Осы жолғы сапардың өзіндік ерекшелігі бар, себебі бұған Қырғызстан, Ресей және Беларусь сияқты елдерден келген қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары қатысты. 9 күннің ішінде балалар 5 ірі қаланы аралап, әр қаланың тарихын тереңірек танып, жан-жақтан келген құрбыларымен танысқан. Сондай-ақ қалалар арасындағы сапар барысында түрлі үйірмелер мен шеберлік-сыныптарға қатысып, уақыттарын қызықты өткізді.
«Мен сіздерді екінші маусымның жабылу салтанатында көргеніме қуаныштымын. Әрі әлеуметтік желідегі әртүрлі пікірлеріңізден жазғы лагерьдің жоғары деңгейде өткенін, сонымен қатар сіздерге ұнағанын байқадым. Саяхатқа толы сапар жандарыңызда жатталып қалатынына, уақыт өте келе қызыққа толы естелікке айналатынына сенімдімін. «Туған елге саяхат» лагері ел тарихын тануға жасалған сапарлардың бастауы болып, келешек өмірлеріңіз жарқын сәттермен өрілсін», деді «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қор директоры Ербол Ермұханұлы.
Естеріңізге сала кетсек, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы» жобасының алғашқы маусымы басталған болатын. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырып жатыр және балалардың жан-жақты дамуына, қоршаған әлемге қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерімен танысып, патриотизмді нығайтуға бағытталған. Пойыз бағдарына Нұр-Сұлтан, Байқоңыр, Тараз, Алматы және Балқаш сияқты қалалар кіреді. Жалпы, 2019 жылғы маусым жобасына 600 бала қатысты.
Аталған лагерьдің тынығушысы, Қызылорда облысы, Шиелі ауданының оқушысы Пернебай Ақниет ағынан жарылып, еліміздің тарихи һәм табиғи елді мекендерімен етене танысқанын жасырмады.
«Туған елге саяхат» лагері бізді Қазақстанның ең мәдени өңірлерімен, атап айтқанда бас қаламыз, жас қаламыз Нұр-Сұлтанмен, қарт қаламыз Алматымен, көне қала Таразбен, ғарыш қаласы Байқоңырмен таныстырды. Маған ең қатты ұнаған қала Нұр-Сұлтан және Тараз. Нұр-Сұлтан қаласында біз Назарбаев Университетінде болдық. Бұл университетте көптеген ұлт өкілдері бір-бірімен жарыса ізденіп, біліммен сусындауда. Менде болашақта елге қызмет ететін азамат болу үшін дәл осы Назарбаев Университетіне түскім келеді. Ал Тараз қаласында құдыреті мен қасиеті тасыған Айша бибі, Қарахан және Бабаджа Хатун кесенелерінде болып, ежелгі дәуір мәдениетімен таныстық. Осындай ежелгі дәуір ескерткіштерімен қатар, осы заман мәдениетін бір-бірімен үндестіріп, тоғыстыратын жобалар көп болса, еліміздің де тұғыры биік, ал жас патриоттарымыздың шығар шыңы аспанмен таласқан таулардың ең биік шыңы болмақ», деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерь маусым, шілде, тамыз айларын қамтиды. Оған көп балалы, аз қамтылған және толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан, өндірістік кәсіпорындар мен зауыт жұмысшыларының оқу үлгерімі жақсы балалар, «Отандастар қоры» КЕАҚ-мен серіктестік негізінде шет мемлекеттерден келген қазақ диаспорасының өкілдері және шығармашылық байқау қорытындысы бойынша анықталған жеңімпаз балалар кіреді.
Рауан ҚАЙДАР, «Egemen Qazaqstan»