбейтініне кәміл сенімді.
«Die Presse» 2013 жылдың 15 ақпанындағы бірінші бетінде «Венаның «Медиа Квартал «Марксінде» мафиялық ақша қайдан жүр?» деген сұрақты бас тақырыпқа шығарды. Мұнда соттың Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Шораздың мафиялық ұйымды басқарғаны туралы күдіктің нығайып отырғандығы жөнінде қаулы еткені айтылған. Шораз веналық «Медиа Квартал «Маркстің» инвесторы деп саналады».
Манфред Зее деген келесі бір автордың жазуына қарағанда, 2012 жылдың 3 шілдесі күні елең-алаңнан Федералдық қылмысты істер полициясы басқармасының қызметкерлері іске жауапты прокурор Беттина Валльнермен бірге веналық адвокат Лескошектің жеке пәтері мен кеңсе жайында тінту жүргізді. Тінту туралы қаулыға сәйкес бұл шараның мақсаты – ішінде шетелдегілері де бар, жалпы жиыны 15 фирманың «экономикалық меншік иесі кім екендігін» айғақтайтын ақпараттар мен құжаттарды табу.
Осы ретте A. V. MAXIMUS Holding AG. компаниясына назар аударылды. Бұл компания арқылы 2007 жылы Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, қазірде заңсыз ақша айналымында және бөтен дүние-мүлікті қымқыруда күдікті болып отырған Рахат Шораз (бұрын Рахат Әлиев) «Медиа Квартал «Марксті» (МКМ) қаржыландырған.
МКМ туралы айтылғанда, әңгіме Вена қаласының үлгілі-көрсетпелі жобасы туралы болады. Оның көмегімен Ст. Маркстің бұрынғы қасапханасының тарихи жерлері оларда әртүрлі БАҚ-тарды орналастыру есебінен пайдаланылуына қайтадан жол ашылуы тиіс-тін. Онда ОРФ телеарнасын орналастыру туралы ой-пайымдар болған. Бірақ енді бұл көкейкесті емес. Адвокат Лескошек Рахат Шораздың сенімді өкілі әрі іс басқарушысы ретінде әрекет еткен. Сондай-ақ, ол да заңсыз ақша айналымына қатысты қылмыстық істе күдікті ретінде тергелетін болады.
Жоғарыда көрсетілген тінтулердің негізінде екінші дәрежелі сот, атап айтқанда, Вена Федералды Жоғарғы жер соты прокуратура алға тартып отырған «Рахат Шораз және компания» тарапындағы айыптауларды сенімді, тіпті ішінара дәлелденген деп бағалайды. Вена Федералды Жоғарғы сотының 2012 жылғы 17 желтоқсандағы шешімімен адвокат Лескошектің тінтуге наразылық білдірген шағым арызы, былайша айтқанда, тас-талқан етілді», деп жазады «Die Presse» басылымы.
Австрия соты қарап жатқан қылмыстық істің ішіндегі ең шулысы әрі кісі шошырлығы әрине, «Нұрбанк» топ-менеджерлерін ұрлау және оларды азаптап өлтіру болып отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2007 жылы Рахат Әлиев өзінің сыбайлас достары Вадим Кошляк, Әлнұр Мұсаев және басқаларымен бірлесіп «Нұрбанк» менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлап әкеткен болатын. Аталмыш қаржы мекемесінің бас акционері болып табылатын Рахат Әлиев өзінің қарауындағы қызметкерлерді банк есеп-шотынан ақша жымқырды деген желеумен заңсыз тұтқындап, оларды қала сыртындағы өзіне тиесілі үйде қамап ұстайды. Бірнеше күн бойы ұрып-соғып, барлық дүние-мүлкін өзі ұсынған адамдардың атына жазып беруін талап етіп, тамырларына белгісіз дәрі егеді, ең соңында топ-менеджерлердің бастарына полиэтилен қапшық кигізіп тұншықтырып өлтірген. Бұл қылмыс тек 2011 жылы Алматы жанындағы Ремизовка ауданы маңындағы тұрмыстық қоқыс алаңына көмілген темір бөшкелер табылғанда ғана әшкере болды. Тергеу ісі жіптің ұшы Рахат Әлиевке барып жалғасқанын анықтап, артынша қылмыстық іс қозғап, нәтижесінде сот үкім шығарған еді.
Сонымен, Венаның Федералдық Жоғарғы жер сотының соңғы қаулысына орай еуропалық адвокаттар доктор Габриэль Лански, заңгер-дипломат Анна Цайтлингер және магистр Норберт Хазльхоферлер Еуропаны шулатқан «Әлиев ісі» өзінің нақты шешім қабылдар межесіне жетті деп есептейді және бұл пікірді Еуропаның әлемге хабар тарататын бұқаралық ақпарат құралдары да қызу қуаттап отыр. Соңғы сөзді Жоғарғы сот айтады дей отырып, қорғаушылар Әлиевтен жапа шегіп, түрлі дене жарақатын алған және мүлкінен айырылған 30-дан аса жәбірленушінің куәландыруларын, банк топ-менеджерлерінің мәйітін сараптай келе, олардың туыстары түсірген арыз-шағымның негізді екенін, күдіктілердің телефон биллингіндегі ақпараттардың банкирлер ұрланған күнгі жазбалары мен қылмыс жасалған жерден табылған бұлтартпас айғақтарды ескереді және әділ жазасын береді деп есептейді.
Рахат Әлиевтің кім екендігі оның ата-баба атынан, өз тегінен бас тартып, әйелінің атына көшуінен, сөйтіп Шораз болып шыға келуінен-ақ көрініп тұр. Бірақ енді Шораз тұрмақ Қораз атанса да қашқын қылмыскер әділ жазадан құтыла алмайды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
————————————-
Суретті түсірген
Юрий БЕККЕР.