• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
01 Тамыз, 2019

54 мың ағаш апатты жағдайда

1057 рет
көрсетілді

Еліміздегі ең көгалды қала саналатын Алматының көркі – тамырын тереңге жайған мәуелі ағаштары. Аспанмен таласқан биік бәйтеректердің кейбірінің жасы тіпті ғасырдан да ұзақ. Қазіргі таңда шаһарда 2 миллионнан астам жасыл желек бар десек, оның ішінде 54 мың ағаш апатты жағдайда деп танылған.

Алатау баурайында орналасқан ару қаланың ара-тұра мінез танытып тұратын сұрапыл дауылы талай тал-теректі қопарып, тіпті адам өлімі тіркелген тосын жағдайларға әкеліп соқтырған кездер аз болған жоқ. Сондықтан миллиондар тоғысқан мегаполисте бұл мәселеге айрықша көңіл бөлініп отыр. Жасыл экономика басқармасының мамандары қаладағы әр ағашты жеке тексеруді жіті қолға алды. Арнаулы топ жасыл желектердің жерсінуі және апатты ағаштарды кесу жұмыстарымен айналысады. Екі жылда бір жүргізілетін зерттеу нәтижесіне сәйкес апатты деп танылған ағаштардың басым бөлігі Түрксіб, Медеу және Алмалы секілді қаланың қарт аудандарына тиесілі екені анықталған. Бүгінгі таңда 15 мың ағашқа санитарлық кесу жұмысын жүргізу қажет деп тіркелген Алмалы ауданында бұл жұмыстар қыза түскен. Мамандар одан бөлек 250 ағаш тамырымен алып тасталатынын айтады.

«Аулалардағы ағаштарды ретке келтіру үшін алдымен тұрғындар өтініш жазып, ПИК өз күшімен кесу керек. Егер талды тамырымен алып тастау қажет болса, ол үшін жасыл экономика басқармасына өтініш жазып, арнаулы рұқсат қағазын алу шарт. Немесе белгіленген аумақта апатты жағдайда тұрған қанша ағаш барын көрсетіп, компанияны жалдап, өз күшімен кесуіне де болады. Сонымен қатар мектептер мен жеке тұлғалар өздері кеседі. Бұл ретте санитарлық және қауіпсіздік талаптарын сақтау міндетті. Бірінші кезекте жол белгілерін жауып немесе электр желілеріне тиіп тұрған талдардың бұтақтары кесіледі», дейді Алматы қаласы Алмалы ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Думан Қаптағаев.

 Жыл басында «Алматы ағаштары» атты мобильді қосымша іске қосылды. Елімізде бұрын-соңды болмаған бұл жобаның басты ерекшелігі – бағдарламада ағаштардың түрінен бастап, ұзындығы, жасы, денсаулық жағдайы, тіпті, отырғызылған жылына дейінгі ақпараттың бәрі бар. Қосымшаны қолдану тәртібі де оңай. Өзіңізге керек ағашты нақты мекен-жай арқылы таба аласыз. Ең бастысы, мобильді қосымшаға тіркелген кез келген тұрғын «кері байланыс» деген арнайы бөлімге кіріп, заңсыз кесілген ағаш туралы хат жазып жіберуіне болады.

Табиғат жанашырлары бұл жұмыстарды жіті назарда ұстамаса ағаштарды заңсыз кесу фактілері күрт көбейетінін айтып дабыл қағуда. Мұндай заңсыздыққа көбінесе ірі бизнес өкілдері баратын көрінеді. Алматыда рұқсатсыз кесілген бір ағаш үшін айыппұл көлемі 38 мың теңгеден бастап шамамен 380 мың теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек табиғатқа зиян келтірген әр азамат «бір тал кессең, он тал ек» деген қағиданы қаперінен шығармай, әрбір кесілген талдың орнына 5 көшет отырғызуға міндетті.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