Кездесуге әкімнің орынбасарлары Е.Әукенов, І.Өсеров, Әлеуметтік әл- ауқат басқармасының басшысы С.Сайфеденов, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қ. Төсекбаев, Білім басқармасының басшысы Г. Қожабергенова, қалалық Мобилділік басқармасының басшысы С. Телібаев, мүгедектерді реабилитациялаумен және көмек көрсетумен айналысатын ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кедергісіз кеңістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына бейімдеу мәселелері жан- жақты талқыланды. Бұл іс бойынша жеке емдеу мекемелерімен жұмыстар жүргізу ұсынылды.Көлік инфрақұрылымының қолжетімділігі, оның ішінде арнайы қоғамдық көліктің, жаяу жүргінші өтетін жерлерде дыбысты бағдаршамдардың болуы айтылды.Қалалық мобилділік басқармасының мәліметі бойынша биылғы жылы төмен еденді қоғамдық көліктің 73%-ын жиналмалы пандустары бар автобустар құрайды.Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш 80%-ға дейін артады.Патологияның ерте диагностикасы, балаларға инклюзивті білім беру, мүгедектерді реабилитациялау мен еңбекпен қамту маңызды мәселелер. «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева, «Altyn Time» мүгедектер ұйымының төрағасы Сағат Омарғалиев, Алматы қалалық мүгедектер қоғамдастығы төрағасының орынбасары Ұлан Іңкәрбеков, «Соқырлардың қазақ қоғамдастығы» ҚҰ Алматы қалалық филиалының төрайымы Кабира Қоңырбаева, «Кеңес» ҚҰ төрайымы Майра Сүлеева, «Подранки» мүгедектер ҚҰ төрайымы Ғалия Тобатаева өз ойларын ортаға салды.Кеңестің қорытындысы бойынша Б. Сағынтаев қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қ. Төсекбаевқа жеке емдеу мекемелерінің қолжетімділігі бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қ. Төсекбаев пен Білім басқармасының басшысы Г. Қожабергеноваға мүмкіндігі шектеулі жандардың қолжетімділігі үшін нысандарға аудит жүргізуді міндеттеді. Реабилитациялық орталықтың құрылысын жүргізу мәселесі жеке қаралатын болады. Қала басшысы қоғамдық ұйымдар өкілдеріне көтерілген мәселелерді шешу және олардың жүзеге асырылуын бақылау жөнінде қысқа және ұзақ мерзімді бағдарламалар әзірлеуге қатысу жөнінде ұсыныс жасады.
- Мен ашық әңгіме үшін ризашылығымды білдіремін.Пайдалы диалог болды. Сіздер кемшіліктерді көрсетіп, олқылықтарды айттыңыздар. Бірде - бір ұсыныс қараусыз қалмайды, барлық пікірлер ескеріледі, көтерілген мәселелерді бірігіп шешеміз, - деп атап өтті Алматы әкімі.Жалпы, Алматыда 43,2 мың мүгедек жандар тұрады.