Кесене өте шебер тұрғызылған. Мұнда қатарынан екі күмбез бар. Бірі үлкен, бірі кіші, кішісінің астында Ысқақ баб және әйелі мен баласы жатыр. Кіші күмбездің диаметрі 28 метрге жуық, үлкені – 36 метр. Бірнеше ғасыр бұрын өмір сүріп, осы күнге дейін есімі тарихта сақталып келген әулиеге тұрғызылған кесене де бүгінге дейін тозбай, өз қалпын сақтап тұр. Ел ішінде ата-бабадан келе жатқан мынадай қанатты сөздер бар.
«Бабатаның қос тауы төбесі көкке тірелген,
Бабатаның қос өзені, көсегеден бастау алады. Бабатаның қос тауы, қос өзені – теріскейдің бесігі,Бойы биік Ысқақ бабтың сағанасы – пейіштің кірер есігі».
Көріпкел бабамыз Алкен ишан Кеңес өкіметіне дейін әулие кесенесінің басында шырақшы болды. Ол кісінің қосағы Батима әже 1950 жылдарға дейін өмір сүрді. Менің Күміс анамның пірі, тәрбиешісі болған адам. Анам соғыс кезінде осы кісіден бата алып, ел ішінде пірәдар әйел атанған, көріпкелдігін ел құрметтеуші еді. Ел көшіп келе жатқанда туған анамның кіндігін түйенің қомының ішінде Алкен ишан кескен екен. 1952 жылы нағашы әжеміз Ұлбас Ащысай кенішінде 97 жасында қайтыс болды. Әжеміздің анасы бес қыз туған соң, бесінші қызының атын Ұлбас қойған екен. Ұлбастан кейін он екі ұл дүниеге келіпті. Сонда бір өзі он жеті құрсақты болған ғой. Бәрі де өсіп-өнді. Алкен ишанның айрықша қасиетін сол кездегі кісілер айтып отыратын. Бабатадағы медресені салдырған сауатты адам болған, зайыбы Батима әже екеуі жаяулап қажылыққа барып, елге біраз жылдан кейін оралыпты. Алкеннің өзімен бірге жүретін жыландары болған. Өлілермен сөйлеседі екен. Кей жылдары Николай патшаға тарту-таралғымен барып-қайтып жүрген. Бабаларымыз: «Николай сыйға берген шапанды киіп, қылышты ұстап көргенбіз», деп айтып отыратын еді.
Аталар «Әруақ бөлінбейді, әруақ тозбайды» деп айтады. Елдіктің, ерліктің рухы әулие-әмбиелерде екен ғой. Алкен мен ол кісінің зайыбы Батима туралы уақытында күрделі әңгімелер айтылып жүрді. Ишанның қолжазба кітапшалары Батима әжеде болушы еді. Содан бізге көп әңгімелер оқып беріп отыратын. Бестерек елі, одан шыққан Абылай ханның тақ қорушысы Сеңкібай батыр туралы зерделеп айтатын. Осы кезде Ысқақ бабтың ақ жыланы мен Баба Түкті Шашты Әзиздің белгілі балығын көргендер арамызда бар.Аруақ жолы мен табиғаттың құпиясы жетерлік. Енді кеңес заманындағы ұлы ғалымның табиғат құпиясы, білгені мен сезгені туралы өз ауызынан естігенімді айтайын. Біз академик Ісмет Кеңесбаевтың қазақ тілі грамматикасымен сауат аштық. Ол – Созақ елінің тумасы, Алкен ишанмен құдандалы. Ісметтің қарындасы Гүлжахан Алкеннің туған жиені Үсейдің жұбайы болған. Қазір бұл өсіп-өнген іргелі әулет. Үсекең – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ісметтің Үсекеңе әзілін өз аузынан естіген едім. «Соғыс жеңіспен аяқталған соң Үсекең Берлиннен шығып, жол-жөнекей Мәскеуге соқса, сол жерде орден-медаль тарататын мекеменің бастығы Алкен жиені Үсекеңе омырауын толтырып, орден тағыпты. Қалғанын дорбаға салып, арқалатып жіберіпті», деп күлдіріп отырушы еді. І.Кеңесбаевтың көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаев туралы тамылжытып айтар мынадай әңгімесі болды. Қаныш ағамыз бірде еңбек демалысын алып, қасында он бес жасар баласы бар, өскен өңірі – Жезқазғанға барып, шопан ағасының үйіне түседі. Күнде ертелеп інісі екеуі малды өріске шығарысып, мал қайтарында қарсы алады екен. Бірде малдың алдынан шығып, мынадай жағдайға кез болыпты. Жайылып келе жатқан қоралы қой, бағытын өзгертіп, жүрмей қояды. Жөнге жүрмеген малды үш кісі қамшылап, қысып айдайды. Мал суатқа шөлдегендей шулап кетеді. Қамшыдан қысылған мал әлгі жерден өткенінше пышаққа іліге береді. Сол жердің топырағын көп уақыт бойы тексерген ғалым топырақтан еш өзгеріс таппайды. Құралдарын да тексеріпті, еш өзгешелік білінбепті. Осы жағдайға шүкіршілік еткен ғалым Алматыдағы өзі қатарлы зиялы кісілерді, белгілі ғалымдарды үйіне мейман етіп шақырып отырып айтқан екен: «Ей, жігіттер, сіздер теріс түсінбеңіздер, табиғатта еге бар, ол – жалғыз құдай, құдай жолынан алыстауға болмайды. Құдайдың бары шындық», деп, көріп, сезіп білгенін түсіндірген екен.
