• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Шілде, 2019

Күлтегіннің күмбірін жеткізген

1152 рет
көрсетілді

Азаттықтың ақ таңы арайлап атып, сан ғасырлар бойы хал­қымыз аңсаған тарихи қуа­ныш­ты сәтпен қауышқаннан кейін тәуелсіз республикамыздың негізін қалап, көк туын желбіреткен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан сан салалы реформаны жүзеге асыруға жұмыла кірісіп, егемендіктің жауап­кер­шілігін жүрегімен сезініп, тоқсан батпан ауыр жүгін қара нардай арқалап, қоғамдық ой-санаға қозғау салатын зерделі де қайсар тұлғалардың қажеттілігі, шынын айтқанда зәрулігі біліне бастады.

Жарты әлемді уысында ұстаған империя күйреп, қоғамдық формациялар алмасып, экономикалық-әлеуметтік дағдарыс шиеленісіп, көрші елдерде соғыс өрті, бүлік-қақтығыстар бел алып жатқанда буыны бекімеген тәуелсіздігімізді қор­ғап қана қоймай, алға жылжытып, мем­лекетіміздің әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алуына, Отанымыздың қай­та түлеуіне күш-жігерін арнаған Пре­зидентіміздің қасынан табылып, сенімді серігі болуға жараған қазақ элитасының сол кезеңдегі ауызбірлігіне, ынтымағы мен парасатына риза боласың.

Бәріміз білетін мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков сол үркердей шоғырдан көрінген дарабоз тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі болды. Тәй-тәй басқан тәуел­сіздікпен бірге ұлтымыздың рухани жаңғыру, өз тамырына оралу құбы­лысы сол кезеңдерде серпіле басталып кет­кені бүгінгі биіктен қарағанда анық байқалады. Ұлттық салт-дәстүріміз жаң­ғырып, Наурыздың қайта тойлануы, атын атауға мүлде тыйым салынған хан­дар мен билеріміз, батырларымыз бен даналарымыздың есімі елімен қауы­шып, олардың аруағына тұңғыш құран бағышталып ас берілуі, репрессияға ұшыраған Алаш зиялыларының ақталуы, мұраларының жариялануы, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, шетелден қандастарымыздың атажұртқа оралуы секілді руханиятымыздың өрлеуіне негіз болған іс-шаралар жемісті жүзеге асты. Осынау игілікті істердің басы-қа­сында Президенттің алғашқы коман­дасында болған тәжірибелі де, білікті, әрі тегеуірінді бір топ қайраткер болды. Солардың арасында Мырзатай Жолдасбеков жаңа құрылып жатқан мемлекетіміздің идеология саласын басқарып, айрықша екпінді әрі та­банды еңбек етті. Нақ осы тұста Мырзатай Жолдасбеков өзін нағыз мемлекетшіл, ұлтжанды азамат екенін танытты. Бұрын Мырзатайды білгір ұстаз, талантты ғалым деп біл­сек, тәуелсіздіктің елең-алаң кезінде өресі биік қайраткер ретінде көрдік.

Сондай қыруар мемлекеттік жұ­мысты атқара жүріп, өзінің ғалым­дық міндетін де ұмытқан емес.

Қазақ әдебиеттану ғылымында сөз өне­ріміздің даму табиғаты, түпкі негі­зі, бүгінгі күнмен сабақтастығын дәйек­тілікпен талдап, ой-санамызға түбірлі бетбұрыс жасаған қадау-қадау еңбектер бар. Сондай бірегей еңбектің бірі ме­нің әріптесім, профессор Мырзатай Жолдас­беков­тің еншісіне тиесілі. Оның Орхон ескерткіштерін сөз өнеріміздің бастау көзі екенін тұңғыш дәлелдеген ізашар туындысы аса бағалы. Ол осынау еңбегі арқылы советтік идеологияның кесірінен әдебиетіміздің тарихын бертінгі Бұқар жыраудан бастап жүрген қағиданы өзгер­тіп, рухани ерлік жасағанын бүгінгі ұрпақтың қаперіне қайта сала кету артық болмас. Осылайша әдебиетімізді дәуірлеудің қисыны түбегейлі өзгеріске ұшырады, әдеби-мәдени ұлы мұрамыздың жасы он екі ғасырға тереңдеді.

