Қазақта домбыра жасайтын шеберлер аз болмаған, қазір де арамызда бар. Қызығы сол, ұлттық аспапты жасау технологиясы бір болғанымен, әр аспаптың үні әр бөлек шығады. Атырауда өткен «Үкілі домбыра» республикалық байқауына қатысушы қолөнершілердің жасаған аспаптарынан да осыны аңғардық.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған шара Ұлттық домбыра күніне арналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 30 үміткердің еңбектерін бағалаған қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтаев: «Байқауға ұсынылған домбыраның үні таза, қоңыр, тембрі жұмсақ, құлаққа жағымды болуы, сырт пішіні эстетикалық тұрғыдан үйлесімді болуы секілді басқа да талаптар қойылды. Бастысы, домбыраның қалпын бұзбай, қазақы қоңыр үннің сақталуы шеберлердің қаншалықты деңгейде екендерін көрсетеді», деп атап өтті.
– Байқау барысында музейдің «Этнография» және «Өлке табиғаты» залдарында қолөнер шеберлерінің домбыра жасаудан шеберлік сағаттары және тері, ағаш бұйымдарынан көрме жәрмеңкесі ұйымдастырылды, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Сая Ғазимова.
«Үкілі домбыраның» бас жүлдесін батысқазақстандық Әсима Иманғалиева жеңіп алды. Жүлдегерлер қатарында есімдері аталған Азат Үзенбаев, Талант Тежекенов, Әсет Исекеев, Мейірбек Ділманов, Ғани Жұмабаев, Ерасыл Уәлиевтер жасаған аспаптар облыстық музейдің қорына қабылданды. Айта кетейік, музей қорында 60-тан астам домбыра жинақталған арнайы коллекция бар.
АТЫРАУ