• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Шілде, 2019

Қайтпас ғалым, қажырлы қайраткер

537 рет
көрсетілді

Қазіргі қазақ ғылымындағы танымал тұлға, академик Әбдуәлі Баешовтың арғы бабасы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы көне Сығанақ қорған-қалашығынан шыққан Хусамиддин ас-Сығанақи. Кейін халық ол кісіні «Сунақ ата» атап кеткен. Ал Әбдуәлінің бала кездегі арманы радиоэлектроника маманы болу еді. Бұл мамандықтың жоғары оқу орны тек Ресейде болғандықтан, амалсыз ол Шымкент Қазақ химия-технология институтының электрохимия өндірісі технологиясы мамандығын таңдауына тура келеді.

Әбдуәлі институт бітірген соң Петропавл қаласындағы Куй­бышев атындағы машина жасау зауытының гальваника цехына инженер-технолог болып орналасты. Мұндағы мамандар түгел жуық Мәскеудің Бауман атындағы жоғары техникалық училищесі мен Ленинград Кеме жасау инс­титутының түлектері. Зауытта қатал әскери тәртіп қалыптасқан. Бұл 1970 жылдың тамыз айы еді.

Зауыт ауласында қорабы кез келген жағына қарай аударылып, жүкті түсіре беретін сүйретпе тележ­калар тұрды. Олардың са­ны күн өткен сайын шамадан тыс көбейе түсті. Кейін зауыт бас­шы­лары арасында осыған бай­ланыс­ты келеңсіз кикілжіңдер туын­даған кезде бас металлург, жиыр­ма екінші бөлімнің бастығы Русановтан:

– Данил Васильевич, тележкаларды сатып алушылар табылмай жатыр ма? ˗ деп сұрады Әбдуәлі. Русанов қабағын кіржитіп:

– Ресордың қамыттарын қа­тыр­ған кезде шытынап сынып кетеді. Оны жасау кезінде технологиясын қатаң түрде сақтасақ та жөнге келмей-ақ қойды. Не істеу керек? Білмейміз. Қып-қызыл шығынға баттық.

Баешовтың есіне мектепте оқып жүргенде кездескен сутегі омырғыштың жайы түсті. «Не де болса соның залалы шығар».

– Данил Васильевич, мен қа­мыттың зауытқа келіп түскеннен, шыққанға дейінгі жүйесімен таныссам.

Русанов оған қабағының астынан бір қарады да миығынан мырс етіп, тез құтылғысы келгендей енжар үнмен тіл қатты.

– Жарайды, Әбдуәлі, мен саған рұқсат қағаз жазып берейін. Ол тілдей қағазды қолына ұстатты.

Баешов цех жұмысымен мұ­қият танысты. Бірінші жүйедегі жұмысшылар алақандай жалпақ темірді кесіп, екінші жүйедегілер оны иіп жатыр. Үшіншілері элек­трох­имиялық тәсілмен темірлерді майсыздандырады екен. Яғни, бұл тәсіл катодта жүргізіледі де одан сутегі бөлінеді. Содан кейін детальді жылтырату үшін акциздейді. Ғылыми тұрғыдан бәрі дұрыс. Ал неге қамыт ресорға қатырған кезде шыны секілді шытынап сынады? Ол технологиялық құжаттарды қайта парақтады. Ондағы көрсетілген цифрлы сан­дарға зер салды. Тапты-ау әй­теуір. Мұндағы бар гәп темір­ді майсыздандыру кезінде элек­трохимиялық әдістің дұрыс жүргізілмеуінде екен. Бар қате технологиялық құжаттан кеткен. Онда темірді катодта ұстау уақыты 30 минут деп көрсетіліпті. Негізінде бұл процесті 3 минуттан артық созуға болмайды. Катодқа жалғанған темір соншалық ұзақ уақытта өзінің беріктік қасиетінен айырылып, сәл күш түссе болды шытынап шыға келеді. Ол бас металлургке ұсыныс жасады.