Қаныш туралы өзімнің білгендерімді айтайын. Ғалымның өмір тарихын күллі ел біледі ғой. Ал оның Құдай жолы – тылсымның белгілері мен табиғат құпиясын тануы мынадай еді. Соғыстан кейінірек Ісмет пен Қаныш бірге Түркістанға келіп, одан Ащысайдың кішкентай пойызымен Ащысайдағы өрт сөндірушілердің бастығы Тұрдықұл Жаулыбаевтың «неміс машинасы» деп атап жүретін кішкентай жеңіл машинасымен Шолаққорғандағы Есіркеп Паридиновты алып, Бабатадағы ұжымшар жылқышысы – менің бабамның жайлаудағы қара үйіне түсетін. Есіркеп пен Тұрдықұлдың әйелдері бабамның немере қарындастары болып келеді. Сондықтан бұл екі кісі бажа еді. Қымыз ішіп жатқан болып, күндіз үйде, қараңғылық түсе Ысқақ Бабтың сағанасына түнеп, таң қараңғысында қайтып келеді. Осындай жағдайды екі-үш жылдай көріп жүрдім. Академик Ісмет пен академик Қаныш бір мекемеде қызмет істеген. Ісмет пен Есіркеп туысқан адам.
Тағы да бір айтарым, Кеңес Одағының көрнекті ғалымы, қолөнер шебері Ғани Иляев туралы аз-кем сөз. Бұл 1968 жылдың тамыз айы болатын. Мен ол кезде Жартытөбе кеңшарының бас бухгалтерінің орынбасары едім. Бас бухгалтер Мәдібек Өмірқұлов еңбек демалысында жүрген-тұғын. Ал кеңшар директоры Исабек Мырзахметов ауылда жоқ еді. Түскі мезгіл таянған кез. Конторға орта бойлы, реңі таза, қоңыр костюм шалбарлы, қоңыр бас киімді, қолында қоңыр портфелі бар, аяғында қызыл-қоңыр туфли, барлық киген киімі және сөйлеген сөз мәнері өзіне жарасып тұрған кісі келіп, сәлемдесіп болған соң № 169 сенімхатты маған берді. Әлі ұмытқан жоқпын. Түстен кейін кеңшар директоры Исабекке кіріп, екі тонна жүн алатын болды. Жұмыс басталып кетті, үлкен бөлмелі жұмыс істейтін орын берілді. Сонда ауылдағы қолынан іс келетін әйелдерді жинап, орама ши, кілем, қара үйдің дөдегесі, бау шуы, аяқ-қап, кесеқап, сырмақ сияқты бұрынғы бабалардан қалған мүліктерді қайта жаңғыртып жатты. Біздің үйде үш ай тұрып, көп жұмыс атқарды. Сол ғалымның бір әңгімесі – Ғани 3-жасында ата-анасынан жетім қалып, тұлжетім күйінде Қарасуан бұлағында қысы-жазы мекен ететін елдің белгілі байының қолында өмір сүріпті. Ғани 5-6 жасқа жеткенде тақыр жер көрсе сурет салып жүргенін нағашы атасы байқап, «Қой, балам, сурет – сайтанның кәсібі. Онымен айналыспа» деп тыйып тастап жүреді. Нағашы атасы Ғаниды қасына алып, Бабатадағы Алкен дамоллаға оқыту үшін алып барса, сабақ басталып кеткен екен. Үш күн әулиеге түнеп, зиярат жасап қайтады. Қарасуан бұлағының айналасы тақыр үш үй сыйғандай орын болады екен. Қалған жағы жыныс орман. Ғани сол тақырға Ысқақ Бабтың сағанасының суретін салып отырса, бір мезгілде бетіне ыстық леп келеді. Басын көтеріп қараса, екі құлағы бар, жуандығы адамның бойындай. Үлкен жылан төніп қарап тұр екен дейді. Содан Ғани талып қалады. Ауыл жақтан көріп қалған нағашысы айқайлап, дыбыс береді. Жылан зиянсыз өз бетіне кеткен екен. Сол Қарасуан бұлағы айдарлы Қарасуан атаныпты. Жылан сағананың суретіне тәжім етіп тұрыпты. Жергілікті халық оны «Ысқақ Бабтың Алкенге ілесіп, одан кейін Тәшіметке ілесіп жүретін жыланы» дейтін. Сол жылан қазірдің өзінде бірлі-жарым көзіқарақты кісілерге көрініп қалып жүреді.
