Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – «Мәдени мұра» және «Халық – тарих толқынында» сияқты іргелі бағдарламалардың заңды жалғасы ретіндегі Мәңгілік ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық құжат.
Қазақстан халқы рухани жаңғырудың жаңа басым бағыттарын айқындап берген бұл бағдарламалық мақаланы «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» ретінде қабылдады. Ұлттың ұлт екенін анықтайтын ең басты белгілерінің бірі әрі оның бірегей ұлттық қасиетін сақтайтын негізгі тірегі, мәңгілік құндылығы – тілі мен әліпбиі екені баршаға аян. Ел руханияты мен мәдениетіне айрықша жанашырлықпен қарайтын Елбасы Мәңгілік ел болу үшін ұлтымыздың осы екі тірегі де мәңгілік болуы шарт екенін тайға таңба басқандай айқындап, латын әліпбиіне көшудің мән-маңызын дәлелді түйіндермен дәйектеп берген. Осылайша бұл мәселе 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен шешімін таппақ. Тіл мамандары арасында да бұл бастама бірден қолдау тапты. Себебі қазіргі таңда латын әліпбиі қай жағынан да тиімді, тіліміз үшін пайдасы мол. Ең алдымен, тіл әуезділігін сақтауға мүмкіндік береді. Латынға көшу арқылы осы уақытқа дейін тіліміздегі кейбір төл және кірме сөздердің айтылуы мен жазылуындағы алшақтық жойылады. Ғасырлар бойы тамыры бір, рухани діңгегі ортақ түркі әлемінің қайтадан иық тіресе өмір сүруіне игі қадам жасалатыны сөзсіз.
Тарихтың дауылды беттерінде бір-бірінен көз жазып қалған туыстас түркі әлемінің рухани бірігуіне иек артып отырған Елбасының осынау шешімін келешек ұрпақ үлкен ризашылықпен бағалайтыны анық. Туыстас халықтардың ынтымақтастығынан ешкім ұтылмайды. Олармен бірлесе отырып, гуманитарлық ғылыми-зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік молаяды. Әрине, реформаның қиындықсыз болмайтыны әлдеқашан дәлелденген ақиқат. Тек ендігі мәселе солардың тәжірибелерін сараптап, мүмкіндігінше қателіктерді қайталамауымыз қажет. Сондай-ақ терминология жүйесін біріздендіруге де берері көп. Фонемаларды әріппен белгілеу, тыныс белгілерін анықтау, емле ережелерін жүйелендіру – бұл таза ғылымның еншісі. Ғылым үнемі жетілу, кемелдену негізінде тоқтаусыз дами береді. Ендеше, жаңа қазақ әліпбиіне қатысты туындап отырған мәселелерді біртіндеп, кезең-кезеңімен жетілдіре беруге әбден болады деп ойлаймыз. Бұл арада тілге тиек болып отырған реформаның тарихи, саяси мәні басым екенін естен шығармайық.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру» бағытын жүзеге асыру үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде заманауи құрылғылармен жабдықталған «Латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік кабинеті» 2017 жылдың желтоқсан айында ашылды. «Латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік кабинетінің» басты мақсаты – ЖОО-дағы профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге, студенттерге латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үйрету, жаңа орфография мен ережелерін меңгерту, тиімді инновациялық тәсілдермен, заманауи оқу-әдістемелік құралдардың көмегімен сауатты жазу мен оқуға баулу. Мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын ұстана отырып, қазақ тілін үйрету. Сонымен қатар жаңа қазақ әліпбиін үйрету бойынша аймақтық әдістемелік орталыққа айналдыру.
Әдістемелік кабинет ашылғанда өзінің алдына бірнеше міндеттер қойылған болатын. Мәселен, Қазақстан халқын жаңа әліпбиге психологиялық тұрғыдан бейімдеу; қайта даярлау арқылы жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейту; мектептерге арналған оқулықтар (жаратылыстану, гуманитарлық, т.б.) дайындау барысында авторларға тіл сауаттылығы тұрғысынан әдістемелік көмек көрсетуді ұйымдастыру; болашақта мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздардың барлығы латын әліпбиінде жүргізілетіндіктен, осы мәселеге байланысты белгілі бір бағдарлама түзіліп, әртүрлі деңгейде әдістемелік көмек көрсету және латын әліпбиін меңгеруге қатысты курстар жүргізуді ұйымдастыру.
Міне, осындай жұмыстарды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті республикадағы, облыстағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтары және білім мекемелерімен біріге отырып атқаруда.
Жаңа қазақ әліпбиі мен оның құрылымы, емле ережелері бойынша университеттің профессор-оқытушылар құрамы осы әліпбиді түзген комиссия құрамына өзіндік ойлары мен ұсыныстарын үнемі жүйелі түрде жолдап отырды. Ол ұсыныстар А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Жаңа ұлттық әліпби: қазақ жазуын жаңғырту» (ақпараттық медиа кеңістіктегі материалдар) жинағында жарияланды. Қазақ тілін латын графикасына көшіру мен жаңа әліпбиді, емле ережелерін насихаттау, оның мән-мағынасын түсіндіру барысында университет пен Жамбыл облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы біріге отырып, бірқатар ауқымды іс-шараларды жүзеге асырды. Мәселен, жалпыхалықтың, әсіресе, жастардың жаңа қазақ әліпбиіне деген қызығушылығын арттыру мен үйрету мақсатында университеттің студенттік телестудиясында арнайы «Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа белесі» атты бейнеролик, «Жаңа қазақ әліпбиін бірге үйренейік!» атты компьютерлік графикамен өрнектелген интернет-бағдарламасы түсірілді. Сондай-ақ «Университет тынысы» мен облыстық білім басқармасына қарайтын «Білім шырағы» газеттерінде «Әліпби әлемі» айдарлары ашылып, әдістемелік сабақтар жариялануда. Сонымен қатар «Жас дарын» облыстық балалар журналына арналған «Жаңа қазақ әліпбиін тез үйренудің 7 сабағы» айдары ашылып, алғашқы сабақ жүргізілді.
