Жұма, 17 мамыр 2013 1:23
Қазақ шектен шыққан шетін қу, қулығына құрық бойламайтын айлакер, талайдың табанын тоздырған адамды «жырынды» деп атайды. Әдетте, жырындылар біреудің үстінен, әлдекімнің есебінен күн көреді. Сондықтан ондайлардың айналасындағы адамдарға зияннан басқа көрсетері болмайды. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінде өз еркімен елден қашқан қашқын атанып жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әбіләзовтің нағыз жырынды екендігінде ешбір күмән жоқ.
Жұма, 17 мамыр 2013 1:23
Қазақ шектен шыққан шетін қу, қулығына құрық бойламайтын айлакер, талайдың табанын тоздырған адамды «жырынды» деп атайды. Әдетте, жырындылар біреудің үстінен, әлдекімнің есебінен күн көреді. Сондықтан ондайлардың айналасындағы адамдарға зияннан басқа көрсетері болмайды. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінде өз еркімен елден қашқан қашқын атанып жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әбіләзовтің нағыз жырынды екендігінде ешбір күмән жоқ.
Жырындылардың тағы бір ерекшелігі, олар ешқашан қолына алған істерін ақырына дейін жеткізбейді. Себебі, олар атқарып жүрген тірлігінен тез жеріп шыға келеді. Одан да үлкен себебі, көзіне түскен келесі бір сала сол атқарып жүрген тірлігінен де гөрі тиімді, пайдалы, кірісті сияқты болып көрінеді де тұрады. Бұл олардың қашанда тойымсыз, ашкөз, сұғанақ әрі қызғаншақ болып келетінін көрсетеді.
Қазір қарап тұрсақ, «жырындылар мектебінің» бастауыш, орталау және орта сыныптарынан біртіндеп түгел өтіп шыққан Мұхтардың бойында жоғарыда біз тізіп өткен сипаттамалардың барлығы да бар екендігі оның осы кезге дейінгі барша тірліктері арқылы айнадай жарқырап көрініп шыға келеді. Оны жасыру тіпті де мүмкін емес.
Басында бәрі дұрыс басталды. Мектепті жақсы бітірген Мұхтар Әбіләзов есімді талапкер бірден Мәскеудің инженерлік-физикалық институтына түсе қалды. Ақырында осы белді де беделді жоғары оқу орнын ол өте жақсы бағалармен тәмамдап шықты. Оқу бітірген бойда Алматыға оралып, Қазақ универститетіне кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. Сол замандардағы өлшем бойынша бұл мансаптың тәп-тәуір болып басталып келе жатқанын көрсететін жайт еді. Осыған орай жас маман жұмысты да жаман атқармаған сияқты. Соның әсері болса керек, ол көп ұзамай өзі бітірген Мәскеу институтының аспирантурасына барып түседі…
Ал Мұхтардың аспирантураны бітірер шағына алып Одақтың құлайтын тұсы тура келді. Дүниенің демде астаң-кестеңі шығып, бұрыннан қалыптасқан жүйе бір-ақ мезетте сетінеп кетті. Осы кезде қарманып қалып, жеңіл ұшып өзі келетін мол байлық пен қыруар ақшаның иісін сезе қойған Әбіләзов енді Мәскеу инженерлік-физикалық институты мен оның аспирантурасында алған білімі мен білігін сол сәтте-ақ бірден тәрк етіп тастап, бизнеске қарай құлдыраңдай жөнелді. Осыдан бастап, Мұхтар күрт өзгерді. Осыдан бастап оның ішінің бір бүрінде жылдар бойы жасырынып жатқан ашкөздік атты вирусы шалт қозғалып, бүкіл денесі мен ақыл-ойын шарпып ала бастады. Сол ашкөздік оны кәсіпкерліктің алғашқы айларынан бастап, қатты айналдырып алды. Соның салдарынан ол өзіне қызмет жасаумен бірге, ақша келтіріп жүрген мамандары мен жұмысшыларының айлық жалақыларын дұрыс төлемеуге, кемітіп бергендерінің өзін кешіктіріп қолға тигізуге дағды ала бастады. Тіпті оның осы кездері ақша жасаудың көзіне айналған кәсіптерінің де көбі күмәнді тірліктер еді. Дәл қазіргі күні әлдекім сондай кәсіптерге барса, қаржы полицейлері оны тап бастырмай ұстаған болар еді. Бірақ бұл 90-жылдардың басы, әлі қоғамның толық орныға қоймаған кезінде орын алды. Осыны жақсы пайдаланған Әбіләзов алғашқы мол капиталдарын жинап үлгерді.
