Алайда біз оған дейін әлеуметтік желілердің әдебі туралы сөз қозғай тұруға мәжбүрміз. Адамның өзіне ғана тиесілі қайғысы мен қуанышын, жетістігі мен жеке өмірін күн сайын, тіпті сәт сайын күллі әлемге жария етіп, біреудің қызғанышын, енді біреулердің мұңы мен қасіретін шақыратын, бітпейтін де қоймайтын жарияланымдардың түбі қайда барып тіреледі?!
Әрине, бүкіл әлеуметке қатысты, пайым-парасатыңа қозғау салатын жетістіктер болады. Яки, қоғам сабақ алуға, түзетілуге тиісті айтпасқа, жазбаса болмайтын көзге ұрып тұрған кемшіліктер бар. Ешқандай цензура мен тыйымды талап етпейтін желілердің пайдалы тұсы да осы жерде.
Бірақ, жаңа туған сәбиді жалбыратып, қырқынан да шықпаған періште нәрестені күллі әлемнің көзіне тосу ықылым замандардан келе жатқан ырым-дәстүрлеріміздің қайсысымен қабысады?!
Ешқандай өмірдің игілігі өздігінен келе салмайды. Бірақ, армандаған кең үйдің іргесін көтеріп, оны мыңдаған әзірге баспанасыз қиналып жүрген жандарға сүйіншілеу, біреулер жеуге нан таппай отырғанда, «табиғатқа шығып, кәуап пісірдік», «қымбат ресторанда тамақ ішіп отырмыз» деп мақтанға салу мұсылманшылыққа да жатпайды.
Бәріміз де пендеміз, ұлдарымыздың университетті үздік бітіргені, қыздарымыздың қияға қонып, аққудай сыланып, ұзатылып бара жатқаны қуантады. Дегенмен, сөз бен көздің қатері үлкен екенін жиі қаперден шығарып аламыз.
Алған көлігің, сыйланған айфон – оның бәрі де адамның жеке меншігі.
Әлеуметтік желі кейде қуанышыңа ортақтасады, көп жағдайда көпшіліктің қызғанышы мен ашу ызасын туғызады. Бұған мысалды алыстан іздемей-ақ қоялық. Осыдан 3-4 жыл бұрын фейсбукте отырғандар еліміздің танымал ақын қызын әлеуметтік желіден қуып шыққан-ды. Замандасымыздың күн сайын соғым етін асып, өткен жылғы, алдыңғы жылы желініп үлгермеген қазы-қарта, жал-жаясы, аста-төк дастарқаны көп ұзамай-ақ әлеуметтік желіде отырғандардың «жынына» тие бастады. Адамдардың мұндай жайттарды қабылдауы әртүрлі ғой. Бұл қызғаныш пен ашу-ыза көп ұзамай үлкен талқылауларға ұшырап, ақын қызымыз қайтып бұл әлеуметтік желіге оралған жоқ... Ал шын мәнінде ол ақын сөзі зерделі, өмірі күрделі тұлға болатын.
Демек, қиыншылықтарыңды ұмытып, қайғы-мұңыңды ысырып, өміріңнің тек қуанышты кезеңдерін жарнамалауды көңіл күйі әртүрлі виртуалды әлем қабылдай бермейді. Өйткені бұл әлем түрлі-түрлі пиғылдағы адамдардың барлығына ортақ. Тек жылана берсең, тек шағымдана берсең ұнайтын, мына өмірдің тек көлеңкелі жағын ғана көре алатын адамдардың көпшілігі осында.
Ал жақсылық, қуаныш іздеген адам саяхатқа шығады, гүл отырғызады, армандарын жүзеге асырады, қысқасы, қарапайым ғана әрекет етеді. Нәтижесінде жетістіктер мен жақсы күндерге жетеді.
Ал енді бұл мәселенің бір жағы ғана. Бірақ, жеке өміріміздегі қуаныштарымыз бен жетістіктеріміз өзін қорғауды, сұқ көзден сақтауды сұранып-ақ тұр. Кез келген табысқа қандай бейнетпен жеткенің өзіңе ғана мәлім.
Әлеуметтік желілерде тілі ащы, айтып тастағыш, жазып тастағыштар ғана емес, сұқ көзділер, өзгенің қуанышына ортақтаса алмайтын неше түрлі ниет бар.
Қандай қуаныш болса да жалаулатпай, іштей шүкіршілік етіп, іштей тәубе деп отыратын елдің ұрпағымыз. Отбасымыздағы жеке жетістіктерімізді жаһанға жария етпек түгілі, өз жақындарымыз да іштарлық танытып қалатынын ата-бабаларымыз: «Ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды» деп баяғыда-ақ айтып кеткен.
Ал тіл-көздің бар екені қасиетті Құранда да айтылған, ғылым да дәлелдеген.
Құранның бір аятында: «Әй, балам! Көрген түсіңді өз бауырларыңа айтушы болма! Олар саған бір қулық жасап жүрмесін» («Жүсіп» сүресі) дейді. Бұл бір пайғамбардың екінші Пайғамбарға айтып отырған сақтығы.
Дәл осы «Жүсіп» сүресінде Жақып Пайғамбар (а.с.) өз ұлдарын Мысырға жіберіп жатқанда, оларға бір қақпадан емес, бірнеше қақпаға бөлініп кіруді тапсыратыны бар. Оның да астарында сөз бен көз жатыр. Ал ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің үмбетімнің көпшілігі тағдыр мен қазадан кейін, көбінесе, көз тигеннен қайтыс болады», – дейді.
Алланың Елшісі (с.ғ.с.) өз үрім-бұтағын осылайша қорғап, үлкен бәледен, қауіп-қатерден сақтандырады.
Мұнан артық не айтуға болады?!