• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Шілде, 2019

Альбинос түлкінің тағдыры

1017 рет
көрсетілді

Бейімбет Майлин ауданындағы Би-ағаның өз атын алған тарихи-өлкетану музейінде өңірдің жануарлар және өсімдіктер дүниесін көрсететін бөлім бар. Музейге ең көп келетін балалар алдымен осы бөлімді айналшықтайды, онда тұрған қабан, қасқыр, түлкі, елік, дала қыраны, жабайы қаздар мен үйректер, құр, тағы басқа аңдар мен құстардың тұлыпына қарап, өңірдегі жануарлар әлемімен танысады. Соның ішінде альбинос түлкі келгендердің ерекше назарын аударады.

– Балаларға ақ түсті жануарлар сүйкімді көрінсе керек. Ал жалпы музейге келген үлкен де, кіші де «мынау қандай аң?» деп сұрап қалады. Оның альбинос түлкі екенін біз айтқаннан кейін біледі. Көпшілік қырдың қызыл-сары боп құлпырып тұратын түлкісін басқаша елестете алмауы заңды да шығар. Альбинос түлкі Қостанай даласында жортты деп екінің бірі ойлай бермеуі мүмкін ғой? – дейді музей директоры Светлана Рудик.

Терісі ақ қояндай ақ ұлпа түлкіні музей ұжымы 2007 жылы көрші Денисов ауданындағы аңшылар қоғамынан сатып алыпты. Оның тұлыпын Қостанайдағы таксидермистер жасап берген. «Ақ түлкінің» тұрқы туыстарымен салыстырғанда аласалау, дембелше көрінеді, тұмсығы да доғалдау әрі қысқа, құлағы қылтиған ұшты емес, дөңгелене біткен кішкентай, аяғы кәдімгі түлкілерден сирақты көрінбейді. Тұқымдастарына сирағының төменгі жағындағы қара жолақтары ұқсайды. Бірақ альбиносты түлкі етіп тұрған бұлаңдаған ұлпа құйрығы секілді. Терісі ноқатсыз аппақ, ал қызыл көзін қайтерсің.

– Альбинизм жаны бар мақұлқаттың барлығында кездеседі. Қазіргі ғылым мұны ағзадағы жасушалар түсіне жауап беретін меланин-0 синтезі үшін қажет тиросиназа ферментінің жетіспеушілігінен, яғни гендік мутациядан болады деп санайды. Тіпті одан адамзат та сырт қала алмайды. Бірақ ол табиғатта өте сирек кездесетін құбылыс. Ғалымдардың санауынша, 10 000 жануарға бір альбиностан келеді. Табиғат өз «қателігіне» өзі қатыгездік танытатын секілді. Альбинос байғұс сыртқы болмысының жаратылысына кінәлі болмаса да, оған өз тұқымдастары жатырқап, үрке қарайды. Қосақтасар бір туыс жоламағандықтан олар ұрпақ жаймайды. Альбинос жануарлар тұқымдастарының теріс айналуынан құса болғандай, тіршілікке де бейімі аз, тамағын зорға тауып жейді. Сондықтан олар тым әлсіз, нашар келеді, көп өмір сүрмейді, – дейді биолог Андрей Андрющенко.

Музейге келушілер тұлыпына қарап сүйкімді аңның бірі деп қабылдайтын альбинос түлкінің тағдыры осынша ауыр деп кім ойлаған? Жалғыздығының азабы жаратылыс «қателігінен» бұрын жарық дүниенің мейірімсіздігінен екенін Альбинос түлкінің ішкі түйсігі аңшы мылтығына дейін-ақ сезіп қойған болар?...

Қостанай облысы

Бейімбет ауданы