• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Шілде, 2019

Ауыл жастарын не толғандырады?

1963 рет
көрсетілді

Жастар жылында ауқымды іс-шаралар қолға алынып, жастарды жан-жақты қолдауға барынша көңіл бөлініп жатыр. Соның ішінде жастардың әлеуметтік жағдайы – басты назарда. Осы ретте ауыл жастарын қандай проблемалар алаңдататынына мән берген маңызды. Ауылдың гүлденуі елдің еңсе көтеруіне серпін береді. Ал жастардың күші болмай, ауылды көркейту – күрделі шаруа.

«Жастар» ғылыми-зерттеу ор­та­лы­ғы ауыл жастарының жай-күйін зерт­теу мақсатында тұрғылықты жерлер­дегі мәселелерге қатысты әлеуметтік сауал­нама жүргізген еді. Соның нәти­же­сінде ауыл-аймақтағы жастарды не толғандыратыны туралы бі­раз мағлұмат жиналды. Атап айтсақ, бірінші кезекте жастарды азық-тү­лікке, халық тұтынатын тауарлар­ға жоғары бағалар мен табыс дең­гейінің төмендігі алаңдатады. Сауал­нама қатысқандардың 40%-дан көбі осы мәселелерді бөлек атады. Бұдан кейін жұмысқа орналасу және жұмыс­сыздық мәселесін айтып қынжылыс біл­дір­гендер 38,8%-ды құрады. Респон­денттердің шамамен бестен бір бөлігі өз баспанасының жоқтығына, жоғары білімнің жоғары құнына және несиелер бойынша қарыз міндеттемелеріне шағымданған. Сондай-ақ басқа да мә­селелер көрсеткішіне тоқталсақ, ертеңгі күнге деген сенімділіктің болмауы – 11%, жастардың бос уақытын өткізу – 11%, медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігі – 9%, сыбайлас жемқорлық – 8,7%.

Ауыл жастарының қалаға қоныс аудару үрдісі қарқын алып келе жатқаны – белгілі жайт. Жоғарыда айтылған жастардың проблемалары осы жағдайдың салдары екені түсінікті. Енді жиналған деректерден тақырыптың тағы бір қырына үңілуге болатынын байқадық. Ол – қай проблеманың қай өңірде өзектілігі басымырақ болып тұрғандығы. Мәселен, азық-түлікке, халық тұтынатын тауарларға жо­ғары баға мәселесі көбінесе Қостанай (84%), Қызылорда (63%), Батыс Қазақстан (58%) және Атырау (55%) облыстарының жастарын толғандырады екен. Табыс деңгейінің төмендігіне Қостанай (88 %), Жамбыл (64%) және Ақтөбе (51%) облыстарының жастары алаңдаулы. «Екі қолға бір күрек» іздеген жастары көп өңірлердің үштігіне Қостанай (62%), Маңғыстау (56%) және Алматы облыстары (52%) кіреді. Басқаларға қарағанда баспанасының болмауына көп бас ауыртатын Алматы (42%), Маңғыстау (32%) және Атырау облысында (52,2%) тұратын жас азаматтар екен. Жоғары білім алудың құны шарықтап тұр деп санайтындар – Солтүстік Қазақстан (36%), Қарағанды (36%) және Атырау (32%) облыстарының жас тұрғындары. Ақыр соңында өзекті мәселелер матрицасын Қызылорда (33%), Алматы (32%) және Қостанай (22%) облыстарының жастарын алаңдататын несиелер бойынша қарыз міндеттемелері түйіндеді.

Сонымен қатар сауалнама қорытын­дысын әлеуметтік-мәдени мәселелер бо­йынша өңірлерге жіктеуге болады. Айта­лық, ертеңгі күнге сенімсіздік Алматы (30%), Батыс Қазақстан (20%) және Қос­танай (10%) облыстарының жас­­тары­на тән. Жастардың бос уақы­тын өткізу мәселесі Шығыс Қазақстан (38%), Қызы­лорда (22%) және Павлодар (19%) облыстарында өте өзекті. Ме­ди­циналық қызмет көрсетудің төмен сапасы көбінесе Павлодар (23%), Қызыл­орда (18%) және Қостанай (18%) облыс­тарында байқалады.

