* * *
Республикаға белгілі журналист Совет Шиманбаев Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы әйгілі Қызыларай тауындағы Ақсораң шыңының етегінде туды. Қызыларай тауы атақты Кент, Қарқаралы тауларымен жалғасады. Алты алаштың арысы Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтің кіндік қаны тамған киелі өлке ғой.
Сәбең ауылға жиі келетін. Әке-шешесінің көзі барда Жіңішкеге ат басын бұруды бір сәт те ұмытпайтын. 1970 жылдың жазы. Бала кезіміз. Бір күні шай үстінде «Спорт» газетін қолына ұстап, оқып отырған Мағұз ағам:
– Советтің де ауылға ат ізін салатын мезгілі болып қалды-ау, – деді. Сөйтті де:
– «Спорт» газетіне мақаласы жиі шығып жүр, жақсы журналист, – деп бір қойды.
...Кейіннен бәрін де түсіндім. Тау бөктеріндегі Оспанғалы ақсақалдың жалғыз ұлы Совет көп кешікпей «Лениншіл жасқа» ауысты. Ағайым Мағұз рухани жан дүниесі бай адам болатын, газет-журналдарға көптеп жазылатын. Мен де құмарлана оқимын. Арманым журналист болу. «Лениншіл жастан» «Бұл күнде Тимур тренер» деген үлкен очеркті оқыдым. Авторы Совет Шиманбаев, қызықпай гөр. Көп кешікпей «СҚ»-ға ауысыпты, тағы бір тартымды очеркін оқыдым. Тақырыбы «Гималайдың күн сүйген шыңдары бар». Менің асыл ағамен жақындығым осылай басталған-тын.
Оспанғалы әкеміз, сол үйдегі Рысбала анамыз бар жиған-тергенін сақтап қояды. Жаз ортасында Совет ағаның отбасымен елге келуі дәстүрге айналған. Бірде Совет ағаның келгеніне өзім куә болдым. Мағұз ағаммен бірге ауылда қарсы алдым. Жақын келіп сәлем бердім. Аққұба өңді, әдемі жігіт ағасы, сұлу, көркем көрінді маған. Анам Сақан, жеңгеміз Күләш Советке деп сақтаған семіз қойын сойып, басын үйтіп, қонаққа шақырды. Сол күні Совет ағаның оң жағында отырып, біраз сүйсіндім, қанаттандым. Мағұз ағам екеуі замандас еді, ұзақ әңгімелесті, сырласты.
Ол 1938 жылы дүниеге келген.
Бір кездері алақандай Ақтоғайдан шыққан бес журналист-ақын бір мезетте «Егемен Қазақстанда» істеді. Олар: осы Сәбең, Дәуітәлі Стамбеков, Абзал Бөкен, Серғазы Мұхтарбеков, меншікті тілші Бағдат Мекеев еді. Олардың барлығы да Сәбеңді аға тұтты.
* * *
Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы болып аяқастынан тағайындала қалдым. Бұрын бас редакторлыққа талас-тартыс шиеленісті болатын. Орын бос тұр, ұсынды, келістім. Көп ұзамай Совет аға келді Алматыдан. Кабинетімде бірінші болып құттықтады. Екінші бір арнайы келіп құттықтаған оқымысты ағам Төлеуқадыр Тоқтамысов еді.
– Қоғамды түзеймін деп күйіп кетіп жүрме. Билік те, газет те ұстараның жүзі, абай бол. Газетің жақсы болуы үшін талантты журналистерді жаныңа жина, жақын тарт, – деді.
Ағаның айтқан ақыл-кеңесін шама-шарқым келгенше істеуге тырыстым.
* * *
Ағаның беделі таудай болды. Жарықтық, «СҚ»-ның арқасы ғой деп отыратын. Өзі де көпшіл, ашық-жарқын еді. Жазған көсемсөздік материалдарын кітап етіп шығарды. Әкесі Оспанғалы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жұртшылық Шимекеңді Тоқырауын Ақ бидайының атасы дейтін.
Мектепті бітіргеннен кейін Ақтоғай аудандық «Қызыл ту» газетіне түрлі тақырыпта мақала жазады. Осы газетке қызметке қабылданады, кітапханашы болып еңбек етеді. Арман қуып Алматыға келеді. Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, ойдағыдай бітіріп шығады. Сөйтіп журналистік еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінен бастайды. Жақсы аға спорт тақырыбында түрлі-түрлі мәселелерді көтерді, ауыл спортының жандануына баса назар аударды. Өзі де спортпен үнемі, ұдайы шұғылданатын. Ал 1960 жылдардың соңына таман «Лениншіл жас» газетінің сол кездегі бас редакторы, қоғам қайраткері, белгілі жазушы Шерхан Мұртаза Совет ағаны өз редакциясына шақырып, спорт бөлімін басқаруды ұсынады.
