Нақтырақ айтар болсақ, билеттерді сатуда алаяқтықтың жолы кесіліп, яғни аңдып отырып босаған билетті «ұстап алу» енді мүмкін болмайды.
«1 шілдеден бастап билет сату жүйесінің дамыған түрі пайдаланылып жатыр. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – бұл алыпсатарларға қарсы қойылған бөгет. Екі аптадан кейін алғашқы нәтижелерін бағалайтын боламыз», дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Оның айтуынша, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на қарасты 233 касса болса, билет сататын жекеменшік 4500-ден астам касса және тағы 4000-нан астам өз бетінше қызмет ететін терминал бар екен. Сонымен қатар он шақты интернет ресурс та билет сатумен айналысады. Бұлардың ішінде комиссиясыз билет сататын ресми epay.railways.kz және bilet.railways.kz сайттары бар.
«Жүйенің жұмыс істеу принципіне тоқталар болсақ, егер кассир отыз секундтың ішінде бес рет қатарынан бір типті, яғни бір бағыттағы билетті іздесе, онда оның кассасы бес минутқа жабылады. Үш рет тапсырыс берген кезде жүйе ескерту жасайды. Демек, бір бағытта әр уақытта бір тапсырысты бере беруге болмайды. Бұл жүйе бұрын былай істейтін еді. Жеке кассаларда отырған кассирлер бір тапсырысты қайталап бере береді де, айналымға түскен бос билетті ұстап алады. Сосын оны алып өзінің сыбайласына сатып жіберіп, олар басқа бір құжаттармен бірнеше билет сатып алады да, артынан вокзалда жолаушыларға қымбатқа сатады. Енді жаңа жүйе бойынша мұндайға жол берілмейді», дейді Диас Ахметшәріп.
Жүйенің екінші артықшылығы – электронды күту кезегі. Егер белгілі бір бағытқа билет болмаса, жолаушы кассаға жүгініп, өзінің құжаттарындағы мәліметтерді қалдырып, электронды кезекке тұрады. Мұнда сіздің мәліметтеріңізді кейін кассир өзі өзгертіп басқа адамның мәліметтерін тіркей алмайды. Сіз кезекке тұрғаннан кейін аталған бағытта жаңа билеттер шығып жатса, жүйеден жолаушының электронды адресіне автоматты түрде хабарлама келеді. Екі сағаттың ішінде әлгі билет электронды кезекте кезегі келіп тұрған адам сатып ала алады. Бір айта кетерлігі, сіз билетті сатып алу үшін электронды кезекке тұрған кассаға баруыңыз міндетті емес, кез келген билет сататын жерден ала бересіз.
Бұл жүйенің техникалық мәселелеріне жауапты қазақстандық IT компания өкілі Мәдина Жаңабаеваның айтуынша, билет сатумен айналысатын бірнеше мекеме бар. Солардың cатқан билеті билеттің бекітілген бағасымен бірдей екенін, яғни жолаушыны артық төлетпей жатқанын анықтау үшін жүйеден бағаны тексеріп, билеттің қашан және қайда рәсімделгенін де көруге болады.
Сонымен қатар жүйеде алынған билеттерге анализ жасау қызметі де бар. Бұл да билет алыпсатарларының жолын кесетін құрал. Айталық, әлдебір адам біреуге билет сатып алып беру үшін үстіне ақша қосып сататын болса, жүйе оның бұл әрекеттерін танып, кейін құлыптап тастайды.
Бауыржан МҰҚАН, «Egemen Qazaqstan»