• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Шілде, 2019

АХҚО – өңірлік дамудың өзекті құралы

425 рет
көрсетілді

Кеше «Астана» халықаралық қаржы орталығында Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың қатысуымен АХҚО сотының ғимараты мен Халықаралық арбитраж орталығы ашылды.

Салтанатты шараға АХҚО бас­қа­ру­шысы Қайрат Келімбетов, АХҚО Сот Төр­ағасы Лорд Вульф, Халықаралық арбитраж орталығының төрайымы Барбара Доманн және АХҚО Соты мен ХТО тіркеушісі және аппаратының басшысы Крис Кэмпбелл-Холт қатысты. 

«Баршаңызды АХҚО Сотының жаңа ғимаратының және Халықаралық арбитраж орталығының ашылуымен құттықтаймын. Өздеріңіз білесіздер, біз экономикалық және қаржылық реформалардан бөлек, бірқатар құрылымдық және жүйелік реформалар жасап келе­міз. Заңның үстемдігі табысты эконо­микалық және тұрақты өсімнің негізі екенін түсінеміз. Сондықтан заманауи кәсіби және тәуелсіз сот жүйесін құ­ру­ға ерекше мән береміз. Ағылшын заңы­на негізделген АХҚО соты мен Халық­аралық арбитраж орталығының құру арқылы АХҚО институционалдық құры­лымын жасақтауды аяқтаймыз. Сонымен бірге біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бастамаларының бірін жүзеге асырудамыз. Елбасы бас­тамасы арқылы бүгін АХҚО-ның табыс­ты қызметіне куә болып отырмыз», деді Президент. 

АХҚО-ның құрылуы еліміздің да­мы­ған 30 елдің қатарына енуіне ар­налған маңызды құрал екенін айтқан Мем­лекет басшысы бұл жауап­кер­шіліктің маңыздылығына тоқталды. 

– Біз бұл асқақ міндет екенін түсінеміз. Ол тұрақ­ты әрі сапалы экономикалық өсімді, әртараптандыруды, жаңа инвестиция мен технологияны тарту­ды талап етеді. Біз реформалардан қорықпаймыз. Сондықтан бұрынғы КСРО аумағында алғаш рет ағылшын құ­қығы сот төрелігінің жалпы жүйесі аясында елімізде табысты қолданылып отыр. АХҚО сотын ең беделді және құр­метті британдық судьялардан қалып­тас­тыру – Қаржы орталығының табысқа же­туіне ықпал етеді, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде АХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығы жергілікті және жа­һандық деңгейде инвесторлардың сені­міне ие болып, тарихта өз орнын тауып отыр. 

– Осы орайда сот жүйеміздің тари­хын­дағы ерекше тұсқа тоқталғым келеді. XV ғасырдан бастап Қазақстанның бас­ты сот жүйесі билер соты болғаны белгілі. Билер соты елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, әділдік пен теңдіктің символына айналды. Бүгін біз тарихымыздың жаңа бөлімін ашып отырмыз. АХҚО судьялары өте маңызды рөл атқарып, әділдік пен шын­шылдықтың символы болып қалады. Бүгінгі шараны Төле би атын­дағы залда өткізуіміз де тегін емес. АХҚО со­тының төрағасы Лорд Вульфке, Халық­аралық арбитраж орталығының төрайы­мы Барбара Доманнға және АХҚО сотының бас жетекшісіне аталған сот пен орталықты ашуға қосқан үлесі үшін ерекше алғыс айтамын. Бәріңізге тола­ғай табыс тілеймін, – дей келе, Мемлекет бас­шысы АХҚО соты ғима­раты мен Халық­аралық арбитраж ор­та­лығын ашық деп жариялап, арнайы Сот балғасымен символикалық соққы жа­сады. 

Салтанатты рәсімнен кейін Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығында исламдық қаржыландыру, адам капиталын, инновация мен цифр­ландыруды дамыту, стартап-жобаларды қолдау салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың мамандандырылған көрмесін аралап көрді. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының жұмысымен танысты. 

Одан кейін Қазақстан Президентінің төрағалығымен «Астана» халық­аралық қаржы орталығының жоға­ры алқалық органы – АХҚО Басқару кеңесінің отырысы өтті.

