«ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің іргелі жанрларын қалыптастыруға мол үлес қосқан аса көрнекті суреткер Бейімбет Майлин 15 повесть, «Азамат Азаматыч» деген роман жазды, екі романы аяқталмай қалды. Оның сыртында ірі-уақты 25 пьесасы, либретто, сценарийлері тағы бар.1923-1937 жылдар аралығында 55 кітап шығарып қалдырған. Қазір облыста Би-ағаның атымен 22 көше, төрт мектеп, бір музей, бір ауыл, бір станса бар. Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толу құрметіне орай биылғы 24 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таран ауданына Бейімбет Майлин есімін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл көптің қалауы болатын» деді Гүлжан Ермашқызы.
Би-ағаға арналған мүшайраға қатысу үшін талаптанғандар қарасы баршылық болды. Бірақ ақындар өлеңі алдымен алғашқы іріктеуден өтті.
«Өзіміздің Би-аға» атты жыр мүшайрасына 30-дан астам жұмыс түскен еді. Іріктеуден мүшайраға 13 ақын өтті, белгілі себептерге байланысты бір ақын келе алмай қалды» дейді мүшайраны ұйымдастырған Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова.
І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының залында қостанайлықтар мүшайраны тамашалап, жыр бұлағынан сусындады. Жазушы Ғұмар Ахметчин бастаған қазылар алқасы ақындар өлеңдерін саралай келе, үшінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Жұлдызай Ысқақоваға, екінші орынды ақтөбелік Гүлімай Қуанышеваға, үшінші орынды Рудный қаласынан қатысқан Ғалымкерей Кенжебозинге берді. Ал мүшайраның бас жүлдесін Нұр-Сұлтан қаласынан келген ақын Әбілмәжин Серікбай жеңіп алды. Сонымен қатар мүшайраға Лисаков қаласынан Бейімбет Майлин туралы өлеңін жолдаған 84 жастағы Мөр Тілеубаева қарияға да құрмет көрсетілді.
Қостанай