Шоу деп шулайтын пенделер болмады. Жиылған жұрт аталы сөз, имандылық иірімдерін айтқанда, айрандай ұйып тыңдады. Қазақтың қара домбырасының жолы болды. Күмбірлеген күй шертілді. Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір, Нұрғиса аттары аталды. Сал Біржан, аяулы Ақан сері, қызыл империяның құрбаны болған Қапез (Байғабылұлы), «Сарыбидай» әнінің авторы Садықожа мақамы бірімен бірі ұштасып, қасиетті жер табиғат көріністері көз алдынан өтіп жатты. Қазақ ән өнерінің шоқтығы биік айтулыларының бірі Нұрлан Өнербаев өзіндік мәнерімен аналар туралы әндер тізбегін ағытқанда, үлкен-кіші сүйсіне тыңдап, ақ жаулықты аналар ақ батасын берді. Сол секілді халық композиторларының туындыларын ерекше екпінмен шырқаған Ерболат Шалдыбековтің де даусы мейрамхана ішін кернеп, жұрттың ілтипатына бөленді. Қолының қаруын, білегінің күшін, бойдағы қуатын түрлі сын үстінде көрсеткен қыз-жігіттер де аз болмады. Тіпті жұмыр шегені шыбықтай иіп жүрек бейнесін жасағандардың тапқырлығы мен шеберлігі жұртты дүр сілкіндірді.
Айтыстың сайыпқырандары Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақов өлең өріміне өмір өрнектерін сыйғызып, арасын жеңіл әзілмен кіріктіргенде тойшыл қауым бірде мін болар ісімізге іркіліп, рас-ау десе, бірде күлкіге көміліп, артынан күлкінің күрмеуіне үңіліп, күмілжігендей кейіпі байқалды. Бұл тойды кілең мақтауға, асыра дәріптеп көрсетуге жол бере қоймады. Көп жағдайда ойланып отыруға, «Мынау бір жақсы әдет, үйренер үрдіс екен-ау!» деген байламға жетелеп отырды. Қазір той көп. Тіпті бәсекеге айналып кеткелі қашан. Тойға кім келіпті, кім басқарыпты, әртістерден, әншілерден кім болды деп, атағы барлармен өлшейтінімізді де жоққа шығара алмасақ керек. Содан да болар ондай белгілілер той құнын арттырып, дәрежесін көтеріп, бағасын биіктетіп жүргені де шындық. Бұл үшін кейде оларды емес, бәсекенің бәсін қыздырып жүрген өзімізден көру керек жөн секілді. Дәулетім бар, сәулетім жетеді деп дарақылану кісіліктің, кішіліктің белгісі емес, керісінше екенін түсінетін уақыт болғандай.
Қазақтың тойы баласыз өтпейтіні белгілі. Оның үстіне сүндет той болған соң балдырғандар барынша жиналатыны шындық. Солардың ой өрісін білу мақсатында экраннан қазақтың ұлылары мен арыстарының, ақын-жазушыларының, қоғам қайраткерлерінің суреттерін экраннан көрсетіп, кім екенін сұрағанда, балалардың бірлі-жарымы болмаса, көбі іркіліп қала берді. Жазбай танығандарға, бұлжытпай айтқандарға бағасы әжептәуір қазақ батырлары туралы, Абай, Мағжан, Мұхтар (Әуезов), Бердібек (Соқпақбаев), Мұқағали, басқа да кітаптар ұсынылды. Балалар біле қоймаған тұлғаларды кейбір үлкендер айтып, олар да құрқол қалмады. Жалпы, қазақ кітаптарының бағасы қымбат екені көпке белгілі.
Бір ойландырған тұсты да айта кетейік. Ұлт жақсыларын танып-білу жағынан тосылған балғындар өзге жұрттардың «Человек паук», «Черепашки Ниндзя», «Маша и Медведь» секілді мультфильмдеріндегі басты кейіпкерлерді көрсеткенде ересектерін былай қойып, 3-4 жастағы бүлдіршіндер де жаңылмай айтып жатты. Мұның несі айып дейтіндер табылар. Білген жақсы. Дегенмен, алдымен өзіміздің ата-бабаларымыздың аты-жөнін жазбай танығанға не жетсін. Қарғадайынан тегінен қол үзсе, өсе келе жатқылыққа барып, жаза баспайды деп кім айта алады? Бүгінгідей аласапыранда аяғын шалыс басып, адасқандар аз ба?
Сонымен ұлт тойында осылай үлгі алар қадамдар жасалды. Заманды желеу етпей, адамдық қасиет, ұлттық салт-сана бәрінен қымбат екенін естен шығармасақ, алдымен жас ұрпақ «Біздерде мынандай бар, мынандай бар» (Сұлтанмахмұт) екен-ау деп көз тігіп, көңіл тоқтатар еді. Осы арада ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақтың бас адамдары! Әуелі, сендер адаспаңдар! Адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер... Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең – құл болмақшы», – деген аталы сөзі ойға орала берді.