Атырау облыстық дін істері басқармасының үш маманы әлеуметтік желілерде таратылатын деструктивтік бағыттағы материалдарға мониторинг жүргізіп отырады. Осы мақсатта арнайы дайындалған «Интернет-карта» жобасы арқылы қауіпті діни ақпараттар автоматтандырылған түрде жиналып, сарапталады. «Интернет-карта» псевдосалафизм идеологиясы таралуын бақылауға, қауіпті аккаунттарды, деструктивті діни ағым ұстанушылар таратқан уағыздардары анықтауға, жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді», дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев. Өткен жылы экстремистік мазмұндағы 301 сайт пен аккаунт анықталса, биылғы алты айда әлеуметтік желіні теріс бағытта пайдаланған 24 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған.
Дін саласында білікті мамандардың тапшылығы әлі де бар. Қазір облыста 79 имам қызмет етеді, оның 26,6 пайызы ғана жоғары білімді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыс әкімдігі арнайы жобаны іске асырып келеді. 2017 жылы жергілікті меценаттардың қолдауымен діни бағытта білім алатын атыраулық 18 студентке оқу гранты тағайындалды. Өткен жылы 44 студент грантпен қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады. Жоба нәтижесінде жоғары білімді имамдардың көрсеткіші біраз артқан.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы «Жусан» операциясы кезінде Сирия жерінен елімізге оралған 51 атыраулық туралы да айтты. Оның ішінде 26 бала бар. «Отты нүктеге» кеткендердің қатарында әйел азаматтардың саны басым екені ойлантады. Қазір олар Ақтаудағы оңалту орталығында.
Теріс ағымның қағидаларын саналарына құйып алғандармен жүргізіліп жатқан жұмыстарды нәтижесіз дей алмаймыз. Атырауда дін басқармасы, ақпараттық талдау орталығы, «Шапағат» оңалту орталығы, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі бірлесіп атқарған шаралардың арқасында жыл басынан бері 35 адам жат ағымнан дәстүрлі діни бағытқа оралды. Шетелдерде күмәнді жоғары оқу орындарында оқыған үш студент елге қайтарылды. Бірақ әлі 25 жас шекараның арғы жағында «күмәнді» білім алып жүр...