• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Тамыз, 2019

Шоқанның белгісі мен Хан ауылының құдығы

655 рет
көрсетілді

Қазір Құсмұрын төңірегіне келген кісі «Шоқанның белгісін» көруге ынтызарлық танытатын болыпты. Құсмұрын көлінің жағасында тұрғындар Көктау атап кеткен шоқы бар. Шоқының үстіне шықсаң айнала алақандағыдай көрініп, Құсмұрын көлі айнадай жарқырап жатады.

Айналадағы жыра-сайларда қайың, терек тоғайы өседі. Селеулі даланың көркі жылдың қай мезгілінде де жүрекке жақын. Жақында осында келген «Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Иманжүсіп Шоқанға қойған белгіні көріп бала қолымен жасалғанын да танып, сүйсінісін жасыра алмады.

– Шоқанды тану осындай болса керек-ті! – дейді Раушан Нұрхан­қызы. Бұл белгіні Құсмұрын стан­сасындағы №121 Құсмұрын орта мектебіндегі оқушылардың «Родник» өлкетанушылар мен табиғат достары тобы сонау 2006 жылы тұрғызған екен. Осыдан 13 жыл бұрын Құсмұрын көлінің жағасындағы шоқыда тұрып, топ мүшелері Шоқанға белгі қояйық деген бастама көтереді.

– Бұл керемет, балалардың пе­­ріш­те көңілінен шыққан қ­а­сиет­­ті бастама еді! Бәрімізге ұна­­­ға­ны соншалық, кең даланы жаң­­­ғырт­қандай айқайлап, дуылдап кетіп­піз. Дереу іске кірістік. Бала­лар мына биік төбенің үстіне ірі тас­тарды қолмен тасыды, өзен­нің табанынан құм тасы­дық, құм­тастар тердік, тастарды бекіту үшін цемент сатып ал­дық. Белгінің нобайын жасап, Шоқан­ның атын плитаға жаз­ды­рып, суретін салдырып, орнаттық. Әрине, оған бизнесте жүрген бұрынғы жетекшіміз Виктор Юрченко мен Құсмұрын стансасындағы депоның бастығы Оралбек Мұрзасейітов ағалары­мыз демеушілік жасады, – дей­ді Наталья Савлевич. Қазір «Род­ник» өлкетанушы балалар тобы­ның жасаған белгісіне сол төңіректегі мектеп оқушылары экскурсия жасайды, тіпті үлкен кісілер барса ғалымның аруағына Құран бағыштап кетеді екен.

– Біз белгіні орнатып бол­ған соң, көрші ауылдан бір ақ­са­қал­ды апарып, Шоқанның аруағына Құран оқытқан едік, – дейді Наталья Васильевна. Әң­гіме, діни рәсімде емес, оның тәр­бие­лік мәнінде жатса керек.

«Родник» тобы құрылған 34 жылдан бері оқушылар Құс­мұрын өңірінің тек табиғатын тамашалап, таза ұстауға талпынумен қатар, танымдық материал­дар да жинаумен айналысты. Олар талай рет ауылдардағы аға ұрпақ өкілдерімен әңгімелесті. Құсмұрыннан 8 шақырым жерде Хан жатқан ауылының орны бар. Онда Шыңғыс төре ақ орда тік­кен деседі. Ескі жұрттан бү­гінге жеткені Хан жатқанның тұр­ғындары мәңгілік тыныстаған ескі бейіт пен әлі күнге құрып кетпей өсіп тұрған кәрі терек болатын. Осы теректің түбіне родниктік балалар талай рет тоқтаған еді. Олар Құсмұрындағы ақсақалдардан сол теректің маңында құдық болғанын білді. Бәлкім, бала Шоқан да сол құдықтың мөлдір суын ішкен болар? Оның суымен алғашқы тың игерушілер де шөлін қандырыпты. Кейін ауыл кеткен соң, құдық та көміліп қалыпты.

Осы ескі құдықты «Родник» тобының балалары аршып алады.

– Құдықты аршу біраз уақыт алды. Біз шатыр құрып, осында түнедік. Құдықты кешке дейін аршыдық. Басын таспен қоршап, бекіттік, айналасына ағаш отырғыздық. Қазір олай-былай өткен жолаушылар құдықты тамашалайды, суын алып көреді, – дейді Наталья Васильевна.

«Родник» тобы бүгінде та­биғат, спорт туризмдерімен, өл­кет­ану, экологиялық жұмыс­тары­мен айналысады. Жетек­шісі Наталья Савлевич дене шы­нық­­тыру пәнінен сабақ береді. «Родник» құрылған 34 жыл ішінде 5 және 11 сынып аралы­ғын­­дағы 3000 бала оның мүшесі болыпты. Тәрбие деген осы!

 

Қостанай облысы,

Әулиекөл ауданы,

Құсмұрын стансасы