Сөйтіп Мырзатай Жолдасбеков ұлт­тық санамызға сәулесін түсіріп келген қаһармандық эпостарымыздың бас­тау арналары – Орхон мәтіндерінде бар екенін алғаш айқындап, жүйелі ғылыми тұжырымға айналдыра білді. Бұл жолда Мырзатай Жолдасбеков өзін жас та болса терең білімді, ежелгі тарих пен мәдениеттің білгірі екенін де көрсете алды. Орхон ескерткішін жан-жақты зерттеп, оның бір жағынан әдебиет үлгілері екенін, екінші жағынан, тарихи оқиғаларын нақтылап, Түрк қағанатының қалай құрылғанын, оны кімдер, қашан басқарғанын анықтады. Алғаш рет түрк қағандарының династия­сын айқындайды. Олар: Бумын қаған, Естемиқаған, Мұқан қаған, Таспар қаған, Құтлық Елтеріс қаған, Қапаған қаған, Білге қағандар болатын. Орхон мәтіндері тарихи әрі әдеби шығарма екенін айшықтап көрсетті. Ғалым Орхон жырларындағы эпостық сарындар, мақал-мәтелдер, теңеулер мен эпитеттер, шендестіру мен метафоралар секілді көптеген поэтикалық көркемдеуіш құралдардың қазіргі қазақ әдебиетінде дәстүр сабақтастығы тамаша сақталғанын ауқымды үлгілерді салыстыра талдап, тиянақты дәлелдеп берді. Көне жырды толғаушы жыраудың тек қана поэ­зия ғана емес, ара-арасында ырғақты қара сөз де кіріктіргенін, бұл эпикалық мұраға тән қолданыс екенін орынды тұ­­жырымдады. Байырғы түркілердің ата­қоныс мекенін, өмір сүрген жер аумағын, көршілес елдермен болған алуан түрлі, сан салалы қарым-қатынасының маңызына, сипатына кеңірек тоқталады. Әсіресе түркілік танымдағы қасиетті Жер-су ұғымы, Өтүкен алқабының киесі, Тәңір, Ұмай культі туралы, бабаларымыздың отансүйгіш қасиеті, мемлекетшілдік санасы туралы байыпты пікір айтады. Күлтегіннің мінген тұлпарларын Қобыланды, Алпамыстың сәйгүліктерімен салыстыруы да – атбегілік өнеріміздің арғы ғасырлардан жалғасқанын айғақтайтын сарабдал түйіндер. Түркілердегі елдік ұғым, мемлекетшіл сананың ерте замандарда берік қалыптасқанын айта келе ғалым «Елді халық едім, елім қайда, қағанды халық едім, қағаным қайда?» деген ұранның ғасырлардан ғасырға ұласып, түрк ұрпағының сөнбес шырағына айналғанын Білге қаған, дана Тоныкөк бастаған ерлердің жанкешті күресі арқылы оқырманның санасына ұялатады. Осындай түркінің өшпес рухымен суарылған Орхон жырының түрк елінің төл жазуымен мәрмар тасқа бәдізделгенін айтып, орта ғасырларда өзінің әліпбиі бар өркениетті елдің ал­дыңғы қатарында өз бабаларымыздың орын алғанын мақтанышпен жазуы аса тағылымды, жас буынның ар-намысын оятқан дүбірлі құбылыс болды. Тіпті бас кейіпкердің тасқа өрнектелген сырлы жазуды аттан түсіп оқуы «Алпамыс» эпосында айна-қатесіз суреттелгенін де айтып, эпикалық мұрамыздың тарихи жадыны сақтаушы, ұластырушы сипатын кеңінен ашып береді.

Орхон мұрасына әр аспектіде зерттеу жүргізген ғалым өмірде болған атақты көне түрк сардарлары Күлтегін, Білге, Тоныккөк тұлғаларын «Алпамыс», «Қобыланды», «Оғызнама», «Қорқыт ата» секілді ежелгі жырлардың кейіпкерлері және сюжеттік желісімен, поэтикалық кестесімен салыстыра зерттеп, салиқалы байламдарға, байыпты уәждерге қол жеткізді.

Ғалымның дана Тоныкөк, Йоллығ-тегіндерді жырау типінің ең ілкі өкі­лі еке­нін зерделеп, Ұлық жыршы, Кет­бұға, Майқы, Сыпыра жырау, Асан қайғылардың арғы тамырлары осынау терең дәстүрден нәр алғанын дәлелдеуі әлі күнге дейін аса маңызды, құнды қисынға жатады.

