• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
01 Тамыз, 2019

Идея игілікке бастайды

340 рет
көрсетілді

Бүгінде жер-жаһан тербелісте. Ғаламдық дағдарыс үлкен сегіз­дік елдерін де алаңдата бастады. Дәл осындай кезеңде Қазақстан қандай бағытта дамиды, елдің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсарту үшін қандай шаралар жүзеге асуы тиіс?

ҰИА академигі, экономика ғылым­дары­ның докторы Оразәлі Сәбден жаһан­­­­­дық дағдарыстың себеп-салдарын идеялар тапшылығымен бай­ланыс­тырады. Экономист-ғалым таяу­­да Санкт-Петерборда өткен эконо­ми­­ка­лық форумда әлемнің саяси көш­бас­шылары көтерген мәселелердің идея­лар тапшылығымен байланысты бол­ғанын жеткізді. Жер бетінде өршіп тұр­ған сауда соғысы, Американың Қы­тайға, Еуропаға салған санкция­лары әлемнің бір бөлшегі ретінде Қазақ­станға да әсер етіп отыр.

«Бүгінде өркениетті елдер үшін текетірестерді білім мен ғылымға сүйе­­ніп, дипломатиялық, тіптен мега­дип­ломатиялық жолмен шешу жолдары кемшін. Көптеген елдер тез баюды мақ­сат еткен трансұлттық компа­ния­лардың ықпалында кетті. Тауарын сату мен байлыққа ұмтылуды мақсат ете отырып, жаңа технологияларды руханияттан өзге салаларға, мысалы қару-жараққа жұмсап жатқаны алаңдатады. Оған дәлел ретінде АҚШ-тың бүгінде дүние жүзіндегі қару-жарақ бойынша үлесінің 55 пайыз екенін айтсақ та жет­кілікті» деген Оразәлі Сәбденұлы мил­лиардер Б.Гейтстің байлықты көз­деу­дің, кедей мемлекеттерге үстем­дік жасаудың салдарынан адами, руха­ни капиталдың шетке ығысып қал­ға­нын мойындап, қайырымдылық мақ­сат­тарға қаржы бөле бастағанын атап өтті.

«Кризис» деген түсініктен үрейі ұшып өмір сүретін қоғамның жаңа кезең­ге аяқ басатын сәті туды деп бі­­ле­тін экономист-ғалым ел Прези­денті­нің нақты тапсырмалар жүктеп, әр салаға жеке назар аударып отырғаны осындай бастаманың айғағы дейді. Мұндай жағдайда Президентке қалың бұқараның қолдауы қажет. Осы орайда ел экономикасының қазіргі жай-күйі қандай, Ұлттық қорымызда қанша қаражатымыз бар, қаншасын шашау шығарып алдық, т.б. сұрақтарға жауап бере отырып, Үкімет пен халық ара­сындағы ашық диалог жолға қо­йылуы қажеттігін айтады. Бүгінде мемлекеттің дамуын тұралатып тұрған жемқорлықпен күресті күшейтіп, тех­но­логиялық бағыттарға, руханият сала­сына және де басқару жүйесіне аудит жасайтын кез келді. Әрине жем­қор­лықпен күресте зайырлы мемлекет ретінде Қазақстанда жазалаудың ауыр түрлері қолданылмасы анық. Деген­мен де Грузия, Сингапур сияқты ел­дердің тәжірибесіне, Қытай сияқты қар­қынмен дамып келе жатқан елдердің бағыт-бағдарына назар аударған жөн. Осы тұста (дегенмен де руханият саласында Қытайды үлкен мәселелер күтіп тұр. – О.С.) өткен ғасырдың 90-жылдарымен салыстыра отырып, Қытай елінің бүгінгі даму қарқыны жайына тоқталған Оразәлі Сәбденұлы «Біз демократиялы ел боламыз деп Батысқа жалтақтап жатқанда, Қытай Кеңес одағының стратегиялық жоспарлы экономикасын, Батыстың нарықтық жүйесін алып, кіші кәсібін дамытты. Конфуций ілімін негізгі идеология­сына арқау етті. Ал біз Абайды әлі зерттеп бола алмай жүрміз» дейді. Ал батыстан Скандинавия мемлекет­тері­нің тәжірибесінен үлгі алуға болады. Норвегия, Финляндия сияқты елдерде адамның өмір сүру деңгейі жоғары. Әлеуметтік инновациясы қарқынды дамыған бұл елдерде әр тұрғынына бекітілген норматив бар. Бес миллион халқы бар Финляндия­да жүз мыңнан астам үкіметтік емес ұйым­дар жұмыс істейді. Яғни, әрбір 30-40 адамға бір қоғамдық ұйым бар деген сөз. Әртүрлі мәселені көтер­ген ұйымдардың әлеуметтік ұсыныс­тары­на орай әкімшілік тарапынан гранттар бөлінеді. Осындай озық тәжірибелерге арқа сүйей отырып, халықтың билікке қызмет етуі қажет деген пікірден арылатын кез келді. «Президент тарапынан қоғамның кереғар жайттарын «сыпырғышпен» тазалағандай нақты міндеттер жүзеге асса, кәсіби мамандар қоғамның дамуына жұмыс істей бас­таған болар еді» деген экономист-ғалым­ның айтуынша, бүгінде әр адам қоғам үшін алаңдауы қажет екенін тү­сініп қалғандай. Ал бұл үшін ҮЕҰ жұ­мысын жандандырып, жергілікті өзін-өзі басқару туралы арнайы заңды қа­бы­лдау қажет. Сондай-ақ Қоғамдық кеңес­тердің жұмысына да тың серпіліс жасай­тын кез келді. Оның құрамында та­банының бүрі бар, елі мен жері үшін кү­йетін азаматтар жұмыс істегені абзал.