* * *
Ақтоғайдан шыққан тұңғыш кәсіби журналист Совет Шиманбайдың есімін есте қалдыру үшін нендей әрекет жасалып жатыр? Әзірше, түк те жоқ. Біздің патша көңіл айтады. Сәбең еңбек жолын кітапханашы болып бастады ғой. Олай болса аудан орталығындағы, немесе Шабанбай би ауылындағы кітапханаға Совет Шиманбай есімі берілсе тіптен жарасып-ақ кетер еді. Бұл ұсынысымызды аудандық мәдениет саласының басшылары қолдайды, назардан тыс қалдырмайды деген ойдамыз.
Шабанбай би ауылы Сәбеңнің кіндік қаны тамған атақонысы. Ел арасынан шыққан осындай жақсы мен жайсаңдарды осы тұрғыда есте қалдыра аламыз.
Сәбең әр жылдары «Егемен Қазақстанның» басшысы болған Сапар Байжанов, Көрік Дүйсеев, Әбіш Кекілбаев, Сарбас Ақтаев, Нұрлан Оразалин, Ержұман Смайылов, Жанболат Аупбаев секілді аға-інілерін құрметпен атап отыратын. Айтыс-тартысқа мүлде араласпайтын.
– Сәбеңмен құрдас едім, сырлас едім, ақкөңіл болатын. Сонау 1960-жылдарда бір үзім нанды бөліп жедік. Қолы қалт еткенде елдегі әке-шешесіне тартып кететін. Туған ауылы Ақтоғайды өте-мөте ыстық көрді. Асқақтата мақтаудан жалықпайтын. Шынында да Ақтоғай мақтауға тұрарлық өлке ғой, – деп шат-шадыман күй кешетін журналистиканың тарланбозы Нұрмұхан Оразбеков ағамыз.
Сәбең елге келген сайын халқына еңбегі сіңген аяулы ағасы Мәкәрім Нұржігітовтің қара шаңырағына қарай міндетті түрде ат басын бұратын, сәлем беріп, мауқын басатын. Ағалардың жарасымды әзілдеріне сан мәрте куә болдық.
– Совет-ау, ана жазғыш, қаламы жүйрік Нұриддин Муфтах құдамызды ауылға бір алып келсеңші, әңгімелесейік, сый-құрмет көрсетейік, әділет жолында жүрген жігіт қой, жазғаны ұнайды, – деп отыратын.
Сәбеңнің үйіндегі жеңгеміз батыстың қызы болатын. Қарымды журналист Нұриддин ағамыз да батыстан. Сәбең бұл тұрғыда абыз жазушы, ғұлама Әбіш Кекілбаев, талантты ақын Жұмекен Нәжімеденов, атақты фотожурналист Сиез Бәсібековпен қадірлес, сыйлас болды. Оны да көзіміз көрді.
Бір кездері алақандай Ақтоғайдан шыққан бес журналист-ақын бір мезетте «Егемен Қазақстанда» істеді. Олар: осы Сәбең, Дәуітәлі Стамбеков, Абзал Бөкен, Серғазы Мұхтарбеков, меншікті тілші Бағдат Мекеев еді. Олардың барлығы да Сәбеңді аға тұтты.
Бірде Алматыдан телефон соқты.
– Сен, «Орталықтың» Балқаштағы меншікті тілшісі емес пе едің, біздің сол өңірдегі тілшіміз Мағауия Сембаев облыстық газетке бас редактор болып кетті. Өзі Қарқаралының жігіті, дұрыс бала, – деп жүрек лүпілін жеткізген-тін.
Сол «дұрыс баламен» аралас-құраласқанымызға да жиырма жылдан асып барады.
* * *
Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар Шиманбайдың Советі жайлы қысқаша айтпағымыз осы еді. Қадірлес ағаның бақиға кеткеніне біраз болды. Тағдырдың жазуына не шара, жеңгеміз Гүлім де келмес сапарға кетті. Соңында Арын, Арғын есімді ұлдары қалды. Өмірінің жалғасы – немерелері өсіп жатыр.
«Мен ғой, Шиманбайдың Советі», деген биязы үнін әрдайым сағынып жүремін.
Келмеске кеткен асыл ағалар-ай!
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Қарағанды облысы
Суретте: журналист Совет Шиманбай өмірлік жары Гүліммен бірге.