«Қорқыт ата», «Оғызнама» секілді ежелгі дастандардағы сарындар мен кейіпкерлердің, жер-су атауларының, жағ­рапиялық түсініктердің қазақтың қаһармандық жырларында, әсіресе «Алпамыс батыр» секілді көнелігі ғасыр­лар қойнауына кететін ескі жырларда кездесетін бедерлі айшықтар екенін көрсетіп, эпикалық мұраның терең таби­ғатын аша түседі. Жалпы, Мырзатай Жолдасбеков – Орхон жырлары мен ежел­гі әдебиет үлгілерін қазақ халқының құрамына енген байырғы ежелгі ру-тай­палардың рухани өмір-тіршілігімен, шежіре бұтағымен салыстыра зерттеп, түрк этногенезінің түп-тамырына байыпты барлау жасаған оқымысты.

Ол жырауды жорықта қолбасы, бей­біт күнде бітімгер би-шешен, хандық құрыл­тайда толғау толғап, болашақты болжайтын сәуегей абыз, аса көрнекті мемлекет қайраткері екенін жан-жақты талдап, бұл қасиеттердің қазақ хандығы дәуіріне жалғасқанын, кешегі жыр алыбы Жамбыл жырауға да өнеге мектебі болғанын саралайды.

Сөйтіп Мырзатай Жолдасбеков ор­нық­тырған арналы концепция бойынша әдебиеттану ғылымының хронологиялық межесі өзгерді, осы жолайырық оқиғадан кейін әдебиетіміздің хақ төрінен Күлтегін, Тоныкөк, Йолығтегін секілді тұлғалар жарқырап орын алды, түркілік ар-ож­данымыз қайта түлеп, буырқана оянды. Кешегі жыраулардың сарқыны ақын Кенен атадан бата алған ғалым­ның зерлі де шешен тілімен Күлтегін, Тоныкөк эпостарының сан ғасырдан кейін қазақ тілінде еркін сөйлеп, елмен қауышуы шын мәнінде қара тасқа тіл біткенмен тең айтулы оқиға болды.

Білікті ғалымның халықаралық Түркі академиясы тарапынан жария­лаған «Ұлы дала әдебиеті» атты сия­сы кеппеген толымды еңбегі – оның ұзақ жылдар бойғы жүргізген зерт­теулерінің алтын түйіні. Расымен тым ұзақ тарихи дәуірлер мен көш­пелі ұлыстар жөңкілген шексіз сал­қар кеңістікті қамтитын тамыры те­рең ежелгі әдебиетіміздің дәстүр сабақ­тастығын, бүгінмен жалғастығын саралаған іргелі еңбекті «Ұлы дала әдебиеті» деп атағаны да орынды.

Даланың дана жырау, абыздарының түрк бітігінде тасқа түскен жыры ежел­­гі заманнан төл жазуға ие дегдар ха­лық екеніміздің, төл эпосымыздың тек-тамыры тереңде екені паш етіледі. Мем­­лекеттік дәстүр мен төл түрк бітік жазуы өркениеттің айшықты белгісі екенін осы­лайша жас ұрпақтың зердесіне автор берік тоқиды. Сонымен бірге «Ұлы дала әдебиетінің» бір феномені ауызша дәстүр арнасы саябырлап, сарқылып қалмай, ХХ ғасырдың ұлы жырауы жампоз Жамбыл бастаған төкпе ақындар арқылы жаңа заманда қайта жаңғыруы еді. Міне, ғалым көне заман қойнауында тасқа таңбаланған жазбаша нұсқа мен бұрынғы-кейінгі ауызша дәстүрдің арақатынасын түркология ғылымының бүгінгі биігінен байыптап саралайды.

Мырзатай Жолдасбеков сексеннің сеңгіріне келгенімен сергек ойлы, ұлтының рухани жоқшысы болып жүрген марғасқа азамат. Ол қайда жүрсе де қасына дарынды жастарды жинап, мәдениетіміз бен өнерімізге қамқорлық жасаудан таймай келеді. Тәуелсіз еліміздің рухани өміріне үлес қосып жүрген жастардың оны ұстаз тұтуы – педагогикалық тәлімгерлігінің жемісі.

Қаламгерлігі мен қайраткерлігі үндес­кен парасатты тұлғаның туынды­сының әр парағы халқымыздың өткен шежірелі мұрасымен тәуелсіз еліміздің жас буынын жалғай береді. Лайым осы алтын арқау берік те берекелі болсын демекпіз.

 

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,

ҰҒА академигі