Жұмыр жердің бетінде тойып тамақ ішпейтін, ашқұрсақ халықтар жеткілікті. БҰҰ мәліметінше, бүгінде әлемде 800 миллион адамның аштықтан көзі қарауытып отыр.
Өткен ғасырдың бірінші жартысында қолдан ұйымдастырылған аштықтан қазақ та бір тілім нанға зар болып, баудай түсті. Халқымыздың: «Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» дегені, басынан өткен ауыр күндердің елесіндей естіледі. Ал ас төресі – нан. Еліміздің солтүстік өңірі Қазақстанды астық державаларының қатарынан көрсетіп отыр. Арқа төсіндегі теңіздей толқыған егіс алқаптары мақтаныштан көңілді де толқытқандай болады. Еліміздің астық өндірісінде, жалпы егін шаруашылығының дамуына Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының қосқан үлесі ересен. Жақында ғана өзінің 90 жылдығын халықаралық «Алқап күні» ретінде атап өткен бұл ғылыми орталық осы кезеңнің ішінде бидай мен басқа да дәнді дақылдардың, жем-азықтық екпе шөптердің 150 сұрыбын шығарыпты, көпшілігін аудандастырды. Мерекелі басқосуға елімізбен қатар көрші Ресейдің әр шалғайынан селекционер ғалымдар қатысты. 90 жыл бір мекеме үшін аз уақыт емес, ал онда атқарылған игілікті істер одан да көп.
– Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының 90 жылда атқарған жұмысы еліміздің астық индустриясына қосылған үлкен үлес. Ұжымдағы ғалымдар мен селекционерлер, диқандар еңбегінің жемісі тек облыс емес, еліміздің мақтанышы дер едім, – деді облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының директоры Дәмір Қалдыбаев мереке қонақтарын егіс алқаптарындағы жаңа сұрыптарды тамашалауға шақырды. Далада қатты, жұмсақ бидайдың, майлы дақылдардың, көпжылдық жемазықтық шөптердің алқаптары жайқалады. Мамандар олардың артықшылықтарын әңгімелеп берді. Ғылыми-тәжірибе стансасы еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бері қарай ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа 34 сұрыбын шығарған, соның 14-і соңғы бес жылға тиесілі екен. Қарабалық АШТС-ның шығарған 45 сұрыбы республика өңірінде аудандастырылды. Былтыр жұмсақ бидайдың «Айна» және «Ламис» деп аталатын жаңа сұрыптары, қатты бидайдың «Шарифа», арпаның «Медикум 18» және сұлының «Сұлу» сұрыбы аудандастырылды. Ғалымдар ауыл шаруашылығы өнімі өзіндік құнының арзандауы өсімдік ауруларына төзімді және химиялық өңдеуді аса қажетсінбейтін жаңа сұрыптар шығаруға тікелей байланысты екенін айтады. Негізі дақылдың басты жауы – түрлі өсімдік аурулары. Мысалы, тат ауруынан бидай алқаптарының өнімі 25-30 пайызға дейін кемитін. Осы орайда қарабалықтық ғалымдар бидайдың тат ауруына төзімді «Айна» сұрыбымен мақтана алады. Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасы директорының орынбасары, ғалым-агроном, арпа, бидай, сұлы дақылдары бірнеше жаңа сұрыптарының авторы Владимир Чудинов мұнда шығарылған сұрыптардың гендік негізінің тұрақтылығы жөнінен баламасы жоқтығын айтты.
– Дақыл сұрыбы үш жыл тәлімбақта өсіріліп, сынақтан өтеді де, аудандастырылады, сосын диқандарға беріледі. Гендік қоры өте тұрақты сұрыптар облыс, республикаға тарайды. Біздің диқандарға берген сұрыптар тұқымы фунгицидті өңдеуді қажет етпейді, оны еліміздің оңтүстігіне де, солтүстігіне де егуге жарай береді, – дейді В.Чудинов.
Қарабалық ауылшаруашылық стансасының тойына келген ғалымдардың лебізі ғылыми орталық жұмысына берілген шынайы баға ретінде естілді.
– Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасы – жаздық бидайдың Меккесі, ал Кубань – күздік дақылдарды өсіріп, өндіру орталығы. Біз ынтымақтаса жұмыс істеуге, тәжірибе алмасуға даярмыз, – деді Краснодар өлкелік ғылыми-зерттеу институтынан келген ғалым Александр Боровик. Еліміздегі аграрлық ғылымның драйвері саналатын Ұлттық аграрлық ғылыми-ағарту орталығының басқарушы директоры Есенбай Исламов елдің ғылыми-техникалық дамуына Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының қосқан үлесі қомақты екенін, дәнді, майлы және бұршақ тұқымдас дақылдар мен жем-азықтық шөптердің ол өндірген жоғары өнімді сұрыптары үлкен сұранысқа ие болып келе жатқанын айтты.
Мерекелік конференцияда Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасындағы ғалымдар мен селекционерлер марапатталды.
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы