• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Шілде, 2019

«Әлеуетті күштер» емес...

1019 рет
көрсетілді

Тіл мәселесі толық шешімін таппаға­нымен әйтеуір бір орында тұрып та қал­май, өгіз аяңмен болса да жылжып келеді. 1989 жылы ана тіліміз мем­ле­кеттік мәртебеге ие болғанда қазақ ті­л­ін­­­де оқитындар саны 50 пайызға жет­пей­тін. Қазір Құдайға шүкір, барлық оқу­шылардың 70 пайызы ана тілімізде оқуда. Әрине сапасы туралы көп сын айтуға болады. Тек ұл­тына жанашырлық білдіретін кейбір мек­теп директорлары ғана батыл ұстаным жасап, оқушыларын өзге тілде бейсауат сөйлетпеуге тырысады.

Тіл мәселесі мектеп көлемінде ғана шешілмейді, ол барлық деңгейде қолға алынатын іс екендігі де көптен айтылып келеді. Әсіресе Үкімет тарапынан оған жасалатын қолдау өте зор болуы керек. Алайда, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова ханым жуырда жұрттың ашу-ызасын туғызған мәлімдеме жасағаны да есімізде. Ондаған жылдар бойы тілімізді байытып, кірігіп кеткен көптеген әдемі терминдерді министр ханымның қайтадан шетел тілінде атау керек дегені тіпті орынды болмады. Соның ішінде пайыз, сынып, мейрамхана, мұрағат, теңгерім, әлеует және т.б. бар. Әрине кейбір терминдердің қазақша аударылымы ұтымды шықпай жатады. Кейбіреулері қайталама да болып кетеді. Мысалы, «потенциал» дегенді «әлеует» деп алдық та, «силовые структуры» дегенді де кейде «әлеуетті күштер» деп аударатындар бар. Сонда «потенциал­ды» аударған «әлеует» түпкі мағынасы ауытқымағанымен, аздап өзгеріп кетеді. Бірақ «силовые структуры» дегеннің орыс тілінен сөзбе-сөз аударылған «күштік құрылымдар» деген тағы бір нұсқасы бар. Алайда, осындайлардан шошынудың да керегі жоқ. Өйткені олар синоним сөздер болып қолданыла берсе, ешқандай зияны жоқ. Біз бір ғана «микрора­йон» дегенді «мөлтек аудан», «шағын аудан», «микроаудан» деп бірнеше синонимдерін жасап алдық, бірақ содан бүлінген ешнәрсе жоқ, керісінше тілдік қордың бай екендігі көрінеді. 

Сөз жасаушылардың бәрі жаңа замандағы сөздік қорымызды 5 мыңдай сөзге байытқан Ісләм Жарылғапов бола алмайды. Ол кісінің тудырған мыңдаған сөздерін қазақ қана емес, исі түркі елдері қолданады. Кейбір түпнұсқалық мағынасынан асып түскен сөздерді еске түсіргенде марқұмның рухына риза болып қаласың. Мысалы, орыстың «үсіген» (мороженое) деп ат берген тағамын «балмұздақ» деп, оны қайта аударғанда «сладкий как мед, холодный как лед» деген мағына беретінін естігенде орыс маман­дарының өзі таңғалған екен. 

Сөз жасам кейде білместіктен, тіпті тілді шала білетіндердің шатпағынан да туып қалады. Мысалы, «блокировать» деген сөзді бір білгіш «бұғаттау» деп атаған еді, сол ақыры сіңіп кетті. Мұның «бұғалықтау» деген сөзден туындағанын көзі қарақты жанның бәрі біледі. Егер түбір қажетсінсек, ол тым болмаса «бұқтыру» болуы керек еді, бірақ бағы бар екен, «бұғаттау» сіңіп кетті. Енді оны қолданыстан шығару керек деп әуре болудың да қажеті жоқ. 

Мемлекеттік тілдің құлашын кеңге жаюы­­­на ұлтымыздың барлық зиялы жандары өз деңгейлерінде жанашырлықпен атсалысып жүр. Солардың бірі Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай да жуырда Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады. Онда депутат «ендігі жерде мемлекеттік тіл бо­йынша сөздің емес, нақты да тыңғылықты істердің кезегі келгені ақиқат» дей келіп, «тіл мәселесін үйлестірумен шұғылданатын жал­ғыз өкілетті мемлекеттік органның атауы «Тіл комитеті» емес, «Тіл саясаты комитеті» болуы неліктен? Ұлтты және этностарды ұйытатын құрылымға «саясат» сөзін қосудағы мақсат не, қағидат қайсы? «Саясатты» бадырайтып жазу қаншалықты маңызды? Әлде мемлекеттік тіл тек саясаттан басталып, саясатпен өріле ме?» деген қатаң сұрақтар қойды. Сонымен бірге депутат осы құрылым мемлекеттік тілді цифрлы технологияға көшіру ісі бойынша аса қажетті компьютерлік бірыңғай бағдарламаларды әзірлеп және оларды бүкіл еліміз бойынша жаппай, ақысыз тарату жағын ойластыруы керектігін ұсынады. Олар – мемлекеттік тіл­де сауатты жазуға мүмкіндік беретін, емле ере­жесіне қатысты қателерді іздеп табатын ком­пьютерлік бағдарлама және екіншіден, дауыс таспасын (аудио) мәтінге айналдыратын арнайы дыбыстық конвертер болғаны жөн. Мемлекеттік тіл үшін ауадай қажет осы екі бағдарлама да қазақ тілінің қолданбалы-практикалық даму белесін айқындар еді, дейді депутат.

Бұл да туған тіліміздің толғақты мәселе­лері­нің бірі екендігі сөзсіз.