Латыннегізді қазақ тілі әліпбиін заманауи технология арқылы үйрету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе 2018 жылдың қараша айында «Qazalipbi.kz»
онлайн бағдарламасы, облыстық Тілдерді үйрету орталығымен бірге әдістемелік вебинар мен бейнедәрістер әзірледі. «Qazalipbi.kz» онлайн бағдарламасы 18 сабақтан тұрады. Оның ішінде теориялық, практикалық, бағалау сабақтары қамтылған. Теориялық сабақта жаңа қазақ әліпбиі бойынша теориялық білім беріледі. Ал практикалық сабақта берілген теориялық білім негізінде жазылым, оқылым, тыңдалым әрекеттері арқылы жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Бағалау сабағында тыңдаушының әр сабақта меңгерілген білімі тест, бақылау диктанты түрлерінде тексеріледі.
Сонымен қатар университетте «Атаулар сыры» кіші жобасы даярлануда. Мақсаты – өңірдегі әкімшілік-аумақтық бірліктер мен елді мекендер, көше атауларының сыры мен тарихы туралы электронды базасын құру. Осындағы міндеттердің бірі – атауларды жаңа қазақ әліпбиімен беру.
Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіндегі өзекті мәселелерді талқылау мен оның ғылыми концептуалды негіздеріне қатысты университетте республикаға танымал және оқу ордамыздың ғалымдарының қатысуымен ірі-ірі конференциялар, семинарлар, семинар-тренингтер өтті. Соның нәтижесінде «Латын әліпбиі – рухани жаңғыру мен ұлт тұтастығы негізі» атты ғылыми жинақ шықты.
Жалпы оқу ордамызда жаңа әліпби мен оның емле ережелеріне байланысты 2017, 2019 жылдарда республикалық деңгейде 4, аймақтық деңгейде 5 конференция, 15 әдістемелік семинар, 20 шақты көшпелі семинар-тренинг, 12 дөңгелек үстел мен 6 акция, академиялық топтарда кураторлық сағаттар, жатақханаларда әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Ақпараттық-медиа кеңістігінде университеттің профессор-оқытушылар құрамының 360-қа жуық мақаласы мен 280 ғылыми мақаласы жарияланды. Телеарналарда 20-ға жуық сұхбат берілді. Аталмыш іс-шараларға республикаға танымал Ә.Жүнісбеков, Е.Тілешов, Ш.Құрманбекұлы, Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова сияқты ғалымдар қатысты.
2018-2019 оқу жылынан бастап «Қазіргі қазақ тілі фонетикасы» пәнінің оқу бағдарламасына жаңа қазақ әліпбиі мен оның емле ережелері бойынша толықтырулар жасалды. Бүгінгі таңда осы бағыттағы мамандар сертификаттарын алып, жаңа қазақ әліпбиі мен емле ережелерін үйрету бойынша оқу бағдарламасын әзірлеп, курстар жүргізу жұмыстарын қолға алуда.
Тілдің қоғаммен бірге дамып, ғылым мен техника ілгерілеген сайын көршілес елдермен қатар басқа да шетелдерден жаңа сөздердің кіруі арқылы да толығып отыратыны табиғи заңдылық. Ал кірме сөздердің барлығын дер кезінде қазақы айтылымға икемдеп отыру оңай шаруа емес. Әрбір оқыған сауатты адам өзге тілден келген сөздің қазіргі кирилл әріптерімен өзгеше жазылып тұрғанын оғаш көріп, тез қабылдай қоймауы мүмкін. Ал латын әліпбиі арқылы осындай қиындықтар реттеліп, жұртшылық кірме сөздерді қазақ тілінің табиғи заңдылығына сай жазып, оқып кетеді деп ойлаймын. Сондықтан туған тіліміздің табиғи акустикасына қарама-қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Демек, ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі – тілімізді сақтап қаламыз десек, бұл бағыттағы жүргізіліп отырған жұмыстардың оң нәтиже беретіні сөзсіз.
Ұлы дала төсінде әлемдік өркениетке сай рухани кемел ел болу – басты арманымыз. Мәдениет жаңғырып, ой-өрісті кеңейту – игі бастама. Ендеше, Елбасының қоғамға қозғау салып, санаға серпіліс берген үндеуі – Мәңгілік елдің темірқазығына айналатыны сөзсіз! Әліпби – тек мәдениеттің өлшемі, өркениеттің белгісі ғана емес, ол – ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символдардың бірі.
Сондықтан Елбасының: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгілікке қалуға тиіс» – деген сөзін кейінгі ұрпақ жадына тоқып өссе, біз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпаймыз. Жаңа жағдайға қарай бейімделу, жаңғыру – уақыт талабы.
Махметғали Сарыбеков,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор