«Амплитуда» – сан алуан тақырыпта жұмыс істейтін жас суретшілер тобы. Жас та болса олар Қазақстанда, алыс шетелдерде танылып үлгерді. Топтағы суретшілердің көркем тілдері түрлі болғанымен, төрт суретшінің басын қосып, ортақтастыратын дүние – түске деген құштарлық. Көрмедегі «Таңғажайып адамдар» бағдарламасы арқылы ТМД елдері көрермендеріне кең танылған, суретті көзін жұмып салатын Ренат Елубаевтың, сәндік-қолданбалы өнермен қатар кескіндемемен, сондай-ақ қоғамдық жұмыстармен де белсене айналысатын Гүлдана Жұрқабаеваның сюжетті картиналары мазмұн кеңдігімен ерекшеленеді. Ал абстрактілі бейнелеу арқылы идеяны ашық бояулар арқылы әсерлі жеткізетін Мария Бендарьская мен Венеция биенналесінің қатысушысы, Қазақстанға арнайы шақырумен келген суретші «Астана Опера» театрымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрген Наира Туманянның соңғы жұмыстары суретші түйсінген шындықты айқын көрсетеді.
Ғарыштық атмосфераны кенеп бетіне суреттеген автор Гүлдана Жұрқабаева өз ойын былай жеткізеді: «Көрмеге қойылған біздің туындыларымызды көрген жан не айтқымыз келгенін сөзсіз ұғатынына күмәнім жоқ. Атауының өзі түрлі-түсті картиналардың эмоционалды тетігі деуге келеді. Сондықтан әр қылқалам иесі – өзінше жасампаз тұлға. Өзге суретшілер сияқты мен де өмірден, махаббаттан, сезімнен нәр аламын. Менің шығармаларымның басты нысаны адамдар. Мұнда да әйгілі екі әйелге арналған екі туындым қойылды. Олардың жарқын бейнесі, болмысы, шығармашылығы мені ерекше таңдандырды. Мен олардан өзімді көремін».
Жаңа буын суретшілері бүгінгі заманның куәгері ретінде концептуалды шешімге құлаш сермей отырып, композициялық ырғақты әрқилы жеткізеді. Құлпырған бояулар динамикасы көрінбейтін шындық реализмін қиял жетегінде шарықтады. «Олардың ойланысы, үміті, табысы, бақыты, қиялы мен дауысы жас суретшілердің толассыз ізденіс үстінде жүргендерін көрсетеді. Бірі абстракцияға ден қойса, енді бірі форма арқылы ізденеді. Бұл жолғы жұмыстарын салыстыра қарай отырып, бүгінгі бояуларында сары, қызыл, көк сынды бірыңғай жағымды түстер басым түскен. Жақсылықты іздеу, көрген-білгенін өз шығармашылығында көрсету. Болды, толды деп айта алмаймыз, әр көрме – өсу, дамумен сабақтасады. Жастар кешегі мен бүгінгі жеңістерді өз жұмыстарында үндестіріп, айдай әлемге көрсете алса деген тілегім бар», деген Қазақстанның мәдениет қайраткері, ардагер суретші Ермек Асылханов жастардың шығармашылық ізденудегі уақыт тынысын дөп басар еркіндік пен бостандық идеясын алдыңғы қатарға қояды.