Сейсенбі, 19 наурыз 2013 1:40
Облыс аудандары арасындағы рейтинг бойынша әрдайым алдыңғы саптан көрініп жүретін ұлы ақын атындағы өңір қоғамдық өмірдің де, шаруашылықтың қай жағынан болсын да өнегелі істерімен танымал. Дамуға қарқын қосқан бірқатар жаңашыл бастамалар, алдағы міндеттерге негіз қалаған ірі жобалар осы аймақта пайда болып, өзгелерге үлгі тұтылып қосталып жатады. Жалпы алғанда егін, көкөніс және мал шаруашылығы басты сала саналатын ауданда оң өзгерістер бағыты соған түзелген. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асыру алға қойылған жаңа жобалардың мақсат-міндеті де сол.
Сейсенбі, 19 наурыз 2013 1:40
Облыс аудандары арасындағы рейтинг бойынша әрдайым алдыңғы саптан көрініп жүретін ұлы ақын атындағы өңір қоғамдық өмірдің де, шаруашылықтың қай жағынан болсын да өнегелі істерімен танымал. Дамуға қарқын қосқан бірқатар жаңашыл бастамалар, алдағы міндеттерге негіз қалаған ірі жобалар осы аймақта пайда болып, өзгелерге үлгі тұтылып қосталып жатады. Жалпы алғанда егін, көкөніс және мал шаруашылығы басты сала саналатын ауданда оң өзгерістер бағыты соған түзелген. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асыру алға қойылған жаңа жобалардың мақсат-міндеті де сол.
Айта кету керек, өңір келешегіне байланысты өміршең жобалардың ең таңдаулысын іріктеп, ұтымдысын тауып ұсына білуге талапшылдық осы ауданға тән үрдіс. Биыл облыстық индустрияландыру картасына 6 бірдей жобаның енгізілуі соның нақты айғағы. Бірдей деуіміздің себебі, облыста осынша жоба жолын болдыруға бел буған бірден-бір өңір осы.Сонда бұлардың ерекшелігі неде десек, қай-қайсысы да аймақ экономикасының ертеңгі тынысын тыңнан серпілтуге, қолдағы мүмкіндік құлашын кеңейтуге, қалыптасқан үрдісті үйлесімді жаңғыртуға негізделген. Мәселен, көкөніс, картоп өсірумен атақты Көксудағы «Шанс» шаруа қожалығы енді онымен бірге жылқы түлігін өрбітуді мықтап қолға алуды бастады. Оның тұқымын асылдандыру арқылы, әсіресе, еттік түрі түлетіледі. Қымыз өндіруге де ден қойылады. Келесі жылы жалпы саны 1 мыңға жетеді. Қарағанды, Абай, Теміртау, Шахтинск қалаларынан алыс емес шаруашылықтың көздегені олардың тұрғындарына семіз соғым дайындап тұрумен қоса, сондай-ақ, одан ұлттық үрдісте жасалатын қазы, шұжықты брендтік тағамға айналдыру, экспортқа шығару болып табылады.Көксу демекші, осы ауыл кәсіпкерлерінің тағы бір ынташылдары, атап айтқанда, « Астро-Агро» ЖШС еттік-сүттік бағыттағы тауарлы фермасын құруға кірісті. Мұнда «Әулиекөл», қазақтың ақбас сиыры секілді асыл тұқымды малдардың 600 қарасы бағылып-күтіледі. Жазда өз аяғынан еркін жайылатын, қыста жайлы қораларда ұсталатын, құнарлы жемшөп қоңдылығын сақтайтын ферманың жұмысын ұйымдастыру, еңбек жағдайын үйлестіру дамыған елдердің осы тектес құрылымдарынан кем соқпайтын болады. Ал Топар кентінде қысы-жазы үзілмей көкөністің үлкен сұранымға түр-түрі өсірілетін жылыжай өнімдері осы көктем басынан тұтынушыларға жетіп жатыр. Алу да қиын емес, арнаулы дүкендерде сатылады. Сырт жерлерден жеткізілетіндерден гөрі топарлықтардың көкөністері сөрелерде көп тұрмайды.Облысты картоп, қияр, сәбіз, тағы басқа көкөністермен қамтамасыз ете алатын аудан дәнді дақылдардың баламалы түрлерін өсіруді көбейтуге де басымдық беріп отыр. Соның ішінде бұршақ, майлы, өсімдіктер, көп жылдық шөптер көлемі биыл екі есеге ұлғайтылады. Мәселен, «Татуин» ЖШС өңірде алғашқылардың бірі болып зығыр өсіруге біржола бет бұрды. Аталған жобаларды іске асыруға 400-ге тарта жаңа жұмыс күші тартылады.Алдымен картоп өсіру жағынан атағы алысқа аян ауданда бұл өнімнің вирус жұқтырмайтын тұқымын қалыптастыру бойынша ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Геннадий Лидің жетекшілігімен жүргізілген селекциялық жұмыстар өз нәтижесін берді. Бұған дейін Голландия тұқымын отырғызып келген жергілікті картопшылар бұдан былай қарай оған қол жаймай төл тұқымға қолдануға көшетін болды.Бұл күнде Шерубай-Нұра, Есен, Нұра өзендері бойындағы топырағы құнарлы, шөбі шүйгін бұл аймақтың сай-саласы суға толып, жер нәрлене түсуде. Жергілікті еңбеккерлер береке көзін барынша ұқсатып қалуға ұмтылуда.
Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы,Абай ауданы.