«Халыққа керегі – жайлы өмір, қалып­ты тіршілік. Басында баспанасы болса, тегін оқуға қолы жетіп тұрса, зейнетақысы мен жалақы­сын уа­­қы­­тында алып отырса, тұрақтылық­тың кілті осында жатыр. Дәл осы әлеу­мет­тік меже еліміздің экономикасы тө­мен­деп кеткен жағдайда да өз қал­пын сақтап тұруы тиіс. Дамыған са­йын халықтың тұрмысы да жақсара түсетіні заңдылық. Мұның байыбын ұғын­ғанда ғана Үкіметке қол жаймай, рес­публиканың әрбір тұрғыны қаре­кет жасай бастайды. Халық пен Үкі­мет арасындағы байланыс арқылы әлеу­мет­тік қалып жасалып, халықты экономикамен тығыз байланыстыратын кез келді», дейді О.Сәбденұлы.

Әлі күнге дейін шикізат елінің қата­рында тұрған Қазақстанда өндіріс­ті әртараптандыру арқылы өңдеу салаларына мән берудің әлеуеті зор. Шағын кәсіпке де үлкен қолдау қажет. Осы тұрғыдан алғанда кіші ин­но­вация­лық кәсіпке қолдау көрсету, саланы да­­­мы­­­туға дем беретін заң қабылдау қа­жет­­ті­­лігі тұр. «Экономиканың діңгегі кіші кә­сіпті қолдауда жеңілдетілген не­сие­лер тетіктері де қарастырылуы тиіс. Мем­­ле­кеттің «Қазақстан – 2050» стр­а­­те­­гия­­сында кіші кәсіптің ІЖӨ үле­сін 50 пайызға дейін көтереміз деген жос­­­пары­мыз бар. Дамыған елдерде бұл көр­­­сет­­кіштің 60-65 пайыз екендігін ес­керсек, біз 20 пайыздан арыға бара ал­май отыр­мыз» деген ойын бөліскен ға­лым бүгінде ауыл шаруашылығының бренді – мал өнімдері мен бидай өнді­рі­сі­не басымдық беру қажет екенін айтады.

– Әзірге мұнай мен газға бай елміз деп бөркімізді аспанға лақтырып отырмыз, алайда оның да сарқылатын кезі келеді. Сондықтан басымдықты ауыл шаруа­шылығына бұру керек. Осы орайда «Самұрық» агрохолдингін мал және бидай өнімдерін дамытатын екі корпорацияға бөлген абзал. Кезін­де Тұрар Рысқұловтың өзі ет­тің валюта екендігін айтып, ет өнім­дерін Еуропаға сатып, түскен қар­жы­ға ауыл өндірісіне мамандар даяр­лау мәсе­ле­сін көтергенін білеміз. Міне, осы мәселе әлі күнге дейін өзек­ті. Яғни, жерді бірлесіп игерудегі коопе­­ра­ция­ның тиімді екендігін мойын­дай­тын кез жетті. Салаға қатысты заң бар бол­ғанымен, бұл құжаттың өмір­шең­дігін көрмей отырмыз. Үкімет тара­пы­нан ауыл шаруашылығына қара­жат көптеп бөлінуде, алайда ол қара­пайым шаруаларға қолжетімсіз. Бұл жерде де жемқорлық белгілері жет­кілікті екені дәлелдеуді қажет ет­пейді. Шетелдер тәжірибесінде әкім­шілік жа­нында арнайы қор бар, міне осы қор кіші кәсіпкерлікке қолдау көр­сетіп, аяғынан нық тұрғанша көмек­тесіп отырады.

Жұмыс орындарын құру, білім саласын дамыту – әлеуметтік қолдаудың басты тетігі. Ауылды жерлердің өзінде жұмысқа орналасу үшін пара беретін жағдайлар анықталуда. Ауылдарда мектептер жайнап тұр, бірақ білім жоқ, білікті маман жоқ. Жұмыс істемей­тін­дер салық төлесін деп негізсіз тағы бір талап шығарып қойдық. Міне, орын алып отырған осындай кереғар жайт­тар қоғамның дамуына тұсау болып отырғаны анық. Бұл жерде адам құқығына қол сұғып, қиянат жасап отырған кейбіреулердің өз ісіне жауап беретін уақыты келді.

 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