Г. Әбдіқалықова азаматтардың борыш жүктемесін төмендету жұмысы Жарлықта көрсетілген нақты критерийлерге сәйкес болатынын атап өтті. Аталған шаралармен кепілсіз тұтынушылық несиелері бар азаматтардың барлығы қамтылмайды, мемлекеттің көмегіне аса мұқтаж жандар ғана қамтылады. Көмек көрсетілетін тұлғалар санаты:
көпбалалы отбасылар;
асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар;
мүгедек балалары бар отбасылар;18 жастан асқан, бала жасынан мүгедек адамды тәрбиелеп отырған отбасылар;
атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар;
жетім балалар;
ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айрылған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.
«18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар отбасылар көп балалы отбасы ретінде есептеледі. Базалар бойынша осындай отбасылардың несиелері бар-жоғы қаралады. Екінші – асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар. Бүгінде мемлекетімізде асыраушысынан айырылған 600-ге жуық отбасы бар. База бойынша банктермен келісілген түрде осы отбасылардың қаншасы несие төлеп отырғаны қаралады», деп түсіндірді вице-премьер.
Сондай-ақ ол банктер осындай отбасылардың несиесінің бар-жоғын анықтау үшін атаулы әлеуметтік көмек алушылар базасын қарайтынын атап өтті. Бүгінде 240 жуық отбасы АӘК алады.
«Олардың барлық деректері тіркелген. Сондықтан да аталған мәселе бойынша біз екінші деңгейлі банктермен кездесеміз. Әрине, олардың барлығы несие алмаған. Бізге олардың ішінен несие төлеп отырғандары мәлім болады, тағы да тексерістер жүргізіледі. Алдын ала деректер бойынша, мемлекет көмегіне аса мұқтаж әрі несиелері бар азаматтар саны 443 мыңды құрайды», деді Премьер-Министрдің орынбасары.Сондай-ақ ол осы қаржылай көмекті көрсету кезінде несиенің қандай мақсатта алынғанына қатысты ешқандай да тексеріс жұмыстары жүргізілмейтінін айтты.
«Несиенің не үшін алынғаны, ол қаражаттың қайда жұмсалғаны тереңінен зерттелмейді. Себебі, бұл әлеуметтік қолдауға мұқтаж, аз қамтылған азаматтар. Соңғы 2-3 айда біз облыстарда, елордада халықпен белсенді түрде кездесулер өткіздік. Көптеген азаматтар қабылданды. Аталған мәселені қозғаған кезде, бұл санаттың қандай да бір қымбат заттар, мәселен, айфондар, супер теледидарлар, жаңа техника сатып алмайтынын көрдік. Негізінен олардың азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, емделуге – тіршілікті қамтамасыз етуші ең қажетті нәрселерге, өнімдерге қаражаттары жетпейді», деді Г. Әбдіқалықова.