Олжас Қылдыбаев дирижер таяқшасын сілтеп қалғанда, мың домбыра шанағынан Құрманғазының «Балбырауыны» төгіле жөнелді. Арқаның кешкі май тоңғысыз самалы ерке күйді алысқа алып кетіп жатқандай. Көкке ілініп тұрып, құйқылжыта сайрайтын бозторғай да мың домбыраға кезек бергендей, Ұлы дала тынып, күйге ұйып қалыпты. Домбырашылар күйдің ырғақты жерінде самал желпіген егіндей тербеліп кетеді. Дирижердің сиқырлы таяқшасы мың домбыраның иесін де, үнін де бағындырып, еріксіз байлап алғандай, домбырашылардың саусақтары пернеде бірдей жүгіріп, шанақты бірдей қағады. «Балбырауын» мен ойнақы халық күйі «Келіншекті» ойнаған мың домбыраның үніне де, сәніне де елтіп қалған көрермен кешкі тымық ауаны жарып, шапалақты да аямады.
Өткен жылы Ұлттық домбыра күні мерекесі белгіленгенде аудандық халық аспаптар оркестрі концерт қойған еді. Сол концертті тыңдаған аудан әкімі Әмірхан Асанов: «Амангелді ауданында төріне домбыра ілмеген үй жоқ шығар. Құрманғазының бір күйін бір мезгілде тартатын 500 домбырашы қалайша шықпас екен? Соны жасап көрсек қайтеді?» деп бастама көтерген еді. Басшыны қостаушы аз болған жоқ, сонымен қазан айында іс қолға алынды. Негізгі күш аудандағы 11 ауылдық округтегі клубтар мен мектептердің музыка мамандарына түсті. Мектептердегі домбыра үйірмелері бұрынғыдан да белсенді жұмыс істеді, оқушылармен қатар мұғалімдер де домбыра үйрене бастады. Жастар былай тұрсын, ауылдың үлкендері де клубқа күй үйренуге келетін болды. Міне, алты ай бойы осындай ыждағатты дайындықтан кейін мамыр айындағы Қызғалдақ фестивалінде 500 домбырашы күй тартқан еді. Одан тура бір айдан кейін мың домбырашы сахнаға қайта шықты. Ауданда он жеті мыңдай тұрғын болса да, мың домбырашыны жинау оңай шаруа емес. Өйткені домбыра ұстағанның бәрі күйші емес ғой. Сондықтан 90 жасқа аяқ басқан Ғалымжан Жүнісов ақсақал да сонау жас кезінде ойнаған «Балбырауынды» есіне түсіріп, домбырашылар қатарына отырды. Ал мың домбырашының қатарындағы ең жас күйші 10 жастағы Әрсен Мұратов болды.
– Алты ай бойы домбырашыларға күй үйреттік. Тіпті «Балбырауынды» жаттап алды. Домбырашылар арасында кім жоқ дейсіз, оқушылар, студенттер, мұғалімдер, мекемелер басшылары, шаруашылықтағы мамандар күйші болып шыға келді. Ұйымдастыру жұмысы жеңіл емес, бірақ қызық болды, – дейді дирижер Олжас Қылдыбаев.Домбырашылардың қатарына Батпаққара топырағынан түлеп ұшқан, бүгінде есімі елге белгілі өнерпаздар домбырашы Анар Мұздаханова, Шолпан Қорғанбекова, Қайыржан Шаяхметовтер отырып, мыңды толықтыра түсті.
Ауданда тойланған Ұлттық домбыра күні мен Елорда күні мерекелері аясында белгілі мәдениет майталманы, облыстағы көркемөнерпаздар ұжымдарының дамуына үлкен үлес қосқан Төкен Елтебаевты еске алуға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. «Ұрпақтар сабақтастығы» атты ұлт аспаптары ансамбльдерінің байқауы да оның есімін ұлықтауға арналды. Жұртшылық Нұр-Сұлтан, Қостанай, Арқалық қалалары мен Алтынсарин, Амангелді аудандарынан қатысқан өнер ұжымдарының өнерін тамашалады. Бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Қорқыт» ансамблі, бірінші орынды Арқалық қаласының «Мұрагер», екінші орынды Нұр-Сұлтан шаһарынан «Тарлан», үшінші орынды Алтынсарин ауданының «Мұрагер» ансамблі алды. Дархан Сұлтанбеков, Ғазиза Жұмекенова, Алма Адалханова, Ақжанай Қалиевалар орындаған ән мен күй руханиятқа сусап отыратын ауылдағы ағайынның құлақ құрышын қандырды.
«Ел іші – өнер кеніші». Амангелдідегі ағайындар «мың домбыра шыққан жерде тағы мың жоқ дейсің бе?» деген тоқ көңілмен тарасты.