• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2013

Күркетауық өсіру

2967 рет
көрсетілді

Күркетауық өсіру

Сенбі, 18 мамыр 2013 1:23

Ауылды жерде тұратын отбасылар үшін ең тиімді бизнестің бір түрі күркетауық өсіру болса керек. Мұны бала кезімізде өзіміз де көрдік. Біздің үйімізде күзді күні 50-60-қа дейін күркетауық болатын. Содан қалған тәжірибеміз бойынша айтсақ, күркетауық көп бап талғамайды. Оны жемдеу ісімен 7-8 жастағы бала да шұғылдана алады. Біздің ойы­мызша, бұл іс тауық, қаз, үйрек секілді құстарды өсіруден де жеңілірек және тиімдірек болса керек. 

 

Сенбі, 18 мамыр 2013 1:23

Ауылды жерде тұратын отбасылар үшін ең тиімді бизнестің бір түрі күркетауық өсіру болса керек. Мұны бала кезімізде өзіміз де көрдік. Біздің үйімізде күзді күні 50-60-қа дейін күркетауық болатын. Содан қалған тәжірибеміз бойынша айтсақ, күркетауық көп бап талғамайды. Оны жемдеу ісімен 7-8 жастағы бала да шұғылдана алады. Біздің ойы­мызша, бұл іс тауық, қаз, үйрек секілді құстарды өсіруден де жеңілірек және тиімдірек болса керек. 

Әдетте бұл істі ең алдымен күр­кетауық тұқымын таңдаудан бастайды. Біздің елімізде оның не­гізінен екі түрі бар. Соның ішін­де қалайы түсті келген кең­ кеуделі күркетауықтардың сал­ма­ғы 11-12 килоға дейін тартады.

Екіншісі ақ түсті, кең кеуделі күркетауықтар етінің сапасымен ерекшеленеді және ол тез жетіледі.

Күркетауықтарды күту. Күр­кетауықтарды басқа құс­тар­дан жеке ұстап, жеке күтімге алған дұрыс. Себебі, олардың басқа құстардан тұрқы ірі болып келеді. Әдетте күркетауықты жеке тауық қорада бағады. Шамамен алғанда екі күркетауық үшін бір шаршы метр жер қалдырады. Балапандарын жеке күтімге алады. Күркетауыққа арналған қораның берік те бітеу болғанын ескерген жөн. Өйткені, тауықтың бұл түрі аязға шыдамсыз, сондай-ақ ылғал мен жел өтін де онша жақтырмайды.

Күркетауықты азықтанды­ру.

Күркетауықтарды азықтан­ды­ру үшін белоктық тағамдар көбірек қажет етіледі. Қысты күні үш рет азықтандырылса, күзде 4-5 рет азықтандырған жөн. Азық құрамында күніне 250-300 грамм шамасында астық дәнін беріп отырған дұрыс болады.

Жалпы, күркетауық көп тамақ талғамайды. Картоп, қызылша, қырыққабат, асқабақ, сүрлем, жүгері, бидай қалдықтарын араластырып бере беруге болады. Бұршақ дақылдас, көк шөп түрлерін де жей береді.

Күркетауық жаз айларында көбірек жайылады. Осы кезде­ ол әртүрлі шөптерді, құрт-құ­мырсқа, шағын өзендерден ұсақ балықтар ұстап жей береді. Егер жайылыста мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда оларды қосымша азықтандырып отыру қажет. Тамақ қалдықтарын және су беріп отырған жөн. Ал қыс­ты күні арнаулы алаңшада жем беріп, қыдыртып алған дұрыс. Алаңшаны қардан тазартып, жемді шашып тастайды. Себебі күркетауыққа қысты күні қимыл-қозғалыс қажет болады. Шашылған жемді теріп жеу арқылы ол жақсы қимылдап, қан таратады. Егер даланың температурасы 10 градустан суық болса, онда күркетауықтарды далаға шығармаған жөн.

Күркетауық өсіру.

Күрке­тауық­ты мынандай тәсілдер­мен өсіруге болады. Әдетте күр­кетауық 27-30 күн аралығында өз жұмыртқасын басып шығарады. Жұмыртқаны немесе балапандарды құс фабрикаларынан сатып алуға да болады.

