Осыдан он жыл бұрын тарихи Отанына табан тіреген С.Сембай – елінде елеулі еңбек етіп жүрген қандасымыздың бірі. Бізді тәнті еткені ауыл балаларынан құралған «Садат» және «Ақерке» би топтарының республика деңгейіндегі көркемөнерпаздар байқауында көш басынан көрініп, көптеген бәйгелерде жоғары нәтижеге қол жеткізгені. Өзі негізін қалаған қос бірдей би тобына жетекшілік ететін Сәдетпен әңгіме барысында, табанды қыздың бойынан талмас қуаттың тасқынын көргендей болдық. «Мақсатым – қарадомалақ ауыл балаларынан Шара мен Шұғыланың жолын жалғайтын шәкірт тәрбиелеу», – деді ол әңгіме арасында.
– Бимен айналысуға түрткі болған бала кездегі арманым. Бишілік өнер қыз баласын әсемдікке, нәзіктік пен әдемілікке баулиды. Түрлі қимыл-қозғалыс сымбатыңа сән берсе, әсем әуен ырғағы жаныңды сұлуландыра түседі. Жаны сүйген кәсіппен айналысқан жан шаршауды білмейді, шығармашылығы арқылы өзін бақытты сезінеді. Неге ауыл балаларын би өнеріне баулымасқа деген ойға келдім. Ауылдың мәдениет үйінен жеке би үйірмемді аштым. Бұдан бөлек, «Келешек» бөбекжай балабақшасында ән-би жетекшісі болып жұмыс істеймін. Би әлеміне құлшынып келген шәкірттерімнің бәріне бірдей көңіл бөлуге тырысамын. Дегенмен, үйірме табалдырығын аттаған балалар уақыт өте келе іріктеліп, икемі барлары даралана бастайды. Меңгере алмағандарының өзі көшбасшылық қабілеті дамып, ширай түседі. Бала деген алғаусыз тұнық әлем. Ол бір нәрсеге сенсе, соған жанымен беріледі. Шәкірттерімнің бойынан сәл де болса талант ұшқынын байқасам, соны әрі қарай маздатып әкетуге барымды саламын. Анық көзім жеткені төгілген тер, өтеусіз қалмайды. Оқушыларыммен бірге облыстық, республикалық байқауларда бақ сынап жақсы нәтижелерден көрініп жүрміз, – дейді С.Сембай.
Мың бұралып билегенде алдына жан салмайтын кәсіби білігі жоғары Сәдетті қалаға да шақырғандар табылған. Алайда ол бар қажыр-қайратын шәкірттеріне арнап, арман-аңсарын ауылға таңыпты. Сөзі мен ісі қабысқан арманшыл қазақ қызының еңбегін ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі деп бағалауға болатындай. Еңбегінің арқасында «Үздік ұстаз», «Шығармашыл ұстаз», «Жаңашыл ұстаз», «Үздік жас маман» сынды төс белгілерін иеленген Сәдетке сарқылмас шабыт тілейміз.