Отырысқа Кеңес төрағасының орынбасары – Премьер-Министр Асқар Ма­мин, Қаржы министрі Әлихан Смайы­лов, Ұлт­тық экономика министрі Руслан Дә­ленов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысты. Кеңес құрамында Еуропа қайта құру және даму банкі президенті Сума Чакрабарти, Ислам да­му банкі тобының президенті Бан­дар Хаджар және Citigroup инвес­тиция­лық және корпоративтік банкінің жаһан­дық блогының басшысы Джули Мона­ко сияқты ірі халықаралық қаржы құ­ры­лымдарының беделді басшылары бар.

Кеңес отырысы барысында АХҚО жылдық есебінің ресми таныстырылымы өтті.

– Өткен жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия жүрегінде «Астана» халықаралық қар­жы орталығын ресми түрде іске қосты. Бұл бастама Конституциялық дең­гейде қолдау тауып, мемлекеттің бас­ты заңында ерекше мәртебе алды. Ал бүгін салтанатты, әлемдік стандарттар деңгейіндегі жоғары класты кеңседе қонақ қабылдап, Кеңестің кеңейтілген отырысын өткізіп отырмыз. АХҚО құрылған сәттен бастап Кеңестің төрт отырысы өтті. Онда АХҚО даму стратегиялары, органдарының құрылымы бекітіліп, өзге де жүйелік маңызды мәселелер қаралды, – деді Мемлекет басшысы АХҚО Кеңесінің отырысында. 

Кеңес отырысында Президент Ислам даму банкінің президенті, доктор Бандар Хаджар мен City Group мемлекеттік сектор бөлімінің басшысы Джулия Монаконы Кеңеске мүше болуымен құттықтады. 

– Бүгін салтанатты жағдайда АХҚО соты ғимараты мен Ха­лықаралық арбитраж орта­лығын аштық. Барлық даму бағыттары бойынша орталық нәтижелерімен және жоспарымен таныс­тым. АХҚО – Нұр-Сұлтан қаласындағы ерекше мәртебесі бар аумақ қана емес, қаржылық орталық, құзыреттер мен кәсіби дамудың, адами капитал, «жасыл» экономика және исламдық қаржы­ландыру орталығы. Мұның бар­лы­­ғына ішкі күш-жігеріміздің және тұтас халықаралық қауымдастық пен серік­тестеріміздің тұрақты қолдауы арқасында қол жеткіздік, – деген Қ.Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылғаннан бергі бір жылда қаржы орталықтарының беделді жа­һандық индексінде 37 орын жоғары көтеріліп, 51-орынға тұрақтағанын айтты. Нұр-Сұлтан қаласы Шығыс Еу­ро­па, Орталық Азия аймақтары бойын­ша көшбасшы орында тұр. АХҚО табыс­ты жұмыс істеуі үшін барлық жағ­дай жасалды және инфрақұрылым жол­ға қойылды деп толық сеніммен айта аламыз. Енді бізге тәжірибелік нәтиже­лердің болуы маңызды», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласы әлемге танымал халықаралық қаржы орталығына айналып келе жат­қанын атап өтті.

– Әлемнің жетекші сәулетшілері елорданың бірегей бейнесін жасады. Енді дүние жүзінің белгілі қаржыгерлері осы жерде табысты қаржы орталығын қалыптастыруға атсалысатын кез келді. Орталық қаржы секторын дамытумен қатар, экономикаға инвестициялар тартуы тиіс. АХҚО базасында келешегі зор жобаларды қаржыландыру жөніндегі негізгі мәмілелер жасалуы қажет. Бұл жерде «Қазақтелеком», «Қазмұнайгаз», ҚТЖ, «Эйр Астана» сынды ұлттық компаниялардың IPO-сы өтеді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Кеңес отырысында АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов орталықтың жылдық жұмыс қорытындысын баяндады. 

– Елбасы ресми ашқаннан бергі 12 ай ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің реттеуші аясында 200-ден астам компания тіркелсе, олардың арасында Қытай даму банкі, Қытай құрылыс банкі секілді аса танымал ұйымдар бар. Сонымен бірге, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының Орта Азиядағы нағыз қаржылық хабына айналамыз, – деген Қайрат Келімбетов Орталықтың Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия мен ТМД елдері және Орталық Азиядағы «Бір белдеу, бір жол» жобасының қаржылық хабына айналуды жоспарлап отырғанын айтты. 