Сауалнама жүргізілгенде жастардың жас ерекшеліктері де ескерілді. Мәселен, 14-18 жас аралығындағы жастар жоғары білім алу ақысының қымбаттығына қынжылыс білдіреді. Бос уақытты ұйым­­дастыру мәселелеріне де мән бер­ген – осы жастағылар. Ал ертеңгі кү­ніне се­німділіктің төмен көрсеткіші 19-23 жас­тағыларға тән. Осы жастарға қо­са 24-28 жас аралығындағы азаматтар экономикалық мәселелерге алаң­дау­­­шылық білдіреді. Мәселелердің ерекше­лігіне жастардың өз отбасыларын құрған-құрмағандығы да ықпал етті.

Сондай-ақ аталған проблемалардың әртүрлі боп келуін жастардың білім деңгейімен байланыстыруға болады. Жоғары білімнің жоғары бағасын толық орта, орта арнайы/кәсіптік-техникалық немесе аяқталмаған жоғары білімі бар жастар (18%-дан 27% дейін) атап өтті. Табыстың төмен деңгейіне орта арнау­лы/кәсіптік-техникалық және одан жоғары білімі бар ауыл жастары (46%-дан 58% дейін) жиі шағымданады. Орта білімнен жоғары білімі бар немесе білімі жоқ жастардың 40%-дан көбі азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарлардың жоғары бағасына алаңдаулы. Жастардың білім деңгейі жоғары болған сайын жеке тұрғын үйдің болмауы жиі айтылады. Бұл жағдай несие проблемасына да сәйкес келеді. Жоғары білімі бар (14%) және толық емес орта білімі бар немесе білімі жоқ (12-13%) жастар ертеңгі күніне күмәнмен қарайды.

Бұған қоса, үш және одан да көп баласы бар жас отбасылар алдында өзекті экономикалық мәселелер көлбеңдейді. Отбасылы респонденттердің 50%-дан астамы азық-түлік пен қажетті тауарлардың жоғары бағасы, табыстың аздығын атаса, 40%-ы жұмыспен қамтылу, тұрғын үйдің болмауы, несие мәселелерін көтерді.

«Жастар» ғылыми-зерттеу ор­та­лығы жүргізген бұл сараптамалық жұ­мыста негізінен ауыл жастарын қан­дай мәселелер мазалайтыны жан-жақты талданды. Сонымен қатар атал­ған проблемалардың шешімі туралы жастардың өздерінен де пікірлер сұ­ралды. Мысалы, респонденттерге «Сіз­дің ойыңызша, ауылыңыздағы жас­­тар мәселесін шешумен кімдер айналысуы керек?» деген сұрақ қойылды. Жастардың басым көпшілігі, нақтырақ айтсақ, 39%-ы жастар ұйымдары мен қозғалыстарына және 37%-ы жергілікті билік органдарына сенеді. Іс жүзінде әрбір бесінші жас азамат (17,4%) орталық билік органдарынан ауылдағы өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты әрекеттер күтеді. Жастардың 16%-ы тек өз-өзіне сене алады, 8,5%-ы ата-аналары мен туысқан­дары­ның кө­мегінен үміттенеді. Сондай-ақ сұралғандардың 7,7%-ы бұл мәселеде жұмыс берушіге де арқа сүйейді. Ауылдың әрбір оныншы жас тұрғыны мәселелерді білім беру ұйымдары шешу керек деп санайды. Бұл – өте заңды. Өйткені бұл жаста сапалы білім алу және одан әрі жұмысқа орналасу мәселелері өзекті болып тұр.