Ғани туралы тағы бір әңгімеде – Қазығұрт тауының етегінде орналасқан бір ауылдың қариясы Социалистік Еңбек Ерінің портретін жасап беруге шақырады. Ғаниға есік алдындағы бау ағашының ішінен орын дайындатып, қария Ғаниға: «Әй, балам, арақ ішіп қойма, қасыңа менің бабам келіп қалуы мүмкін», дейді. Портрет жасап отырған Ғанидың қарсы алдында басын жерден бір метрдей көтеріп келе жатқан дәу жылан көрінеді. Екеуі көз түйістіріп қалғанда жылан өз бетіне кетіпті. Мұны білген қарт кісі Ғанидан «Жылан қанша рет басын иді?», деп сұрайды. Ғани: «Екі рет иді», деп жауап береді. «Арақ ішпегеніңде басын үш рет иетін еді, сонда сенің арманың өмірбақи орындала беретін еді ғой», депті. (Бұл әңгіме жазушы Амантұр Мұсаевтың кітабында жазылды). Мұны Ғанидың өз аузынан да есіткенмін.
Ғани Кеңес Одағынан бірінші болып Арабияға туристік сапарға қосылады. Онда Ғанидың араб тілінде сауаттылығын таныған Арабиядағы дін иесі, тиісті тәртібімен шақыртып алып қабылдайды. Мұсылманша сәлем беріп кірген Ғаниды орнынан тұрып, мұсылманша сәлемін қабылдап, қарсы сәлем береді. (Алкен ишаннан көп жыл оқып, арабша күрделі сауаттанған адам ғой). Дін иесі Ғанидан: «қай елсің?» деп сұрағанда: «Өзім қазақпын, сүйегім де қазақ, жүрегім коммунист», – дейді. Қазақтың жерін, қалаларын сұрағанда, қалаларын білмейтін болып шығады. Ең соңында Түркістан қаласын атаған кезде, «Нағыз мұсылман халық екенсіңдер. Түркістан – екінші Мекке-Мадина ғой», деп ризашылықпен қолын берген екен. Ғани үш ай үйімде жатқанда, әкем екеуі әр бейсенбі, жұмада әулиеге барып түнеп жүрді. Менің әкем де, бабам да арабша жаза да, оқи да білетін сауатты адамдар болған. Теріскейдің жылқылы байының баласы Тәжібек 1930 жылдары елде әдепкі ұжымшар ұйымдасқанда, екі байталға жылқышы болып бекітіліп, 1954 жылы баласы – менің әкем Сарыға екі байталдан 302 бас жылқы етіп өсіріп, өткізді. Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері. Біраз жыл ұжымшар бастығы болып, кейін де басшылық қызметте болған кісі еді.