AFSA – АХҚО-ның тәуелсіз рет­теу­­шісі, «Астана» халықаралық қаржы ор­та­лығы туралы» Қазақстан Респуб­лика­сының Конституциялық заңына сәй­кес «Астана» халықаралық қаржы ор­та­лығында қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті рет­теу мақсатында құрылған заңды тұл­ға. AFSA қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензия­лауды, тіркеуді, аккредиттеуді және қадағалауды көз­дейтін АХҚО ережелерін жүзеге асырады.

АХҚО-ға тіркелген қатысу­шылар­дың географиясы Қазақстан, Ресей, Эстония, Латвия, Ұлыбритания, Италия, Финляндия, АҚШ, Қытай, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Үндістан, БАӘ, Түркия сияқты 20-дан астам елді қамтиды. АХҚО қатысушылары банктік қызмет, қор нарығы, активтерді басқару, жеке банкинг, ислам қаржылары, кре­диттік-рейтингтік және басқа сала­лар­дағы қызметтерді жүзеге асырады.

АХҚО биржасында өз қызметін Қа­зақстан, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Еуропа – брокерлер мен дилер­лер арқылы жүзеге асырады. Қырықтан ас­там компания қосалқы қызметтерді, атап айтқанда заңгерлік, аудиторлық, бух­гал­терлік, консалтингтік және рейтингтік қызметтерді көрсетеді.

Жалпы, «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы (АХҚО) Қазақстан Респуб­лика­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспары аясында құрылды. Орталық өз қызметін «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 7 желтоқсандағы №438-V Конституциялық заңына сәйкес жүзеге асырады. АХҚО-ның мақсаты шикізат емес секторға баса назар аудара отырып, Қазақстанға шетелдік инвестициялардың ағынын ұлғайту, капиталдың ішкі нарығын дамыту, перспективалы қаржы салаларында жеке сараптама жасау болып табылады.

Еуразия кеңістігінде алғаш жұмысын бастаған бұл халықаралық ірі жоба қалай құрылып еді?! Сонау 2004 жылы елімізде қаржы орталығын құру туралы алғаш бастама көтеріліп, сол бойынша кешенді іс-шаралар қолға алына бастаған еді. Себебі, Қазақстан сол кездің өзінде-ақ қаржылық хабқа айнала алатын әлеуетін көрсеткен болатын. Арнайы агенттік те құрылды. Үкімет пен Ұлттық банктің назары осы шараға мейлінше бағытталды. Бірінші кезекте Алматы өңірлік қаржы орталығын дамыту жоспарына басымдық берілді. Алайда 2008-2010 жылдары белең алған әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан әлсіреген экономикалық ахуал оған мүмкіндік бермеді. Ең бастысы, саяси шешімнің болмауының салдарынан тәуелсіз сот, ағылшын құқығы секілді ойлар жүзеге асырылмады.

Бүгінгі халықаралық қаржы орта­лығы мен сол кездегі өңірлік қаржы орта­лығының айырмашылығы жер мен көктей. Бұл – бір-бірінен бөлек стра­тегия, мүлде өзгеше бизнес-жоба. 

Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгі­зіліп, қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болып белгіленді. АХҚО-ның негізгі міндеттері қаржылық қызмет саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады.

Біздің еліміз әлдеқашан жаһандық экономикаға кірігіп, халықаралық экономикалық заңдылықтар бойынша жұмыс істей бастады. Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын өркениет талаптарына сай әртараптандыру мақсатындағы шараларға Елбасының бастамасымен жүзеге асырыла бастаған индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламалары тың серпін әкелгені анық. Ал елімізде бас­тау алған «Нұрлы жол» бағдарламасы Қытай Халық Республикасы жария­лаған «Бір белдеу, бір жол» халық­ара­лық бастамасымен үндесіп шыға келді. Бұл халықаралық ірі бағдар­лама өз кезегінде өңірлік ірі қаржы орта­лығының қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Сөйтіп АХҚО бүгінде әлем­нің көптеген мемлекет қолдау біл­дірген «Бір белдеу, бір жол» халық­аралық бағдарламасына қаржылық қызмет көрсететін орталыққа айналу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Бауыржан МҰҚАН,

«Egemen Qazaqstan»