Балапандарды бір қабырғасы­на полиэтилен пленкалар тар­тыл­ған жылы да жарық шағын қораларда күтімге алған жөн. Оны жылыту үшін 250 ваттық лампа іліп қоюға болады. Азық пен суды клетканың неғұрлым салқындау жеріне қояды. Балапандардың астына шөп пен сабан төсеуге болады. Бірақ оларды күн сайын ауыстырып отыру қажет. 2-2,5 ай шамасында өсіп-жетілген балапандарды мұнан әрі тауық қораға апарады. Осы кезде ол қораларда желдің болмағандығын ескерген дұрыс. Қора жарық болу үшін оған да жылу шашатын лампа іледі.

Ба­лапандарды алғашқы күн­дері пісірілген жұмыртқамен азықтандырады. Жұмыртқаны ұсақтап, бөлшектеген дұрыс. Бес күннен кейін ұсақталған немесе тартылған ет, ірімшік, пияз берген дұрыс. Он күн­нен кейін пісірілген картоп­ пен сүт араластырылып ұнтақ­талған бидай мен арпа, әртүр­лі тағам қалдықтарымен азықтан­дырыла бастайды. Суға жас жұ­мыртқаның сары уызын қосу, сондай-ақ сүтпен суару жөн болады.

Күркетауық өнімдерін өткізу. Әдетте күркетауықты ет пен жұмыртқасы үшін бағады. Сонымен қатар, оның жүні мен мамығы да қажетке жарайды. Ең алдымен, осы өнімдерді қайда өткізуге болатындығын анықтап алған жөн. Күркетауықтың еті өте өтімді келеді. Ол әдетте қала­лы жерде жақсы өтеді. Сонымен қатар, ауыл адамдары да оны та­ғам үшін жақсы пайдаланады. Демек, сізге осы істен тұрақ­ты пайда қаратып отыру үшін қалыптасқан рынокты біраз зерттеп алған жөн.

Шығатын мөлшерлі шығындар.

Инкубатордан жұмыртқа сатып алуға (150 дана х 80 теңге) = 12 мың теңге.

Инкубатор сатып алуға – 20 мың теңге.

Жылдық азық сатып алуға – 30 мың теңге.

Сонда барлық шығын 62 мың теңге тұрады.

Кіретін кіріс көлемі.

Әдетте бір күркетауық жылы­на 50 мен 100 дана аралығында жұмыртқа береді. Егер сіз 50 күркетауық өсіретін болсаңыз, олардан кем дегенде 2500 дана жұмыртқа алып, сатуға болады. Демек, сіз бұл істен кемінде 200 мың теңге пайда табасыз.

Бір күркетауық орташа ал­ғанда 5-7 кило ет береді. Күрке­тауықтың 1 кило етінің бағасы 1200 теңгеден. Кейбір жерлерде бұдан арзан да, қымбат та болуы мүмкін. Сонда шамамен алғанда, бір күркетауық сатсаңыз, одан сізге 6 мың теңге кіріс кіреді. Егер 10 күркетауық сатсаңыз, 60 мың теңге кіріс кіргізесіз. Бірақ бұл іспен айналысқан адам ең кемі бір жылдың ішінде 50 немесе одан да көп күркетауықты өсіріп, сататындығы анық. Сонда сіз 50 күркетауық өсіріп, сататын болсаңыз 300 мың теңге пайда қаратасыз. Күркетауық өсіруді бизнес жүргізу мақсатында қол­ға алған отбасы үшін 50 күр­кетауықтың өзі түкке тұрмай­тындығы, олар кемінде 200-300 күркетауық өсіретіндігі анық. Сонда сіз бұл істен бір жылдың ішінде кем дегенде 1 миллион теңгеге жуық пайда қарата аласыз. Тек қана оны дұрыс ұйымдастырып, жолға қою жағын ескеріңіз. Жыл өткен сайын бұл іс сізге жеңілдеп, оның есесіне беретін пайдасы көбейе беретіндігіне сеніміміз мол.

Әзірлеген

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

 

Пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуға болады:

http://prohoz.ru/soderzhanie-cyplyat-indeek/

http://alwaystop.ru/post/php?id=55

http://www.fermer.ru/node/2905

http://www.forum-grad.ru/forum236/thread7168/html

http://indogu.narod.ru/indvz.html

http://www./fugl.ru/domashnyaya-ptitsca/indaika/porody-inaukov. html