• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Маусым, 2019

Апат болған қаладағы ағайын үйлеріне оралады

400 рет
көрсетілді

Арыстағы апатқа төртінші күн. Елдігіміз сынға түскен, сыналған ауыр күндердің аяғы көңіл демеген жаңалыққа ұласып келеді. Ақмешітке жиналған арыстық ағайынның жанайғайын, мұң-зарын, талап-тілегін ескерген өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев «эвакуацияланған тұрғындарды Арыс қаласына қайтып көшіреміз», деді.

Алла үйінің алдындағы аға­йын­ның күпті көңілі орнына тү­сіп, қол шапалақтай жөнелді. Қарт аналар «ауылға қайтамыз», де­­генді естігенде шылауышта­рын бір сулап алды. Тоғыз жол­дың торабынан нәпақасын тауып, ұр­пағын асырап отырған отбасы қан­шама?! «Туған жердей жер қай­да? Туған елдей ел қайда?», де­дік мына бір әсерлі сәтті көріп тұрып.

Ұйқы ұрланып, уайым көбей­ген осы 3-4 күннің ішінде ел ты­ныш­тығына сызат түсіріп, қант­тай тәтті татулықты бұзғысы кел­ген­дер де аз болған жоқ. Тар жер­де ертоқым сұрап, топалаңда то­қаш ұрлағандар туралы сөз шы­ғын етпейік. Іздегені дау, тіле­гені арандату екенін сезген отандастар да ниеті бөтеннің жетегіне елп етіп еріп кетпеді.

Ел мен жер иесіз емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет пен жергілікті билік өкілдері осы қиын күндерде жар құла­ғы жастыққа тиген жоқ. «Халық­қа болсын», деп еңбек етті. Ал қайырымдылық қанында бар қара орман халықтың арыс­тықтарға жасаған жақсы­лығын жаз­саңыз, күн ұзақ қисса болар. Ешкімге есеп бермесе де, ағайын­ның амандығы үшін істеліп жат­қаны көзге көрініп тұр.

«Арыс қару-жарақтан толық­тай тазартыла ма?», деген сұрақ осы күндерде ағайынның санасын сан-саққа жүгіртті. Шиет­тей бала-шағасымен арсенал жай­лаған Арысқа көшіп барғысы кел­ме­ген­дер де бар арасында. Бі­рақ жағдай сіз бен біз ойла­ған­дай емес. Оның жауабын Шым­кент­тегі лагерьлерден емес, Арыс­тың іргесіндегі Ақжол ауы­лын­да орналасқан жедел штаб­тан сұрап білдік. Мұнан бы­лай­ғы әңгіме­ні сол жа­рылыс бол­ған аймақ­­тағы же­дел штабтан тарқатып айтайық.

Саперлерге сенеміз

27 маусым. Апатты аймақ­тың айналасы Отан алдындағы міндетін адал атқарған әскери­лерге толы. Жарылыста отала алмай қалған оқ-дәрілерден Арысты тазарту бойынша еңбектеніп жатыр. Қорғаныс министрлігінің 43 топ құрамындағы 408 сапері әскери бөлім аумағындағы, темір жол стансасы мен көшелерді тазалаған. Нәтижесінде 5700-ден астам әскери снаряд табылып, арнайы техникамен көші­руге да­йындалған. ІІМ жеке құра­мы­ның 1488 адамы және 189 бірлік техникасы аймақты тазалау үшін тырбанып жатыр.

Арыс Азия мен Еуропаны тұтастыратын шойын жолдың торабы болғандықтан темір жол­дың іркіліссіз қозғалысын қамта­ма­сыз ету үшін инженерлік техни­ка­­лар жұмылдырылуда. Шаһар­­дағы 11 шақырым темір жол тө­семі мен 16 учаскесіндегі бар­лық көше тазартылды. Қорғаныс ми­нистр­лігімен бірлесе, жеке және көпқабатты үйлерді тазалау жұ­мыстары жүргізілуде.

Күні кеше Арысқа екі рет барып қайттық. Штабтағы адам­дардың жүздері тотығып, көз­дері қызарып ісінген. Бірақ күр­сініп, күңіренген ешкім­ді көр­медік. Есесіне қауіпсіз­дік ша­раларын күшейте түс­кен отан­қор­ғаушыларды кездес­тір­дік. Олардың да ойлағаны елдің тұтастығы, ағайынның амандығы. Олар да елді дүрліктірген апатты оқшаулап, отбасына, өз базаларына қайтқысы келеді.

Арыс 17 секторға бөлініп жөнделмек

Қысқа уақыт ішінде облыс әкімдігі жанындағы «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы ашылған есеп­шотқа 721 миллион теңге­ден астам қаржы жиналды. Алда бұл көрсеткіш өсе түспек. Себебі жомарт жүректі, ізгілікке жаны құмар жандар «Арыстағы ағайыннан аянып қалмаймыз», деп отыр. Теңізге құйған тамшыдай бұл қаражат түгелдей Арысты қайта қалпына келтіруге жұмсалады. Аймақтағы жағдай, қаланы қайта жөндеуден өткізу мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев­тің жіті назарында. Өңір басшысының айтуынша, шаһар шартты түрде 17 секторға бөлі­ніп, жөндеуден өтпек.

