Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиеевті туған күнімен құттықтап, зор денсаулық және мемлекеттік қызметіне толағай табыс, ал бауырлас Өзбекстан халқына бақ-береке тіледі.
Тараптар соңғы жылдары қол жеткізілген уағдаластықтардың арқасында Қазақстан-Өзбекстан арасындағы көпқырлы ынтымақтастық тың серпін алып, жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Өзара сауда көлемінің артуымен және экономикалық қатынастардың нығаюымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстардың белсенді дамып келе жатқанына назар аударылды. Атап айтқанда, 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы табысты өтті, биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында іс-шаралар өткізілуде.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев күн тәртібіндегі өңірлік мәселелерді де талқылады.
Тараптар тату көршілік рухында және екі ел халқының игілігі жолында дамып келе жатқан Қазақстан-Өзбекстан стратегиялық қатынастары одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.