• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Тамыз, 2019

Жерді тиімді пайдалану оң нәтиже береді

448 рет
көрсетілді

Облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауданы кезінде тары, жүгері егумен аты белгілі аймақтың бірі болған. Алайда кейінгі жылдары ауданның әлеуеті әлсіреп, шаруасы шатқаяқтай бастағанын өңір жұртшылығы жақсы біледі.

Мұндағы басты мәселе – талай жылдан бері жыңғыл, жиде, шең­гел басып кеткен жүздеген гектар жер­лерді қалпына келтіру еді. Со­ны­мен қатар тазаланбаған каналдар да шаруалардың егістікпен ай­на­лысуына залал келтіргенін айт­пасқа болмайды. Себебі шаруа­лар үшін ең басты мәселеге айнал­ған су тапшылығы жерді тиімді пай­далануға қолбайлау болды.

Жуырда Мойынқұм ауданында болып, шаруалармен жүз­дес­кенімізде іс ілгерілеп келе жатқанын байқадық. Бүгінде талай жылдан бергі тоң жібіп, сең қозғалды деу­ге болады. Мәселен, Күшаман ауылының тұрғыны Қазанбай Абылай мемлекеттің қолдауымен «Күшаман» ауыл ша­руа­шылығы кооперативін құрып, 40 гектар жерге жүгері егіп­ті. Әуе­лі ширек ғасырдан ас­там уа­қыт бойы таза­ланбаған осынау алқапт­ы қалпына келтіруге об­лыс және аудан әкімдіктері тарапы­нан биыл қолдау көрсетілген екен. Көктемде бұл жұмысқа 20-ға тарта адам және 5 техника күші тартылған. Нәтижесінде талай жыл бойы тусырап жатқан кең дала жүгері алқабына айналды. Қазір мұнда 7 отбасы жұмыс істей­ді екен. Сонымен қатар Шу өзенінен және жергілікті Күша­ман каналынан су да тартылған. Ендігі жерде шаруа егістіктен 400 тонна жүгері алуды жоспарлап отырғанын айтты.

Жалпы, биылғы Мойынқұм даласы қайнаған еңбек майданына толы. Көктерек ауылының тұрғыны Алмабек Әбдіхалықов есімді шаруа биыл «Байбарақ» ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, 40 гектар жерге жүгері еккен. Бірақ шаруа жүгері егуді бастаған 8 жылдан бері әкімдік тарапынан еш көмек болмағанын, су келетін арықтарды шаруалар қолмен қазып келгенін, алайда судың да болмағанын айтты. Оның үстіне шаруа өткен жылдары 4 гектар жерге ғана жүрегі егіп келген. «Биыл облыстық және аудандық әкімдік тарапынан шаруалардың игілігіне тегін техникалар берілді. Нә­ти­жесінде талай жылдан бері түрен түспеген алқап суармалы ал­қап­қа айналды. Енді келесі жылы 250 гектар жерге жүгері егуді жос­парлап отырмыз. Өткен жыл­дары аудан бо­йынша жүгері еге­тін жалғыз ғана техника бар еді. Оның жүргенінен тұрғаны көп, яғни тозығы жеткен болатын. Со­ның өзінде біз оларға жанарма­йы­нан бөлек, 9000 теңгеден төлеп келдік. Биылдан бастап мемле­кет­тің қолдауы нәтижесінде бұл жұ­мыстар тегін болды» дейді А.Әбдіхалықов.

Еліміз бойынша тары егу Қызылорда, Түркістан облыс­тарында жақсы жолға қойыл­ған. Ал Жамбыл облысы­ның Мойын­құм ауданында ғана тары өсірі­леді. Жергілікті тұрғын­дар оның да тары деген аты болмаса, заты оған келіңкіремейтін дейді. Биыл бұл кәсіптің де түйіні шеші­ліп, шаруалар тары егу қамы­на кірісіп кетті. Күшаман ауы­лы­ның төрт тұрғыны бірігіп, алғаш рет тары егуді бастағанын айтты. Өзін ауыл тұрғыны Қайыр­ғали Шашубайұлы деп таныс­тыр­ған шаруа 5 гектар жерге тары егіп отырғанын, бұйырса гектарынан 1 тоннадан өнім алуға болатынын, сонымен қатар тарыны базарға апарып саудалайтынын да жеткізді. Мәселен, 1 кило тары 500-600 теңге көлемінде тұрады. Аптап ыстықта ырысын қара жерден іздеген шаруалар мезгілі жеткенде бейнетінің зейнетін көреді.

Мойынқұм даласына тіршілік көзі су келгелі, кең алқаптардың арнасы кеңігелі бері жергілікті жерді тиімді пайдалануға аудан тұрғындары ғана емес, көрші өңірлер де қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Алматы облысынан Болат Қанапиянов есімді азамат келіп, 350 гектар жерге жүгері егуді бастапты. Бұл шаруаны ол 10 адаммен бірлесе атқарып отырғанын айтты. «Алқапқа су келіп тұр. Биыл өнім жақсы болып жатса, кейінгі уақыттарда да жүгері егуді жалғастыру ойда бар», дейді Б.Қанапиянов.

Бүгінгі таңда Мойынқұм ауда­нын­­дағы жүздеген гектар ал­қап тазаланып, су каналдары іске қосылған. Нәтижесінде дала төсін­де еңбек етіп, нәсібін кәсіп­тен тауып жүрген шаруа қатары көбейді. Аудан әкімі Мәден Мұ­саевтың айтуынша, Жамбыл об­лыстық «Аса-Талас» мекемесінің техникаларымен ағымдағы жылы аудан бойынша жалпы ұзындығы 69,3 шақырымды құрайтын 9 тоғанды тазалау жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 58 млн 837 мың теңге, өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 9 млн 310 мың теңге қаражат қаралып, толық иге­рілген. Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда биыл тоғандарды тазалау жұмыстарын жүргізу нәти­же­сінде 1290 гектар суармалы егістік алқап пайдалануға беріл­ген. Сонымен қатар ауданда егін шаруашылығын дамыту мақ­сат­ында мемлекеттік бюджеттен 65 млн теңге қаражатқа ауыл шаруашылығы техникалары алынса, биыл ауыл шаруашылығы дақыл­дары­ның жалпы аумағы 5074 гектарды құрады.

 

Жамбыл облысы