Данил Васильевич, катод процесін алып тастап, оның орнына химиялық майсыздандыруды қолданған жөн.

– Сен сенімдісің бе?

– Сенбесем бұл тәсілді ұсынбас едім.

Әбдуәлінің жаңалығы сол күні-ақ сынақтан өтті. Бәрі дұрыс. Русановтың қуанышында шек жоқ. «Жарайсың, Әбдуәлі! Сенің арқаңда шығыннан құтылып, пайдаға кенелетін болдық».

Келер жылдың жазында Әбекең өзінің алғашқы ұстазы Вахи­товтың ұсынысымен Қара­ғандыдағы Қазақ КСР Ғы­лым академиясының Химия-метал­лургия институтына ауысты. Институт директоры атақты академик Евней Бөкетов. Осы кісінің қол астында жұмыс бастады. Бірде атақты академик: «Әбдуәлі, мына бір химиялық элементтің қасиетін қалай білеміз?» деп сынақ сұрақ қойды. Химияның атасын жай долбармен алдай алмай­сың. Сыралғы Әбдуәлі ұс­таз сұрағына нақты жауап берді. Академик риза.

– Әбдуәлі, мына Балқаш қала­сында аумағы ат шаптырым үлкен комбинат бар. Онда 1960 жылдары дүние жүзі бойынша ең таза мыс түрі алынатын. Кейінгі кезде сол мыстың сапасы төмендеп, бұрынғы даңқынан айырылып барады. Себебін анық­ташы, – деді. Әбекең бұл өзіне артылған зор сенім екенін түсінді.

Баешовтың зерттеу жұмыстары бір жылға созылды. Уақытының көбін Балқаштағы мыс комбинаты мен Қарағандыдағы зертханада өткізді. Ақыры үздіксіз ізденіс өз жемісін берді. Ол титанның қосылысымен мысты мышьяк пен сульмадан тазалауға болатынын тауып, тамаша нәтижеге қол жеткізді. Бұл дүниежүзілік жаңа тәсіл еді. Жаңалық өндіріске шұғыл енгізіліп, таза мыс шыға­рыла бастады.

Оның сыртында комбинатта талай жылдан шешімін таппай келе жатқан тағы бір күрделі мәселе бар екен. Мысты өзге элемент­терден тазалау кезінде астына ұнтақтары көп түсіп, өнімділік азаюда. Ал ғылыми тұжырымдама бойынша ондай қалдықтар болмауы керек. Осы іспен айналысып жүрген ғалымдар неше алуан амал жасаса да, себебін анықтай алмапты. Бөкетовтің ұсынысымен бұл іспен Баешов шұғылданды. Қалдық ысырабын болдырмаудың бірнеше тәсілін сынақтан өткізіп көрді. Бәрібір қалдық шығып жатты. «Неге?». Ақыры тапты. Мәселенің мәні электр тогында екен. Зауыт тым үлкен. Әр цех токты әрқалай пайдалануда. Соның салдарынан ток құбылмалы қалыпқа түскен. Бұл мыс тазалау процесіне әсер етіп қана қоймай, қалдық ысырабына жол береді. Баешов бәрін дәл есептеп, сарапшылар алдында өз жаңалығын дәлелдеп шықты. Ұстазы Бөкетов:

– Әбдуәлі, Балқаш мыс комбинаты ашылғалы бергі шешілмей келе жатқан мәселенің түйінін сен шештің. Рахмет, айналайын! – деді.

Баешов 1977 жылы Бөкетов­тің жетекшілігімен «Элек­тро­рафинация кезіндегі электродтық процестерді зерттеу» деген тақы­рыпта кандидаттық диссертация қорғады. Арада апта өткенде ұста­зы Бөкетов зертханаға келіп:

– Әбдуәлі, мына Жамбыл мен Шымкенттегі фосфор шламдары өте қауіпті. Қалайда сол шлам­­нан фосфоритті бөліп алып, залал­сыздандыру қажет. Бас­қа жұмыстарыңды уақытша тоқ­татып, соны зерттеші.

Бұл мәселемен ғалымдар бұ­рын да айналысқан. Алайда, оңтайлы шешімін таба алмаған. Баешов әуелі солардың ізденіс­терімен танысып шықты. Шламды бірнеше химиялық элементтермен әсерлестіріп, тәжірибе жасады. Нәтижесінде түйінді мәселені ше­шудің жолын ашты. Солай жаңа технологиялық тәсіл өмірге келді. Шламнан фосфорит бөліп алы­нып, толық залалсыздандырылды.

Зауытта тағы бір шешімін тап­пай жатқан дүние шламдағы фосфордың мөлшерін анық­тау екен. Әбдуәлі зауыт зерт­ха­насының ең тәжірибелі қыз­меткерлері оны өте қолайсыз әрі аса қауіпті жағдайда анықтап жатқанын көрді. Олар күніне бар болғаны үш-төрт сынамаға ғана анализ жасайтынын байқады. Қапелімде оқыс қимылдан қол­дары тайып кетсе, анау фосфор ауамен жанасады да қызыл жа­лын лап ете қалады. Одан бензол тұтанса, жойқын жарылыс зертхананың күлін көкке ұшы­рады. Ең қиыны сол кезде болатын орны толмас адам шығынын айтсайшы.

– Евней Арыстанұлы, зауыт­тағы осы мәселемен мен шұғыл­данып көрсем қайтеді?

– Әбдуәлі, мұның түйінін шешсең талайлардың сауабын аласың.

Ол зерттеу барысында эле­ментті фосфор мен мыс купо­расының әсерлесуіне баса назар аударып, реакция кезінде фосфордың диспропорцияланатынын байқады. Өзара әсерлесу реакциясының жүру формуласы ғылыми оқулықтарда дұрыс жазылмағанын да анықтап, шлам­дағы фосфор мөлшерін анықтаудың принципиальды жаңа әдісін ұсынды. Сол әдіспен зертхана қызметкерлеріне күніне бұрынғыдай үш-төрт қана емес, 100-ден аса сынамаға анализ жасау мүмкіндігі туды және өте қауіпсіз. Мемлекеттік патент жөніндегі комитет «Бұл Баешовтың жаңа әдісі» деп жазбақшы болғанда ол:

– Жоқ, менің орныма Бөкетов­ты жазыңыздар. Өйткені бұл еңбекте оның көп идеясы бар, –деді. Ақыры бұл жаңалық ғылым­да «Фосфор шламындағы фосфорды анықтаудың Бөкетов-Баешов әдісі» деп жазылды.

Баешовты тағы бір толған­дырған жай мыс шламындағы 6 валентті селенді бөліп алу. Бұл әлем ғалымдарының көп жыл­дан бері бастарын қатырып келе жатқан өте күрделі мәселе. Соны біле тұра мәселені шешуге тәуекел етті. Ашық түрде емес, құпия жағдайда. Әлдеқалай болады деп ұстазына да тіс жарған жоқ. «Әлің келмейтін шоқпарды беліңе байлап қайтесің? Алтынға бергісіз уақытыңды құр босқа жоғалтасың ғой» десе меселім қайтып қалар деп ойлады. Уақыт тынымсыз ізденумен өтіп жатты. Тәжірибелері сәтсіз шыққан кездер де болды. Бірақ райынан қайтпады. Ақыры тапты. Тер­модинамика тұрғысынан қара­са 6 валентті қырсық селенің оп-оңай тотықсызданады екен. Міне, ғылыми жаңалық!

Бұл кезде академик Евней Бөкетов таза ғылыммен айналысу үшін университет ректоры қызметінен кетіп, Химия-металлургия зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып орналасқан еді. Баешов жаңа­лығын тапқан күннің ертеңіне ұстазына қарай алып ұшты. Қуаны­шы қойнына сыяр емес. Ентігіп тұрып:

– Евней аға, 6 валентті селенді электрохимия тәсілімен бөлме температурасында тотықсыз­дан­дырдым, – деді қоңырқай жүзі алаулап.