Түркістан күнгей жері атанса, Ысқақ Баб тұрған жер күнгей мен теріскейдің арасындағы көсегеннің көк жонын Қарт Қаратаудың сілемінде жатыр. Бұрын қарт Қаратау екі елдің арасына асу бермей жататын еді. Бұл жерде Торлан асуының Теріскей жағында биік таудың бетінде қолмен қойғандай өте үлкен ақтас бар. Бұл мекенді Айтас деп атайды. Жердің күнгей атануы, оның суы батысқа ақса, теріскейдің суы шығысқа ағады. Сол үшін күнгей, теріскей елі атаныпты. Сол Торлан нағашыларым мекен еткен жер екен. Халықта бұл киелі жер деген ұғым бар. «Айтас – айдаһар қамалдың есігі» деген аңыз бар. Айдаһар қамалдың алдында он екі жасар Қамысбай, тоғыз жасар Шойынбет, тоғыз жасар Тоқболат асық ойнап отырса, өздері қатарлы таныстығы жоқ бала келіп қосылады. Біраз ойнаған соң, «Әй, Қамысбай, басыңды көтер», деген дауысқа қараса, әлгі бала қарт кісіге айналып, «Қамысбай, саған емшілік, бақсылық, Шойынбет саған билік, Тоқболат саған байлық», деп көзден ғайып болыпты. Мен сол Тоқболаттың ұрпағымын. Қазіргі абайтанушы Жабал Шойынбетов – Шойынбет бидің ұрпағы. Қамысбай – қырғыз-қазаққа белгілі емші, көрсетері күшті бақсы болыпты. Шойынбет қазақ еліне белгілі әділ би болған екен. Бірде Шойынбет қазақтың белгілі жатып қалған қарт биіне барып, сәлем береді. Қарт есіктен кіріп сәлем берген, жас жігітке: «Қай баласың, әй», деп сұраса «Шойынбетпін» депті. Сонда қарт кісі: «Бәрекелді, даңқыңа» деп қасынан төрден орын берген екен. Тоқболат байлығы тасыған, елдегі даңқты кісінің бірі болыпты. Елде «Тоқболаттың алты ұлы алты рулы ел емес пе?» деген сыйлы сөз тараған екен.
1963 жылы Бабата фермасында бухгалтер болып жүрдім. Кеңшар директоры Спағұл Малдыбеков шақырып алып: «Сіздер ет комбинатына өткізген он жеті бас түйенің он бесіне квитанция алдыңыздар, қалған екі бас түйеге «өлді» деген құжат жасалады. Оны өзім бекітіп беремін. Екі нарды баз меңгерушісі Магамат Лавазанов комбинатқа өткізіп, ақша алып, Шымкенттен Ысқақ Баб әулиені қоршайтын темірлер әкеледі. Сіз осы қоршауды орнатуда басы-қасында болыңыз, құдай алдында жауап бересіз» деп әзіл айтты. Сол Спекең 1967 жылға дейін Жартытөбе кеңшарында директор болып істеп, осы жылы Шымкент облысының Оңтүстік ауданының біріне аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, зейнетке шыққанынша абыроймен атқарды. Магамат Лавазановты жұрт «сақал» деп атаушы еді. Өйткені сақалды кісі еді. Ол – шешен ұлтының азаматы, соғыс уақытында 20 шақты үй ауып келіп, Таскөмірсай елді мекеніне орналасып қалғандар. Бұл кезде Таскөмірсай елді мекенінде мал бордақылау мекемесі бар болатын. Махаң осы мекемеге өмір бойы баз меңгерушісі болды. Арабша сауатты адам еді. Сонымен қатар өте күзірлі тұратын. Ақша сұрап келген кісіге сұраған ақшасын беріп, өзі әкеліп қайтарғанынша сұрамайтын. Бала сияқты көңілді жүргенді ұнататын еді. Мен: «Маха, сіз ақшаны қайдан аласыз?» деп сұрағанымда, Шешенстанда әкем алтын ұстайтын күзірлі адам болды. Мен мұнда көшіп келген соң, алтындарымды ақшаға айналдырдым», деді. Осы кісімен көп жыл қызметтес болдым. Махаң ораза, намазын қаза етпейтін діндар адам еді. Ұл-қыздары да тәрбиесіне қарай, мәдениетті, иманды болып өсті. Махаң мен Спекең екеуі бірге сыйлас тұратын. Екеуі де көзге түспей әулиеге барып, түнеп жүреді екен. Махаң Спекеңді мәдениеттілігі мен имандылығына қарап, пір тұтушы еді.
Бірде жаугершілік қосын жатқан Абылай ханның әскеріне жау тосыннан шабуыл жасайды. Абылай Бестерек елінің батыры Сеңкібайға: «Таққа еге бол», деп тағын тапсырады. Ол кезде хандар тағын өзімен бірге алып жүреді екен. Жауын жеңген Абылай аман-есен тағын тапсырған батырға: «Түу, Сеңкібай, көзсіз батыр екенсің ғой», дегенде Сеңкібай ханға басын иіп тұрып, «Тақсыр, сіз маған тағыңызды тапсырған кезде әулиенің ақ құсы бізді қалың орманға бастап барды», дейді. Сонда Абылай: «Түу, Сеңкібай, сенің өзіңнен де жол басшың күшті екен ғой», деген екен. Бұл дерек Алкен ишанның Батима әжедегі қолжазба кітабынан алынды.
Бүгінгі елге де мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген бабамыз Ысқақ Баб әулиенің шарапаты молынан дарысын! Орынбек САРИЕВ, Шолаққорған ауылының тұрғыны