Сауалнама барысында ауыл жас­тарының елді мекендердегі өмірдің болашағына қатысты көзқарасынан біршама хабардар болдық. Ол үшін алдымен «Сіз, өз болашағыңызға қаншалықты сенімдісіз?» деген сұраққа жауаптар жиналды. Ұсынылған жауаптардың ішінен орта есеппен ауылдың әрбір үшінші жас тұрғыны өз болашағына «толығымен сенімдімін», әрбір екіншісі «Сенімдімін деуге болады», 6,9%-ы «Сенімсізбін деуге болады», 3%-ы «Мүлдем сенімді емеспін» деген нұсқаны таңдаған.

Аймақтар бойынша болашаққа үлкен сенімділік Атырау (93%), Павлодар (92%) және Солтүстік Қазақстан (91%) сияқты облыстарда байқалады. Бұл – «Толығымен сенімдімін» және «Сенімдімін деуге болады» деген нұсқалардың жиынтық көрсеткіші. Ал Қызылорда (16%), Қарағанды (14%) және Қостанай (12%) облыстарындағы ауыл жастарының ертеңгі күнге сенімділігі төмен.

Жас топтары бойынша ауыл жастарының жасы үлкен болған сайын, оның болашағына сенімді екенін көрсетеді. Нұсқалардың жиынтық көрсеткіші 14-18 жас топтарында – 84,4%, 19-23 жас аралығында – 83,7%, 24-28 жас аралығында – 80,4%. Болашаққа сенімсіздік танытатын ауыл жастарының пайызы жалдамалы тұрғын үйде тұратындар арасында айтарлықтай жо­ғары – 16%. Ал жас ауыл­­дықтар­дың басқа санат­тарында бұл көр­сеткіш екі есе төмен және 8-9% ше­гінде өзгеріп отырады.

«Жастар болашағын өздерінің ауылдарымен байланыстыра ма, жоқ па?» деген сұрақтың жауаптарына да баса назар аударылды. Респонденттердің үштен бір бөлігі, 28%-ы бұған оң жауап берді. «Иә» деп жауап беруге бейім адамдардың саны 36%-ды құрады. Респонденттердің 16%-ы «Жоқ деуге болады» нұсқасына жақын болды. Яғни, ауыл тұрғындарының үштен бірі өздерінің елді мекендерінен қоныс аударуға дайын. Талдау көрсеткендей, ел өңірлеріндегі ауыл жастарының миграциялық көңіл-күйінде айырмашылық бар. «Жоқ» және «Жоқ деуге болады» нұсқалары бойынша жоғары жиынтық көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (72,8%), Шығыс Қазақстан (57,9%), Ақмола (54,2%), Қостанай (54%) және Павлодар (53,8%) облыстарымен сипатталады. «Иә» және «Иә деуге болады» деп жауап берген респонденттердің басым бө­лігі – Атырау (88,6%), Ақтөбе (73,8%), Алматы (68,4%), Түркістан (67,7%) және Маңғыстау (66,6%) облыс­тарының жастары.   Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі (55,4%) жұмыссыздықты және жұмыспен қамтылу мәселелерін кері итермелейтін күш ретінде көрсетті. 27,1%-ы көшіп кетудің екінші себебі төмен жалақы екенін аңғартты. 17,3% жастарды ауылдан кетуге мәжбүрлейтін үшінші фактор туған жерінің облыс, аудан орталығынан алыстығы екен.

Жалпы жиналған мәліметтерге сүйенсек, жастар болашағын өз ауылы­мен бай­ла­ныстыру үшін алдымен тұрақты жұмыс, лайықты еңбек­ақы, өмір сүруге қо­лайлы инфрақұры­лым­ның болғанын қалайды. Бұл мемле­кетті әлеуметтік-эко­номикалық бағытта дамытуда ескері­летін ерекше сала­лар екені анық. Қорыта айтқанда, әлеуметтік сауалнама Қазақ­стан­ның ауыл жастары өмірге субъек­тивті қанағаттанудың жоғары деңгейі­не ие екендігін көрсетті. Ауыл тұрғын­дары­ның 44,6%-ы толығымен өз өмір­леріне риза екендерін білдірсе, 45,3%-ы өміріне қандай да бір дәрежеде қанағат­танады.

Әсем ҚАЙДАРОВА,

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары,

саяси ғылымдар докторы