– Әбдуәлі, не дедің?... – Ұстаз жаңылыс естідім бе дегендей қай­та сұрады. Баешов әлгі сөзін тағы қайталады. Бөкетов басын шайқап:

– Әбдуәлі, сен қателесіп тұр­сың. 6 валентті селен ешқа­шанда тотықсызданбайды. Мұны әлемнің мүйіздері қарағайдай ғалымдары 100 жылдан бері бастарын қатырып, ештеңе шығара алмаған. Аспандамай жерге түс, шырағым. Болмайтын істі мал­да­нып қайтесің. Әбдуәлі қызбал­ақ­тап:

– Евней аға, мен аспандап тұр­ғаным жоқ. 6 валентті селенді тотықсыздандырдым. Оны тап қазір сізге дәлелдеп бере аламын. Ұстазы қабағын шытты. Баешов келесі күні ұстазының зертхана есігін тағы ашты.

– Евней аға, менің зертханама жүріңізші. Сізге 6 валентті селенді қалай тотықсыздандырғанымды нақты тәжірибеммен дәлелдеп берейін.

– Ой батырым, сен де ерте­гіңді қоймадың ғой. Қане жүр, не тын­дырғаныңды көрейін. Шә­кір­­тінің көңілін қимай лажсыз со­ңынан ерді. Баешов зертханада электрохимиялық тәсілмен тәжі­рибесін жасады. Түсі қып-қы­зыл таза селен жарқырап шыға келді.

– Әбдуәлі, сенің тотықсыздан­дырғаның 6 валентті емес, 4 ва­лентт­і селен. Бұл қазір ғылымда жаңалық емес.

– Евней аға, тотықсызданған 6 валентті селеннің реакцияға түс­пеген бір бөлігі мынау, – деп селенді көрсетті. Ұстаз оған нем­құрайдылау көз тастады да, «мұн­шалық аңғал болармысың» дегендей езу тартып, есіктен шығып кетті. «Жоқ аға, мен мұны қалайда дә­­лел­деймін!». Өзіне өзі серт берді.

Ол зауыттан 4 валентті мен 6 валентті селендерді зертханасына алып келді. Анықтап қараған жан сұйықтардың түстерінен айырмасын анық көреді. Ұстазын үшінші рет шақырды.

– Евней аға, міне екі түрлі селен.

– Иә, көріп тұрмын.

– Мен әуелі 4 валентісімен жұмыс істейін. Сіз мұқият қарап тұрыңыз. Ол іске кірісті. Сұйыққа химиялық элементтер қосып то­тық­сыздандырды. Сосын ұста­зына қарап:

– Аға, келісесіз бе? – деді.

– Келіспегенде ше, бұл жаңа­лық емес, Әбдуәлі.

– Иә, жаңалық емес, аға. Ен­ді 6 валентті селенге элек­тро­хи­миялық тәсіл қолдана­мын. Өзі әбден ма­шық­танған тәжірибесін қайта­лады. Тотық­сызданған селен қызара бөртіп, көз жауын алды. Бөке­тов селен үстіне төне түсіп, қайта басын көтерді. Өз көзіне өзі сене алар емес. Өңі күреңітіп:

– Ой, Әбдуәлі, мына тәсілің ғажап! – деп таңданысын жасыра алмады. – Мен саған бекер сенбеген екенмін. Айыпқа бұйырма. Бұл әлемдік химия ғылымындағы бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық!

Сол кезде Кеңес Одағында селенационды жетік білетін екі ғалым болды. Олар Евней Бөкетов пен Ленинградтағы Татьяна Грей­вер. Баешов осы ғылыми-зерттеу жұмысынан докторлық диссертациясын қорғайын деп жүргенде жетекшісі Бөкетов өмірден озды. Ал Грейвер оның бұл жаңа­лығынан мүлдем бейхабар. Бай­ланыс жүйесі арқылы авторефератын таныстыруға жіберсе, сенбей лақтырып тастауы мүмкін. Оның пікірінсіз диссертациялық кеңес жаңа тәсілді бекітуі екіталай. «Қалайда Гривердің алдынан өтуім керек». Баешов осы ойға табан тіреп, Ленинградқа аттанды.

