• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2019

Би-аға ақындар жырының арқауына айналды

456 рет
көрсетілді

Қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай өткен «Өзіміздің Би-аға» атты республикалық жыр бәйгесін тамашалауға І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының залы лық толды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекенова мүшәйраның қостанайлықтарды қуантқан сүйінші хабарға ілесе өтіп отырғанын да жақсы ырымға балады.

– Облыс өңірінде Би-аға­ның атымен 22 көше, 4 мектеп, 1 ауыл, 1 станса және 1 му­­зей аталады. Бейімбет Май­­лин­нің туғанына 125 жыл то­луы қар­саңында биыл 24 мау­сымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Таран ауданын Бейімбет Майлин есімімен атау туралы Жарлыққа қол қой­­ды. Би-ағаның мерейтойына орай облыста көп­теген шара бел­гі­ленген, мүшәйра сол той­дың ба­сы деп біліңіздер, – деді Гүл­жан Ермашқызы.

Өткен ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде Би-аға қалам тартпаған жанр кемде-кем. Сон­дықтан Би-ағаның тойын жыр бәйгесінің бастауы деу заңды да еді. Мүшәйраға түскен 30 жұмыстан іріктеліп, Жам­был, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қа­зақ­стан, Павлодар, Түркістан, Қос­танай облыстарынан, Нұр-Сұлтан қаласынан 12 ақын қатысты.

Жыр десе ішер асын жерге қойып, сусап отыратын қос­танайлықтар он екі жас ақынның өлеңін тыңдады. Ақындар Ұлы дала перзенттері, Би-аға аң­саған тәуелсіздік, ұлттың ұлы мұ­ралары мен мұраттарын өлең өрнегіне айналдыра біліпті. Жүйріктен жүйрік озу – бәйгенің салты. Жазушы Ғұмар Ахметчин бастаған қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Жұлдызай Ысқақоваға, екінші орынды ақтөбелік Гүлімай Қуанышеваға, бірінші орынды Рудный қаласынан қатысқан Ғалымкерей Кенжебозинге берді. Ал мүшәйраның бас жүлдесін Нұр-Сұлтан қаласынан келген ақын Әбілмәжін Серікбай жеңіп алды. Сонымен қатар мүшәйраға Лисаков қаласынан Бейімбет Майлин туралы өлеңін жолдаған 84 жастағы Мөр Тілеубаева қа­рияға да құрмет көрсетілді.

Бейімбет Майлиннің ұрпақ­тары, жиен немерелері Дә­метер Сейітжанова, Салтанат Мұс­тафина мүшәйраның қонағы болды. Ақындар мен Би-ағаның немере, шөбере, шөпшектері оның кіндік қаны тамған Бейімбет ауданына, Жалшы ауылына барып, ата рухына тағзым етті. Мүшәйра соңында сөз алған жазушы Ғұмар Ахметчин Би-аға рухын ұлықтауда ескерілер мәселе де жоқ емес екенін айтты.

– Тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде елімізге белгілі Би-ағаның шығармаларына қа­нық адамдардың барлығы да оның есімі Таран ауданына берілсе екен деген ниетте еді, оның қабыл болғанына шүкірлік етеміз. Қостанайда Бейімбет Майлиннің музейін ашу туралы хатқа бұдан біраз жыл бұрын халқымыздың ірі тұлғалары, зиялылары: Мұзафар Әлімбаев, Зейнолла Қабдолов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Тұманбай Молдағалиев, Өмір­зақ Сұлтанғазин, Кеңес Нұр­пейісов, Герольд Бельгер, Ше­рияз­дан Елеукенов, Жұма­ғали Ысма­ғұлов, Ғаббас Қа­бышев қол қойған. Герольд ағамыз орыс тілінде жазған «Би-ағаның өмірі мен қызметі туралы» деген мақаласында: «Би ағаның туған жерінде, Қос­танайда оның музейі жоқ. Ал Таран ауданындағы мен көрген музейді музей деп ай­ту қиын. Кеш болмай тұр­ған­да әділеттілікті орнына кел­тіру біздің Президентіміз бас­­таған, Үкіметіміз жасап, қа­­былдаған «Мәдени мұра» бағ­дарламасының жүзеге асу көрінісінің бірі болар еді. Қос­танайға музей керек, әйтпесе ол біздің тарихымызға, ұлттық рухани мұрамыз және қазақ халқының даңқты ұлдарының бірі Бейімбетке деген құрметтің жоқтығы болады» деп жазған екен. Герольд Бельгерден асырып айта алмаймыз. Би-ағаның биылғы мерейтойы жылы осы тілек жүзеге асса құба-құп болар еді, – деді Ғұмар Ғарифұлы.

Бұл кемнің орны толса, рухани дүниеміз де толыға бермек те.

 

ҚОСТАНАЙ