Осылай ақша тапқыштығының да әсері болған шығар, басында тірлігін шағын кәсіпкерліктен бастаған Мұхтар араға тым көп уақытты салып жатпай, ірі холдингтік компанияның басшысы атанып шыға келді. Бірақ Әбіләзов мұнымен де шектелгісі келмеді. Мұның артынша энергетик болуға ықылас білдірді. Айтты-бітті. Энергетика институтының қабырғасында бір күн де отырып көрмеген Мұхтар осылайша KEGOK акционерлік қоғамының тізгінін сарт еткізіп ұстай алды. Мұнда да көп байланып отырған жоқ. Біршама уақытты өткізер-өткізбесте Энергетика, индустрия және технология министрінің орынтағына қонжия қалды. Әлбетте, бұл оған берілген үлкен аванс еді. Ұйымдастырушылық қабілетінің зор екенін байқаған жоғарыдағылар оның министрлік тізгінін ұстасымен жұмысты жаңа заманның талабына сай басқарып, ірі топ-менеджердің, болашағы зор басқарушының рөлін атқаратынына әбден сенген сияқты.
Алайда, «сенген қойымыз» үмітті ақтай алмады. Министр лауазымында отырғанына бір жарым жылдай ғана мерзім толғанда, оның үстінен алғашқы іс қозғалды. Соның салдарынан ірі көлемдегі мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны дәлелденіп шыққан Әбіләзов 1999 жылдың қазан айында сотқа тартылды. Осында оған ірі көлемдегі ақша қаражатын ұрлады, табысын жасырды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптар тағылды. Осымен Әбіләзовтің күні біржола батып, мансабының маңдайына қайқайған қара шеге қағылғандай көрінген. Әйткенмен, «өлді деген батырың өгіз мініп келедінің» кері болды да шықты: Мұхтар бұл зұлматтан да аман қалды. Сол кезде екінші қатарға кетіп, өзін көп көрсете қоймаған мансапқор бұқпантайлап көп жүре алмады. Артынша ірі авиакомпанияның бұрандасын ұстады. Бұдан кейін аяқ астынан банкир болып кетті. Бірақ асап үйренген ауыз мұнда да ұрынды. Мұның соңы 2001 жылы оны қылмыстық жауапкершілікке тағы әкелді. Тіпті қамауға да алынды. Сол кезде ол өзін саясаткер етіп көрсете қойды. Осыған орай өзгелерге үлкен бір қозғалысты бастап жүргендей әсер қалдырды. Ақырында оның ұйымдасқан қылмыстық топтан ажырамайтыны анық болғасын, 2002 жылғы ақпанда сотқа тағы тартылды. Оған елден шығуға тыйым салынды. Осының артынша, келесі жылғы наурызда ол заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны және ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін қамауға алынды. Сол үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ бағы бар екен сәуір айында «жаздым-жаңылдым» дегесін, оған рақымшылық жасалды.
Осыдан соң бәрі орнына келгендей болған. 2005 жылы Әбіләзовке елдегі ірі банктің тізгіні сеніп тапсырылды. Ал оның соңы қалай болғанын бәріміз де білеміз.
Сол жырынды қазір шетелде жүріп жұртының абыройын түсіріп бітті.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.
_________________
Суретті салған Сергей Мурзасов.