Татьяна Грейвердің әкесі Наум Саламонович Грейвер атақты ғалым еді. Кезінде «Металлургия негіздері» деп аталған 6 том кітап жазып, артында құнды мұра қалдырған. Қазір Татьяна әкесінің атындағы зертхана меңгерушісі. Алпыстың үстіндегі егде әйел. Баешов оған 6 валентті селенді электрохимия жолымен қалай тотықсыздандырғанын тәптіштеп түсіндіріп бақты. Грейвер шыдамсызданып:

– Енді мені тыңдаңыз. Бәрі сіз айтқандай болуы мүмкін емес. Қазір бұл әлемдік ғалымдарға қиял ғана. Мұнымен менің әкем де 50-60 жыл айналысқан. Менің де қолымнан келмеді. Сіз де мен секілді өкінбес үшін осы бастан басқа ғылыми жұмыспен ай­налысқаныңыз жөн.

– Татьяна Наумовна, мен өзім­нің ғылыми жаңалығыма сенім­дімін. Өкінішке қарай сіз ден қоймай тұрсыз. Мұның ең оңай, ең тиімді, ең қарапайым жолы әзірге осы. Мына авторефератымды сізге қалдырамын. Қолыңыз қалт еткенде қарап шығарсыз. Қарсы болмасаңыз, үш-төрт айдан соң қайтып келіп, зертханаңызда дәлелдеп берейін.

– Жас жігіт, сіз 4 валентті селенмен шатастырып жүрсіз. Маған келіп әуре болмай-ақ қойы­ңыз. Қысқасы, болмайтын іске менің де, өзіңіздің де, басыңызды қатырмаңыз.

Әбдуәлі Баешов араға алты ай салып Ленинградқа жол тартты. Профессор Татьяна Нау­мов­­на университетте шетел сту­денттеріне дәріс оқып жатыр екен. Аудиторияның ашық есігі­нен оны көріп қалып, қолын бұлғап шақырды.

– Кімді айтсаң, сол келеді деген, міне жаңа ғана сіздерге айтқан Баешов осы. Ол Әбдуәліні құшақтап, бетінен сүйді де студенттерге бұрылып: – Баешов дүние жүзінде бірінші болып          6 ва­­лентті селенді электрохимия жо­лымен тотықсыздандырған жас ғалым.

Студенттер ду қол соғып, қоше­мет көрсетті. Баешов аң-таң. Грейвер осылай қарсы алады деп мүлдем ойлаған жоқ еді. Үзіліс кезінде Грейвер:

– Ана жолы өзіңе қарсы­лығымды білдірсем де «Баешов босқа айтқан жоқ-ау осы» деген ой мазалап авторефератыңмен таныстым. Ғылыми жұмысыңда жан бар секілді болды да тұрды. Зертханаға барып тәжірибеңді қайталап жасағаным сол еді өз көзіме өзім сенбей қалдым. То­тықсызданған 6 валентті селен­ді көріп, несін жасырайын таң­данғаннан жағамды ұстадым. Әбдуәлі, алғаш оғаш мінез көр­сеткеніме сенен кешірім өтінемін. Ал мына ғылыми жаңалығың халықаралық Нобель сыйлығына лайықты.

Әбдуәлі Баешов 1991 жылы Алматыда докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Қазір Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия зерттеу институтының ғылыми қызметкері. Қаншама ғылыми жаңалықтарды өмірге алып келді. Жетпістің асқарынан асқан ғалым атақ-даңқтан кенде емес. Мемлекеттік сыйлықтың лау­­реаты, Жаратылыстану ғы­лым­­­дары және Қолданбалы эколо­гия академияларының акаде­мигі.

Сайлау БАЙСАНОВ,

Қара­ғанды химия-металлургия ғылыми зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лаураеты, журналист-жазушы