«17 сектор 17 өңір әкімдігіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөліп берілді. Әрбір облыстан 10 бригададан, жалпы саны 1500-ден астам құрылысшы келіп, жөн­деуді бастайды. Облыстың өкіл­дері бекітілген секторларды аралап, тиісті жұмыстарға кіріс­ті», дейді Түркістан облы­сы­ның әкімі.

Яғни әрбір секторға 17 аудан-қала әкімі бекітіліп, олардың әр­қайсысының жанында 40 жауап­ты қызметкер қолқанат бол­мақ. Жауапты өкілдер жұма күні тұрғындар қалаға кіргенде үй­леріне орналастырады. Осы­лайша эвакуациялық пункттерде орналасқан 13187 адам (Шым­кент қаласында – 7249, Түркістан облысының аудандары мен қала­ларында 5938 адам) туған қа­ласымен қайта қауышпақ. Ата-анасынан, туыс-туғанынан уақытша айырылған ағайын бір шаңырақ астында бас қоспақ.

Сонымен қатар арнайы топ әрбір баспананың, әлеуметтік нысанның зақымдануын фото-видеоға түсіріп, актілер жасаумен айналысады. Осыған дейін қорғаныс саласының мамандары қаланы жарылғыш оқ-дәрілерден толықтай тазартып шықпақ.

Мұнан бөлек, Жамбыл облысынан тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттер сапасын бақылау де­пар­таментінен және өзге де залал­сыз­дандыру орталықтарынан жал­пы саны 30-ға жуық маман кел­ді. Ал Қызылорда облысынан ұлт­тық сараптама орталығының осы өңірдегі филиалынан 17 ма­ман келсе, өзге де осы салаға жауап­­ты мамандар залалсыздандыру жұ­мыстарын бастап кетті. Бұл бри­г­ада­лардың бәрі техникамен, қа­жет­ті құрал-жабдықпен, қамтылған.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәлімет бойынша, 277 адам медициналық көмекке жүгініп, 74-і ауруханаға жатқызылған. Қазіргі уақытта бар­лы­ғының денсаулығы бір­қа­лып­ты. Өкініштісі, апат салдарынан 3 азамат қаза болды.

МДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз «Ақ мешіт» құлшылық үйінде Арыстағы әс­кери бөлімде болған жарылыс­та шейіт кеткен азаматтың жаназасын шығарды.

Береке берген сайын еселенер

Арысқа 14 облыс пен респуб­ли­калық қалалардан, аудан-ауылд­ардан гуманитарлық көмек ағылып жатыр. Қайырым­ды­лықпен қатар қазақтың дар­қандығы, мейманқостығы, кеңдігі уақытша лагерьлердегі қамкөңіл ағайынға дем бергендей. Біз бас сұғып, хал сұраған лагерьдегі арыстықтардың кез келгені «Айналайын, халқым, көлдей көңілдеріңізге рахмет!», деп ағынан жарылуда. Қоржыны тоқ кәсіпкерлер де жақсылық жасап, мәрттік танытып жатыр. Алды 200-ден, соңы 5 миллионнан әкімдік есепшотына қаржы аударды. Арыстықтардың басына түскен қиын жағдайға алаңдаушылық білдірген ел азаматтары осылай көмек қолын созуда. Еліміздің өңірлерінен келіп жатқан гуманитарлық көмек­тер қаншама?! Қазіргі таңда Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Алматыдағы отан­дастарымыздың жіберген түр­лі материалдық заттары Шым­­кент қаласы, Ынтымақ шағын ­­ау­да­нын­дағы сауда-логис­тика­лық орталығы мен «Нұрсәт» шағын­ауданындағы «Көрме» орталы­ғына жеткізілген. Гума­ни­тар­лық көмектерді қабыл­дайтын бекет­тер тәулік бойы жұмыс істеуде.

Апаттан зардап шеккен жұрт­қа гуманитарлық көмектен тыс жылы сөз бен психологиялық көмек те қажет-ақ. Күні кеше Шымкентке арнайы келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Камалжан Надыров қала­лық клиникалық ауруханадағы апаттан зардап шеккендердің жағдайымен танысты. Ағайынды сабырға, ел болып қиындықты бірге еңсеруге шақырды. Сондай-ақ Үкімет мүшелері қалалық балалар ауруханасында жатқан сегіз жастағы баланың жағдайын білді. Операциядан соң Алматыдан арнайы келген реаниматолог пен нейрохирург баланы қарап шықты. Республикалық өнер ұжымдары мен Шымкенттегі цирк арыстықтардың көңілін көтеріп, қойылым ұсынды. Өнер жұлдыздары да елмен бірге екендіктерін көрсетіп, уақытша лагерьлерде көшпелі концерт қойып, көмектерін аяп қалмады.

P.S Ақжол ауылы, Жамбыл атындағы орта мектептегі арнайы штабта Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Еңбек және халықты қорғау министрі Б.Сапарбаев, Бас санитар-дәрігер Ж.Бекшин, Қорғаныс министрінің орынбасары Б.Құрманбаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаевтың қатысуымен өткен брифингтің қорытындысында «Ертең сағат сегізден бастап қала ашылады. Сағат таңертеңгі алтыдан бастап автобустар келе бастайды», – деді өңір басшысы Ө.Шөкеев.

Төрт күн ішінде Арыстағы ағайынды алысым демей, құша­ғын жая қарсы алып, ас-ауқатын дайындаған аудан-қала тұр­ғын­­дары мен жергілікті билігіне арыстық азаматтардың құр­меті өзгеше.

АРЫС – ОРДАБАСЫ – ШЫМКЕНТ