Әлмисақтан күйбеңі көп, енді күйзелісі көбейген тіршіліктегі мылтықсыз майданда ендігі жерде тек түсіністік пен имандылық қана бір мәнге бөлей алатын шығар?!
Барлығы да жеткілікті сияқты заманда баршамызға бір мейірім жетпей тұрғандай ма, қалай? Сүрінгенді демейтін, қисайғанды түзейтін, дертті болғанды емдейтін де алдымен жылы сөз, адамгершілік. Түсіністікпен суарылған адамгершілік өмір салтына айналмаса, онда біз тек өзі үшін өмір сүретін, тек өзін сүйетін Z ұрпақтың ізімен жаһанданудың жықпылы көп жыныс ормандарында адасқанымыз адасқан. Осындайда «адасып жүрген адамдардың» алдынан жақсы мамандар жолықса деп тілейсің.
Ал кез келген мамандық адамдықтан бастау алу керек десек те, кісілік мен кішілік қасиеттерге ерекше зәру мамандық иелері бар. Әсіресе бұл адамдардың тағдыры мен әлеуметтік өміріне тікелей араласатын салалардың өкілдеріне қатысты.
Ендеше «адасқан» адамның бірінші жаны ауырады. Жеңіле келе тәні дертті болатыны тағы да аян. Мұндайда алдымен науқастың бетін бері қарататын дәрігердің жылы сөзі екені есті адамның бәріне мәлім.
Бір жағынан кез келген адамның саған деген қарым-қатынасы – сенің ол адамға деген қарым-қатынасыңның айнасы. Осындайда дәрігер достың әңгімесі ойға оралады. Ол жұмыс істейтін емханада екі әріптесі бар көрінеді. Бірі күйгелек, ашушаң, сабырсыз болса керек. Екіншісі аса сабырлы, мейірімді, үстінен түйе өтіп кетсе де былқ етпейтін адам екен. Сол досым айтады: «Күйгелек дәрігердің кабинетінде науқастары да шеттерінен айғайлап, өлдім-талдым деп ыңқылдап, әлгі дәрігер де ашу шақырып, зіркілдеп жатады. Керісінше, мейірімді, сабырлы дәрігердің пациенттері оның кабинетіне кірген сәттен тыншу тауып, «үнсіз» ауырып отырады» дейді...
Адамгершілікке құрылған мамандықтың енді бірі – мұғалімдік. Түсінігі терең, кісілігі мол мықты ұстаз алдына келген шәкірттің кейде ата-анасынан ала алмаған тәрбиесін беріп, тілін тауып, тағдырын танып, өмірлік бағдар бере алатынын көріп келеміз.
Дегенмен бүгінгі мына заманда мәдениет, ұлттық намыс, тіпті қарапайым кісілік қасиеттерге зәру мамандардың алдыңғы легінде құқық қорғау органдары қызметкерлері мен жол ережелерін қадағалайтын саланың өкілдері тұр. Аталған саланың мамандарын алдымен адамгершілікке бұру жолында талай реформалар жүрді. МАИ қызметкерлерінің міні үлкен мінберлерден айтылып, құқық қорғау саласы өкілдерінің өктемдігін тоқтату мақсатында сан рет мәселе көтерілді. Өкінішке қарай үлкен өзгерістер жоқ. Керісінше, бұл саланың өкілдерінде әлі де адамгершілік пен мәдениеттің жетпей жатқаны өкінтеді. Қоғамның бүкіл өмірін өзгерту үшін де алдымен осыларға адамгершілік тән болсын деп тілейсің. Баяғы қуғын-сүргін жылдарындағыдай полициямыздың НКВД жандайшаптары сияқты айыпты болып алдына келген адамдардың, күдікті деп тергеліп отырған жандардың кіріптар кейпінен ләззат тауып, дөрекілік танытып, әлімжеттік көрсету пиғылы әлі де өкшемізден қалмаған...
Дәл осы менталитеттен арылғанда ғана біз нағыз зайырлы қоғамға келеміз. Іздеп жүрген демократиямыз да осы ізгілікке құрылған.
Ендеше, айтып отырған датымыз айғақсыз болмасын. Жұмысқа асыққан мыңдаған көліктердің бірі болып, жөңкіліп келеміз. Ілуде біреуі болмаса, жүргізушілердің барлығы да жол ережесін сақтайды, үлкен жолды сыйлайды.
Артымыздан ілескен машинаның бірін МАИ қызметкерлері өктем дауыспен, дыбыс ұлғайтқышпен «Прими вправо, останови машину!» деген дөрекі формада тоқтатты. Жыпылықтаған жасылға үлгере алмай, сары мен қызыл бағдаршамның ортасында қалған болу керек. Мүмкін айыбы басқа да болар. Жүргізуші «Мәдениетті сөйлемеді», «мемлекеттік тілде тоқтатсын», «Орысша түсінбеймін» деп тоқтамай кетсе де болады. Бірақ онда екі есе айыпты болатынын білетін жүргізуші тоқтады. Рульде үлкен кісі отыр екен. МАИ көлігінен екі көзі ақиланып, едіреңдеген жас жол инспекторы атып шықты. Тура қорқынышты киноның жағымсыз кейіпкеріне сұранып тұрған бейне. Бетінде бір түйір интеллект болсайшы.
Алқынып қуып келетін полиция экипаждарының басым бөлігіне осы бейне тән. Айыппұл салуды немесе ереже талаптарын түсіндіруді ғана ойлап тұратын инспектордың санасына ол жете қоймайды. Өзін қарапайым халықтың көзімен көрмейді. Демек, бұл Ішкі істер министрлігіндегі тәрбиелік жұмыстар мен мемлекеттік қызметшілер этикасы ережелерінде ескеретін негізгі бағыттардың бірі болуы тиіс.
Жұрттан тәртіп сұраған адамның өзі алдымен адамгершіліктің ең қарапайым ережелерін сақтаса екен.