Отандық еркін күрестің еңсесі биік деп айта алмаймыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында 21 мәрте күш сынасты. Соның тең жартысының көбінен қоржынымыз бос қайтты. Атап айтсақ, 1993 жылы – Торонто, 1994 жылы – Ыстанбұл, 1998 бен 2002 жылдары – Теһран, 1999 жылы – Анкара, 2001 жылы – София, 2006 жылы – Гуанжоу, 2007 жылы – Баку, 2013 жылы – Будапешт, 2014 жылы – Ташкент және 2015 жылы – Лас-Вегаста өткен біріншілікте жігіттеріміз тегістей ұтылды.
Төрткүл дүниенің апайтөстері жиналған жарыстарда 10 рет туымыз көкте желбіреді. Атап айтсақ, 1995 жылы Атлантада Елмәди Жабрайылов (82 кило) күміс медальды еншіледі. Кезінде КСРО мен ТМД құрамалары сапында әлем және Еуропа чемпионы атанып, Барселона Олимпиадасында екінші орынға табан тірген шешен жігіті Қазақстанға әлем чемпионатының алғашқы жүлдесін сыйға тартты. АҚШ-тағы жарыстың финалында Елмәди жергілікті спортшы Кевин Джексонға есе жіберді. Дәл осы балуаннан ол 1992 жылғы Олимпия ойындарының ақтық сынында да ұтылған болатын.
1997 жылы Красноярскіде Мәулен Мамыров (54 кило) қола жүлдені қанжығасына байлады. Бастапқы бәсекелерде қытайлық Ли Женгуи, украиналық Александр Захарчук және моңғолиялық Темендемберел Зунбаянды ұтқан қандасымыз Солтүстік Кореяның сайыпқыраны Чин Чу-Донға жол берді. Жұбаныш кездесуде ирандық Реза Мұхаммадиден мерейі үстем болған Аманжол Бұғыбаевтың шәкірті үшінші орын үшін тартыста жоғарыда есімі аталған Украина өкілінен тағы да айласын асырды.
2003 жылы Нью-Йоркте Геннадий Лалиев (74 кило) үшінші тұғырға табан тіреді. Түсіпхан Сайханов баптаған балуанның тек беларуссиялық Мұрад Гайдаровқа ғана әлі жетпеді. 2005 жылы Магомед Круглиев (84 кило) дәл сол нәтижені қайталады. Ол грузиялық Реваз Миндорашвилиден ұтылды. 2009 жылы Хернингте Леонид Спиридоновке (66 кило) де қола медаль бұйырды. Қазақстандық спортшы ирандық Мехди Тагавиге тізе бүкті. 2010 жылы Мәскеуде Әбілхакім Шәпиев (74 кило) үшінші сатыға жайғасты. Бір айта кетерлігі, бұл балуандардың барлығы да легионерлер. Лалиев – осетин, Круглиев – лезгин, Спиридонов – якут, Шәпиев – авар. Соған қарамастан халықаралық аренада біздің елдің спорттық даңқын арттыруға елеулі еңбек сіңірді.
2011 жылы Ыстанбұлда жалауы желбірген жарыс барша қазақ жанкүйерлерінің жадында ұзаққа дейін сақталары анық. Түркия төрінде қос бірдей қандасымыз жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Грекиялық Йоханис Иванидис, әзербайжандық Махмұд Магомедов, қырғызстандық Нұрлан Мәкенәлиев және армениялық Михран Джабуряннан айласын асырған Дәулет Ниязбеков (55 кило) ресейлік Виктор Лебедевке есе жіберді. Перулық Пастор Эррера, ирандық Мұстафа Ахажаниозозонбалах, кубалық Алехандро Вальдес Тобиер және грузиялық Малхаз Закиядан басым түскен Дәурен Жұмағазиев (60 кило) Пуэрто-Рикодан келген Франклин Гомеске жол берді. Сөйтіп, қазақтың қос өрені қола медальды мойындарына ілді.
2016 жылы Олимпиада бағдарламасына енбеген салмақ дәрежелері бойынша дүниежүзілік дода Будапеште өтті. Венгрияның бас шаһарында Нұрлан Бекжанов (70 кило) үшін қуандық. Небір мықты қарсыластарын қапы қалдырған қандасымыз финалда ресейлік Магомед Құрбанәлиевтен ұтылып, күміс жүлдені олжалады. 2017 жылы Парижде Ақжүрек Таңатаров (70 кило) атой салды. 31 жастағы ардагер спортшы үндістандық Құмар Амит Дханхар, моңғолиялық Манбахнаран Ганзориг, өзбекстандық Ихтиер Наврузов және түркиялық Жақып Горды жеңді. Ол тек Кубадан Италияға қоныс аударып келген Франк Чамисоның осал тұсын таба алмады.
Былтыр Будапеште өткен әлем чемпионатында Нұрислам Санаев (57 кило) күміс медаль иеленді. Ол Тыва Республикасының тумасы. 2014 жылы Ресейден Қазақстанға қоныс аударды. Рио Олимпиадасы мен әлем чемпионаттарыннан Нұрислам олжасыз оралғанымен, өзге ірі жарыстарда жап-жақсы нәтиже көрсетті. Мажарстанда да Санаев өте жақсы күресті. Самоалық Джош Файлауга, украиналық Армен Аракелян, түркиялық Сүлейман Атли және америкалық Томас Патрик Гильманды еш қиналмай ұтқан ол финалда Еуропа чемпионатының екі дүркін жүлдегері, ресейлік Заур Угуевпен тең дәрежеде айқасты. Таразы басы теңселіп тұрған тұста төреші жерлесімізге жоқ жерде ескерту жасап, қасақана түрде жеңісті қарсыласына ұстатып жіберді.
Қорытындылай келсек, әлем чемпионаттарында Қазақстанның еркін күрес шеберлері 3 күміс пен 8 қола медальды олжалады. Өкінішіке қарай, осы күнге дейін бірде-бір отандасымыз айтулы додада әнұранымызды шырқата алған жоқ. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ұлтарақтай ғана жері бар, халқының саны әлдеқайда аз елдердің өздері біздің алдымызды бес орап тұрғанын аңғару қиын емес. Биыл күзде Нұр-Сұлтанда өтетін дүниежүзілік додада сол олқылықтың орны толады деген сенімдеміз.