«Япырай», «Бір арпа бидай», «Шәпибаяу», «Тілеуқабақ», «Екі жирен», «Ақ қурай», «Баянауыл», «Сұржекей» сынды халық әндеріне қоса Ақан серінің «Сырымбет», Сегіз серінің «Қарғаш», Мәди Бәпиұлының «Қаракесек», Естайдың «Құсни-Қорлан», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», Мұхит Мералыұлының «Айнамкөз», Зілқара Байтоқаұлының «Жиырма бес» шығармалары, аспаптық туындылардан М.Төлебаевтың скрипкаға, К.Күмісбековтің виолончельге арналған поэмалары, Ә.Мәмбетовтің Трио-Элегиясы сыршыл да сазды сипатта орындалып, сезім толқынындағы ән желкені жан тербеді.
Әлемнің 50-ден астам елінде шеберлік сыныбын өткізіп, қазақ ұлттық опера өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген Шахимардан Әбіловтің кім екенін тағы бір мәрте әйгілеп айтып жату, артық болар, сірә. Дей тұрғанмен Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы ол сомдаған Абай бейнесі бүгінде қазақ ұлттық опера өнері тарихындағы шоқтығы биік айтулы партия ретінде жоғары бағаланатынын, ақынның ұлы жүрегінің махаббатын, ішкі жан тебіренісін, толғаныс-толқуы мен арман-аңсарын асқақтата шырқап, әупілдектей әуелеткен әр сәтін көпшілікке өнеге ете жүрсек, мұның өзі кейінгі өскелең ұрпақ үшін мәні зор өнеге болмақ. Шахимардан Әбілов бейнелеуіндегі Абай мұрасы бұған дейінгі сүрлеу-соқпаққа ұқсамайтын өзгеше сұлу өрнегімен, байсалды да сымбатты күйімен ерекшеленіп, көңілді әрдайым сыршыл сазбен көмкеріп тұратындығы ең алдымен, қай шығарманы да оның көңіл безбеніне салып, жүрекпен орындауында. Ал Вердидің «Риголетто», «Травиата» және «Аида» спектакльдеріндегі Риголетто, Жермон, Амонасро, Чайковскийдің «Қарғаның мәткесіндегі» – Томский, Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығындағы» – Грязнов, Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай ханындағы» Бұқар жырау сынды шоқтығы биік партиялары өз алдына бөлек иірім, әлемдік һәм отандық рухани қазынаны қатар игерудегі сан тарау ірі жетістік дер едік.
Түркия Президенті С.Демирелдің бастамасымен сахналанған «Арарат туралы аңыз» операсындағы Ахмет рөлін түбі түркі жұртынан түрік тілінде сайратқан тұңғыш қазағыңыз да, түрік бауырлардың «Көроғлы» операсына арнайы шақыртылып, бас партияны орындаған тұлғаңыз да міне, осы әнші екенін біреу білсе, бүгінде біреу біле бермеуі мүмкін-ау!
Италиян, орыс, неміс, т.т. сол сияқты небір әлемдік ән мектептерін шебер меңгере жүріп, өзіңнің халқыңның жан дүниесіне етене жақын, ХІХ ғасырдың өзінде-ақ кәсіби тұрғыда кемелдікке жеткен қазақ ұлттық ән мектебін әрдайым қадір тұтып өтуді, қай сахнада болсын төл мұраны, дала мәдениетін басқа өркениеттің мәдениетінен оқ бойы оздыртып, мерейін үстем етуді өмірлік ұстанымға айналдырған әнші Лондонның әйгілі Барбикан орталығында, Париждің ең мықты Плейель залында, Мәскеудегі Композиторлар одағы залында, Чайковский атындағы консерваторияның Кіші залында, әсіресе халық әндерін үзілдіре шырқағанда ондағы халық орындарынан өре түрегеліп, қазақтың халық әндерінің кереметтігіне таңдай қаққанын әншінің өз аузынан естіп қалған жайымыз бар.
Бұл туралы өзі: «Шетелдегі сондай бір кезекті концерттен кейін танымал бір тұлға келіп: «Мынау неткен ғажап дүние! Әлгінде орындаған тамаша туындыңыздың авторы кім, композиторы кім? Мұндай классикалық үлгідегі халықтық шығарманы алғаш рет естуіміз» деп ән тарихын қызыға сұрастырып, сүйсініс білдірді» деп жазды.
Ал «Астана Опера» театрының жетекші солисі Жұпар Ғабдуллинаның вокалдық, сахналық шеберлігі, дауыс ерекшелігі көпшілікке кеңінен мәлім десек, жақында ғана ол Түркияда өткен Халықаралық Ыстанбұл опера және балет фестивалінің мерейтойлық оныншы ашылу салтанатына қатысып қайтты. Дж.Пуччинидің «Турандот» операсындағы басты партияны орындаған қазақ әншісіне сарапшылар жоғары баға берді. «2500 орынға шақталған Zorlu PSM Studio концерт залында ине шаншар орын болған жоқ», деп жазды бұл туралы жергілікті басылымдар.
Журналистерге берген сұхбатында Жұпар Ғабдуллина концерттің ерекшелігі туралы айта келіп:
– Себебі опера әншісі үшін камералық музыканың орны қашанда бөлек, – деді. – Құрманғазы атындағы консерваторияның аспирантурасында Шахимардан ағаның сыныбында оқыдым. Сол себепті камералық залда ұстазыммен бірге өнер көрсету бақытына ие болғаныма қуаныштымын.
Екіншіден, көрерменге қазақ халқының төл туындыларын орындау, сырнай, домбыра аспаптарында шырқалған көне дүниелерді, сал-серілер мен дала композиторларының шығармаларын ұсыну баға жетпес байлықты үлгі тұту деп есептеймін. Ұлан-ғайыр, кең-байтақ өлкемізде туған байырғы сансыз сарынды ұдайы дәріптеп отыру – әрбіріміздің басты парызымыз. Ата-бабаларымыздан қалған осынау асыл мұраны, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша сақталып жеткен жауһар туындыларды классикалық үлгіде жаңғырту жобасы мұнан кейін де әрі қарай жарасымды жалғасын таба береріне сенемін.
Классикалық музыка кешінде сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Раушан Бескембирова (фортепиано) өнер көрсетті.