• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Шілде, 2019

Өзбек еліндегі өнер мәуесі

368 рет
көрсетілді

Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен отандық опера жұлдыздарының Әлішер Науаи атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен театр сахнасында қойған «Мадам Баттерфляй» операсы көрерменді тебірентті.

«Астана Опера» симфониялық оркестріне Еуропадағы ең ірі өнер ошақтарының бірі саналатын «Карло Феличе» театрының директоры Джузеппе Акуавива жетекшілік етті, ол – Пуччини опе­раларының білікті маманы әрі орындалуы жағынан өте күр­делі жанрды егжей-тегжейлі меңгерген тұлға. 

Тұрмыстық шындықтың шыр­ғалаңы шынайы бейнеленген бұл операны Дж.Пуччинидің өзі де кезінде өте жоғары баға­лап, қайта-қайта тыңдаудан жа­лық­паған көрінеді. Кішкене гей­шаның қайғылы оқиғасы таш­кенттік өнерсүйер қауымды бейжай қалдырмады. 

– Әсіресе «Абай» операсының орындалуына тәнті болдық. Неткен диапазоны шалқыған кең дауыс! Спектакльдің киімдері қан­дай әдемі! Сахнаны бейнебір нұрлы шуаққа толтырып жібер­гендей жанымыз рахат күй кешті. Мұндай сценография өте сирек, тіпті ешбір театрда жоқ десек, артық айтпаймыз. Спектакльдің ішінде өмір сүруге болады деген сөз сірә, осындайда айтылса керек. Ташкент театрының залы көптен бері дәл мұндай кере­мет сәтті бастан кешпеген еді. Ал «Мадам Баттерфляй» операсының декорациясы кісі­ні алапат сезіммен баурады. Спек­такльдің басындағы хор орын­даушылардың үні ғажап! Жар­қырап тұрған бассейн де әсер­лі. Режиссердің, костюмдер бойынша суретші мен сце­но­графтың шеберлігі айқын сезіліп тұрды, – дейді Өзбекстан Рес­публикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, музыкатанушы, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясы музыка және сын тарихы кафедрасының до­центі Инесса Гульзарова.

Бұл орайда Мадам Баттер­фляй партиясын орындаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтайдың шебер­лігін айрықша атап өткен жөн. Көрерменді тапжылтпай бір орын­да ұстап отыру әсіресе, бас кейіпкердің рөлін сомдаушының шеберлігіне тікелей байланысты екені аян. Спектакльдің соңында көрерменнің көзіне жас үйірілді. Көпшілік толқыды, кейіпкер әлеміне енді. Жалпы Баттерфляй бейнесі Пуччини бейнелеген әйелдер галереясындағы ең күр­делі де сан қырлы образ саналады. Қорғансыз, адал, ішкі күш-қуатқа ие, өзгелердей ымыраға келіп тіршілік кешу оның қолы­нан келе бермейді. Чио-Чио-санның сырлы драмасы операда терең әрі жан-жақты ашылады, көңіл күйдің барлық қыры көрініс табады. Оқиға желісі арқылы вокалдық қана емес, сондай-ақ актерлік шеберліктің де маңыздылығы айқын сезіледі. Күрделі партияны Ж.Бақтай өте жоғары деңгейде орындап шық­ты деуге толық негіз бар. Баттерфляйдың жанында үнемі оның адал қызметшісі Сузуки жүреді. Жағдайдың тығырыққа тірелгенін түсіне отырып, ол Пинкертонмен кездесуді ұзақ күтіп, бар ауыртпалықты ханыммен бірге бөліседі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ға­жайып меццо-сопрано иесі Дина Хамзина сомдаған бұл бейне де көрерменнің ыстық ықыла­сына ие болды. Шытырман оқи­ғаны жақсы көретін бейқам Пинкертонды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ме­дет Чотабаев орындады. Италия­лықтар оны бельканто дәстүрін жалғастырушылардың бірі деп есептейді. Опера өнеріндегі зор жетістігі үшін Медет Чотабаев Италия жұлдызы орденімен мара­патталған. Ал парасатты америкалық консул Шарплестің бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұ­сабаев сомдаса, Татьяна Вицин­ская америкалық кейіпкері – Кэтты әсерлі жеткізді. Сонымен қатар Рамзат Балакишиев, Талғат Ғалеев, Жанат Шыбықбаев, Өміржан Қадыров, Шыңғыс Расылхан, Самат Жарылқасынов, Елена Ганжа, Мәдина Исламова, Назым Сағынтай мен Сәрсенбай Арнұр орындаған бейнелер олар­дың актерлік шеберлігі мен вокалдық қабілеттерін мінсіз паш етті. Қазақстанның еңбек сіңір­­ген қайраткері Ержан Дәуі­тов­тің жетекшілігіндегі хорға да көпшілік ерекше қошемет көрсетті. 

Спектакльдің жапондық на­қышқа негізделген сценография­сы – заманымыздың көрнекті суретшісі Эцио Фриджерионың еңбегі. Онда кішкентай гейша оқиғасының терең психологизмі көрініс тапқан. Спектакль басында Чио-Чио-санның үйі жалаулармен безендіріліп, алуан түрлі нәзік гүлдермен көмкерілген, айналасын сұлу табиғат қоршаған, бұл Пинкертонмен бірге бақытты да баянды ғұмыр кешуді арман еткен кейіпкердің үмітін бейнелейді. Иесіз қалған үй, солған гүлдер спектакль соңын­дағы Баттерфляйдың жан дүние­сімен үндесіп, болашаққа сенімін жоғалтқан жанның ішкі арпалысын дәл бере алады. Сондай-ақ көрермен алдында ысырылып ашылған панельдер төбеден жайы­ла орын тепкен қала бейнесін тамашалауға мүмкіндік туғызады. Бұған жә­не жарықты ойнату мен 3D-әсерлерді қосқанда, қо­йы­л­ымның көркемдік дең­гейі арта түсті. Баттерфляй үйінің ал­дындағы көл суының шағы­лысуы көпшілікті тамсандырды. Бұл үшін бірегей толық кө­лемді құрылымдар – күннің де, жұлдыздардың да сәулесін көруге мүмкіндік беретін 18 метр­лік бассейн қолданылды. Тағы бір айта кететін жайт, қойы­­лымдағы әр костюм нағыз өнер туындысы еді. Бұлар Оскар сыйлығының иегері Франка Скуар­чапиноның эскиздері бойынша жасалған. Бас кейіпкердің костюмы – қолмен тігілген нағыз жапондық кимоно, оның өзі орасан зор құндылық саналады. Бір ғажабы, мұны «Астана Опе­ра» театрына Жапонияның Қазақстандағы елшілігі сыйға тартқан екен.

Спектакльді мәдениет пен өнер қайраткерлері, ардагерлер, сондай-ақ Өзбекстандағы қазақ диаспорасының өкілдері келіп тамашалады.