Оңалту қызметтерінің сапасын жақсарту және мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында бұған дейін министрлік пен кәсіпорын арасында тиісті келісім жасалған болатын.
Бердібек Сапарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті мүгедек азаматтарды барлық қажетті техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті. «Біздің міндетіміз – мүгедектігі бар жандарды қажетті құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету. Сонымен қатар олар сапалы және қолдануға ыңғайлы болуы керек. Егер бұл үлгілер өзін жақсы жағынан көрсетіп, барлық талаптарға сай болса, мүгедектігі бар азаматтарды электр жетегімен жүретін арбалармен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қамтамасыз ету мәселесін қарастыратын боламыз. Қазақстанда сапалы өнім өндіруді жолға қойсақ, техникалық жабдықтарды импорттаудың қажеттілігі болмайды», деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Электр жетегі бар кресло-арбалардың алғашқы тәжірибелік үлгілері бала кезінен бастап бірінші топтағы мүгедектігі бар Динара Алиева мен Ерлан Ескенге берілді.
«Жаңа үлгідегі электр кресло-арба өте ыңғайлы. Мұны көптен армандаған едім. Енді бұл арбаның көмегімен өз бетімше қозғала аламын», деді Динара Алиева.
Зауыт директоры Қайрат Қалманбаевтың айтуынша, отандық өнімдер шетелдік баламасынан кем түспейді. Сынақ сәтті болған жағдайда, кәсіпорын электр арбалардың сериялық өндірісін жолға қоюға ниетті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ақтөбе облысында әлеуметтік портал қызметін қанатқақты режімде жүзеге асыруда. Бұл портал мүгедектігі бар азаматтарға оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.
«Тыныс» АҚ зауыты қызметінің негізгі саласы – авиациялық техникаға арналған тораптар мен агрегаттар өндіру. Кәсіпорын жылу алмастырғыш жабдықтар, ұшақ өрт сөндіргіштері, температура дабылы, клапандар, электрмагниттік және жылу қосқыштар, электронды басқару блоктары, сонымен қатар күш құрылымдарына арналған оқ-дәрілер, сауыттар мен қалқандар және т.б. шығарумен айналысады.
Сонымен қатар министр Бұланды ауданының Макин қаласына барып, жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысты. Бүгінгі таңда ауданда атаулы әлеуметтік көмек алатын 243 отбасы бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Министр жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен, оның ішінде АӘК алатын азаматтармен жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. «Облыста АӘК алатын 9800 еңбекке қабілетті азамат бар, олардың тек 10 пайызы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жатады. Сіздерге осы бағыттағы жұмысты күшейту керек», деді Б.Сапарбаев.