• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Тамыз, 2019

Диабеталды дерті – қант диабетінің алдын алатын дабыл

1044 рет
көрсетілді

Біз бұған дейін де сусамырдың алғашқы белгілерімен күресу әлемдік сипатқа ие болып отырғанын баяндағанбыз. Өйткені қант диабеті кішкентай балаларда да кездеседі. Бұл жұқпалы кесел емес, бірақ тұқым қуалайды. Асқындырып алған жағдайда арты жақсылыққа апармайтын аталған аурудың алғашқы белгілерімен күресу – өмірлік ем-домға тәуелділіктен, мүгедектіктен құтқарады. Сондықтан да мамандар халық «сусамыр» деген дертті әлмисақтан білсе де, дәрігерлердің өзі диабеталды ауруынан құлағдар болмай келгенін алға тартып отыр. Ал бұл 2-типтегі қант диабетінің алдын алудағы аса маңызды қадам.

Қазақстанда қант диабеті әлеу­меттік маңызды аурулардың қа­та­рына енгізілген. 2011 жылдан бері елімізде диабетті ерте анықтауға арналған Ұлттық скрин­ингілеу бағдарламасы әре­кет етеді. Мамандардың мәлім­деуінше, Қазақстанда жасы­рын түрде 2-типті қант диа­бетімен әрбір төртінші адам ауыр­уы мүмкін.

Орайы келіп тұрғанда еске сала кету керек. Мәселен, елімізде сусамырға шалдыққан балалары бар ата-аналарға да ауырлық түсіп тұр. Соңғы уақытта сусамырдың 1-түріне шалдыққан балаларды дәрі-дәрмекпен қамту қиындық туғызып келеді. Басына түскен адам ғана біледі. Қант диабетінің 1-түріне шалдыққан адамның өмірі қандағы глюкоза деңгейін бақылап, ұстап отыруға тәуелді. Ешқандай демалыс күндерінсіз, аптаның 7 күнінде және жылдың 365 тәулігінде өмір үшін күрес жалғаса береді. Қант диабетінің осы түріне шалдыққандардың қанындағы глюкозаны жүйелі түрде реттеп, ем-домы үзілмеген жағдайда ғана оның ауыр салдары мен асқынуларынан сақтануға болады. Мұны баласы дертті әке-шеше ғана жақсы біледі.

Сонымен сарапшылар диабеталды мен қант диабетінің ара-жігін ажыратып, диабеталды – бұл шарасыздық емес, әрекет жасауға дабыл, екенін ескертіп отыр. Әрине, «Диабеталды» диагнозы құлаққа 2-ші типті қант диабетінің дамуына бір аттасаң апаратын жол ретінде естіледі.

Швецияның Стокгольм қала­сын­дағы Каролин институты жанындағы қартаю мәселелері жө­ніндегі зерттеу орталығы зерт­теушілерінің пікірінше, диабет­алды белгілері бар адамдар дер кезінде қаралған жағдайда, диа­бетке шалдықпай қандағы қант­тың қалыпты деңгейіне ана­ғұр­лым тез оралады екен.

Дүниежүзілік диабет феде­ра­циясының деректері бойынша, қазіргі уақытта әлемде 425 миллионнан астам адам диабетпен өмір сүруде. NOMAD диа­бетті ерте анықтауға арнал­ған Ұлттық скринингтік бағ­дар­ла­маның нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанда ересектердің 38%-ы диабет алдында тұрса, 8,2%-ы диабеттен зардап шегеді. Сонымен қатар 2-типті диа­бет диагнозымен есепте халықтың 1,8%-ы немесе 312 мың адам тұр. Өкінішке қарай, бұл аурудың жасырын түрі белең алып, кеш анықталғанын көрсетеді.

Докторантура аспиранты әрі осы саладағы зерттеулердің же­текші авторы Ин Шан әріп­тестерімен бірге «диабетал­ды» диагнозы қойылған 918 жағ­дайды зерттеген. Швед ұлт­тық зерттеу орталығы жоға­ры­дағы зерттеуге қатысқан 60 жас­тан асқан жандардың бар­лы­ғына «диабеталды» диагнозы қойылғанын, яғни оларда қандағы қант деңгейі 100-ден 125 миллиграммнан децилитр (мг/дл) құраса (қандағы қант деңгейі 100 мг/дл төмен (5,51 ммоль/л) қалыпты немесе қалыпты гликемия болып саналатынын, ал 125 мг/дл жоғары болса (6,89 ммоль/л) қант диабетінің бар екендігін айтады.

Зерттеушілер 12 жыл бойы қарт адамдардың тобын бақылап, қаты­сушылардың 22% -ы қа­лып­ты гликемияға қайтып келгенін, қатысушылардың 13%-ында диабет дамығанын және адамдардың бір бөлігі қайтыс болғанын анық­тай­ды.

Осылайша, зерттеу систо­ла­лық қан қысымның төмендеуі, жүрек ауруларының болмауы және басқарылатын салмақ қандағы қанттың қалыпты дең­ге­йіне қайтаратынын көрсетті. Сондай-ақ дене қимы­лын көбей­ту диабеттің алдын алып, өлім-жітім деңгейін төмендетеді.

«Диабеталды» 2- типті қант диабетіне бірден ауыспайды, бұл аурудың пайда болу қаупін төмендету үшін дер кезінде шаралар қабылдауға мүмкіндік бере­тін белгі ғана. Ауруды ас­қын­­­дырмау жолындағы ұсы­ныс­тар өте қарапайым: дене белсенділігі, дұрыс ұйқы және дұрыс тамақтану. Алайда, бұл әрбір науқастың өз ерік-жігері мен ынтасына да тікелей байланысты», дейді еліміздегі «Аман-саулық» қоғамдық қорының пре­зи­денті, дәрігер Бақыт Түменова.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі де «Ауруларды басқару бағдарламасын» іске асырып отыр. Осыған сәйкес БМСК ұйымдары науқастармен шартқа қол қояды. Онда әркім өзіне белгіленген міндеттемелерді орындауы тиіс. Науқастардың өз денсау­лығын басқаруға, ор­тақ жауапкершілікке тартылуына баса назар аударылады. Яғни, келісімшартқа отырған адам зиян­ды әдеттерден бас тартады, салмағын қадағалайды, дене қимылын көбейтеді, дұрыс тамақтанады, дәрі-дәрмектерді уақытында қабылдап дәрігердің бақы­лауын­да болады. Бағ­дар­ла­маға науқастың өзі ғана емес, сонымен қатар оның туыстары да қатысады. Өйткені қант диабеті генетикалық бейімділігі бар, яғни тұқым қуалайтындықтан, балалар мен отбасының барлық мүшелерін бақылау қажет.

«Егер қант диабеті – бұл жас­­тай мүгедектік пен ерте өлім­ге әкелуі мүмкін ауыр со­зыл­­малы ауру болса, ал диабеталды диагнозының ерекше белгілері жоқ. Сондықтан 45 жастан асқан адамдағы жоғары қан қысымы, тұқымында қант диа­бетімен ауыратын адамдар болса, артық салмақ, аз қозға­лыстағы өмір салты, тәтті және газ­далған сусындарға деген әуес­тік – дәрігерге барып, қан­да­ғы қант құрамын тексеруге бірден бір себеп болып табылады. Аурудың пайда болу қаупін төмендетуге бағытталған зиянды төмендету тұжырымдамасын ұстану қажет», дейді мамандар.

 

АЛМАТЫ