Жас кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы Айнұр Әмірхан жеңіл өнеркәсіп жолға қойылса тұтас шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгіртуге болатынына сенімді. Ал оны дамытуда стилистердің тәжірибесіне жүгінген дұрыс дейді. Оның себебін былай деп сабақтады.
– Стилистер және байерлер (сән индустриясының сауда агенті) – жеңіл өнеркәсіп пен ритейлді (бөлшек сауданы) алға жылжытатын кәсіби мамандар. Бүкіл әлем олардың көмегіне жүгініп келеді. Өкінішке қарай, Қазақстандағы жағдай басқаша өрбіп жатыр. Біздегі стилистер қалтасы қалың клиенттердің гардеробын реттеп күн көру үстінде. Мұны жақсы үрдіс деуге келмейді. Мысалы, Италияны алып қарайық, онда стилистердің үлкен палатасы жұмыс істеп тұр. Олар сән әлеміндегі соңғы трендті қалыптастырып, қандай киімдерді шығару жөнінде тауар өндірушілерге жол көрсетеді. Неге бұл үрдісті Қазақстанда енгізбеске?! Ол үшін сала мамандарының басын біріктіріп, барлық мәселелерді егжей-тегжейлі ойластыру керек. Жүйелі жұмыстың арқасында ғана Италия және Францияның табысты көрсеткішіне қол жеткізуге болады. Бұл мақсатта арнайы қауымдастықты құруды көздеп отырмыз. Оның көмегімен бірнеше сарапшыларды жұмылдырып арнайы бағдарламаны әзірлеу ойымызда жоқ емес. Аталған іске инвесторларды, кәсіпкерлер палатасын, сол секілді Үкіметті тарту жоспарлануда, – дейді А.Әмірхан.
Жас кәсіпкерлер кеңесінің төрайымы бұл бастама тектен-тек көтерілмегенін нақтылады. Осының алдында ұйым өкілдері сала мамандары арасында сауалнама жүргізіп, қажетті мәліметтер қорын жинақтағанын жеткізді. Соның нәтижесін саралай келе, стилистер кенжелеген өнеркәсіпті арттыруға белді бекем буып отыр.
Аталған бағыттағы тағы бір өзекті мәселенің бірі – Қазақстанда стилист мамандығы оқу орындарында енгізілмеген. Ал білікті мамандарға деген сұраныс біршама жоғары. Сондықтан кадр тапшылығының алдын алу үшін жуық арада арнайы оқыту курсы іске қосылуы мүмкін.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»