Орал қаласындағы халықаралық әуежай ғимаратын қайта құру және жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаның бастамашысы – «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы болса, қажетті қаржыны өңірдегі ең ірі Қарашығанақ кенішін игеруші КПО.б.в компаниясы бөліп отыр.
– 2015 жылы ұшып-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізіліп, барлық түрдегі қазіргі заманғы әуе кемелерін шектеусіз қабылдауға мүмкіндік туды. Алайда терминал ғимаратының тозуы және техникалық базаның ескіруі әуежайдың жолаушылар өткізу қабілетін арттыруға және жаңа әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік бермейтін. Қарапайым сөзбен айтқанда, қонақтарды қарсы алып, шығарып салған кезде әуежайдың қазіргі көрінісінен ыңғайсызданатынбыз, – деді жаңғырту жұмыстарының басталуына орай өткен салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Өңір басшысы айтса айтқандай, Орал қаласының әуежай ғимараты Кеңес өкіметі заманын еске түсіретін көне ғимарат болатын. Тіпті тоқырау кезеңінің көрінісін қаз-қалпында сақтап қалған бұл мүйіс 40-50 жыл бұрынғы оқиғаларды таспаға түсіруге таптырмас декорациядай еді. Әуежай ғимаратының іргетасы 1979 жылы қаланса, содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Мамандар «терминал 79%-ға тозығы жеткен» деген шешім шығарған. Әуежайдың «халықаралық» деген атына заты сай емес, жолаушыларға қолайсыз, инфрақұрылымы нашар, шынында да моралдық һәм материалдық жағынан әбден тозған болатын. «Қазақстанның батыс қақпасы» саналатын Орал қаласына заманауи әуежай қажеттігі көптен айтылып жүрген еді.
ҚПО б.в. компаниясының бас директоры Эдвин Блом жобаның қаржысы әлеуметтік міндеттемелері шеңберінде бөлініп отырғанын айтады. Жобаның құны – 2,4 млрд теңге. Жаңғырту жұмыстарын 2020 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мердігері – «KazConstructionGroup» ЖШС.
Қайта жаңарту нәтижесінде терминал ауданы қазіргі 4,5 мың шаршы метрден 7 мың шаршы метрге дейін кеңейеді. Сондай-ақ жолаушылар санын жылына 160-тан 350 мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Орал» ӘКК» АҚ директорының бірінші орынбасары Артур Досқалиевтің айтуынша, жаңғырту жұмыстарынан кейін халықаралық бағыттар саны көбейіп, өңірдің транзиттік, туристік әлеуеті арта түспек. Сондай-ақ терминалдың технологиялық жабдықтары халықаралық қауіпсіздік және кедендік бақылау талаптарына сәйкес жаңартылатын болады.
Батыс Қазақстан облысы