Арғысы сонау бағзы заманда өмір сүрген Қорқыттың, «екінші Аристотель» атанған әл-Фарабидің ілімі біздің халқымыздың ғана емес, әлем жұртшылығының сана-сезімін жаңғыртса, бергісі қазақтың данышпан ғұламасы – Абайдың отаршылдықтың құрсауында қалған қазақтың рухын, ұлттық намысын көтеру мақсатында жазған еңбектері тұтас дәуір ұрпақтарын тәрбиеледі десек, асылық айтқан болмас. Хакімнің қоғам өмірі, дін мәселелері туралы философиялық ой-пікірлері Шығыс пен Батыс елдерінің алдыңғы қатарлы ойшылдарының пайымдарымен теңесетінін зерттеушілер айтып та, жазып та жүр. ХХ ғасырдың басында қазақ ұлтының рухани жаңғыруына Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сияқты Алаш арыстары ерекше атсалысты. Ұлтымызды үш ғасырға жуық отаршылдықта ұстаған патшалық Ресейдің «бұратана халықтарға» жүргізген саясатын Кеңес өкіметі жалғастырғаны тағы белгілі. Қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кетуіне бағытталған саяси-экономикалық реформалар жүргізілді. Өз ұлтының толық бостандық алып, дербес ел болуы үшін күрескен беткеұстар азаматтарымыз саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Халқымыздың еркіндік аңсаған ақыл-ойы мен ар-намысының күретамырына балта шабылып, кейінгі ұрпақ өз ұлтының кім екенін айтудан ұялатын халге жетті. Бірыңғай Кеңес халқын қалыптастыру идеясы белең алып, қазақ мектептері жабылып, қаймағы бұзылмаған елді мекендер өзге этнос өкілдері басым ауылдарға көшірілді. Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетов туған Мамлют ауданындағы Үшкөл келешегі жоқ ауылдардың қатарына жатқызылып, көрші тұрғыны аз орыстар тұратын Владимировкаға көшірілгенін қалай ұмытайық? Аққайың ауданындағы қазақ мектебінің орыс мектебіне айналғанын 1970 жылдары студент кезімде ауыл шаруашылығы жұмыстарына барған кезде көріп таңданғанмын. Осындай жағдайлар әсіресе, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған теріскей жақтарда өте-мөте байқалды.
Тәуелсіздікке дейін Петропавл қаласында бір ғана қазақ мектебі жұмыс істегені мәлім. Облыс орталығындағы жалғыз жоғары оқу орны – педагогикалық институтта қазақ бөлімі болмады. Ана тілімізде орта білім алған біздің тұрғыластарымыз көп қиындық көріп, амалсыздан орысша оқуға тура келді. 1969 жылы тарих бөліміне түскен 50 студенттің 4-еуі ғана қазақ мектебін бітірген еді. Бес жыл бойы дүние жүзі, Кеңес тарихын терең меңгеруге ден қойсақ, қазақ тарихын бесінші курстың соңғы екі айында желе жортып, сыдыртып, оның өзінде патшалық-кеңестік оқиғалармен байланыстыра оқып шықтық. Тарих факультетінде оқып жүріп өз тарихыңды толық игере алмау кемсіту екенін түсінетінбіз. Бірақ саяси жүйеге ашық қарсы шығуға сол кездегі саясат жол бермеді. Кеңестік замандағы тарихи кинолар, балаларға арналған мультфильмдер орыстың батырларын насихаттап, біздің қазақ жерін жаудан қорғаған бабаларымыз мүлдем шеттетілді. Төл тарихын толық оқымаған жас ұрпақ дүние жүзіндегі екі жүзге жуық мемлекеттің ішінде жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын ұлан-байтақ Қазақстанды қорғап қалып, ұрпағына жеткізген мыңдаған батырлары, батыс өркениетінің пайда болуына ықпал еткен ұлы ойшылдары барын, Ұлы даланың ұрпақтары екенін қайдан білсін?! Бұл – біз көрген шеттетудің бір парасы ғана. Жас ұрпақ осының бәрін білуі керек.
Осындай ұлтсыздану үрдісі шегіне жеткен өткен ғасырдың 1960-70 жылдары жаңа алаштық рухты қайта көтерген жас буын өкілдері шыға бастады. Бұл ұйымдар жастар арасында ұлттық мәдени шараларды жүргізу арқылы олардың саяси сана-сезімінің оянуына ересен ықпал етті. Осы уақытта ақын Олжас Сүлейменовтің «Тюркизмы в «Слове о полку Игореве» атты монографиясы және соның негізінде жазылған әйгілі «АЗ и Я» кітабының жарыққа шығуы шовинистік рухтағы орыс тарихшылары мен әдебиетшілерінің сыңаржақ, қатып қалған ғылыми қөзқарастарына ғана емес, кеңестік идеологияға бағытталған қатты соққы болды. Өйткені ондағы қозғалған мәселелер бүгінгі күнге дейін маңызын жоймай келеді. Тағы бір айтпағым, елордада Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегіндегі инновациялық тұжырымдамалар мәселесі бойынша ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысу құрметіне ие болғаным бар. Осы жиында Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың азаттық күресінің, Алаш көсемдерінің жанкештілігінің арқасында келгені тілге тиек етілді. Елбасымыздың ширек ғасырдан астам уақыттағы тәуелсіздігімізді нығайту бағытында атқарған орасан зор еңбегі жоғары бағаланды. Жас ұрпақтың ендігі міндеті – тұғырға қонған егемендік туын түсірмеу. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық еңбектерді Ұлы дала тарихының ақтаңдақ беттерімен байланыстыра отырып түсіндірсе, құба-құп болар еді.
Бабаларымыз мекен еткен Ұлы дала негізінде түркі жұртының мемлекеттері құрылды. Қарашаңыраққа біздің ие болғанымыз – зор мақтаныш. Кеңестік дәуірде тарихымызды жазуға қысым көрсетілді. Енді тәуелсіздіктің арқасында өз тарихымызды кеңінен толық жазуға мол мүмкіндік туып отыр. Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын сақтау және дамыту бағытында, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру жолында тарих және қоғамдық ғылым өкілдерінің күш-жігерін барынша жұмылдырудың тиімді жолдарын анықтау еш артықтық етпейді. Бүгінде Қазақстан тарихы оқулықтарының сын көтермейтіні туралы «Егеменнің» беттерінде аз жазылып жүрген жоқ. Біз білетін Бейбарыс сұлтаннан басқа қыпшақ даласынан жиырмаға жуық сұлтан шыққаны кейбір деректерде айтылады. Олай болса, Елбасымыздың «бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек» деген тапсырмасын естен шығармауымыз керек...
Қажымұрат НӘСИЕВ, өлкетанушы Солтүстік Қазақстан облысы