Соңғы екі жылда бауырлас екі мемлекет – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге шығып, ауылы аралас, қойы қоралас ағайын арасы бұрынғыдан да жақындай түсті. Бірақ екі ел арасында былтыр қызу талқыланып, бір қарағанда тез енгізілердей болған азиялық «Silk viza», яғни «Жібек жолы» туристік визаларын өзара тану режімі тоқырап тұр. Әдепкіде аса қарқынды басталып, Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы келіссөздер әне-міне мәресіне жетіп, қолданысқа енгізіледі делінген жоба қандай дағдарысқа тап болды?
Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан сенаторларының кездесуінде екі елдің туристік әлеуетін дамыту мәселесі кеңінен қаралды. Сол кезде Дариға Назарбаева Қазақстан мен Өзбекстанда туризмді дамыту ғана емес, Орталық Азияның барлық көрнекті жерлерін көргісі келетін шетел туристерінің біздің елдерге келуін ынталандыру да маңызды деген пікір білдірді. Сондай-ақ азиялық «Silk viza» арна виза үлгісін қалыптастыру туралы ұсыныс айтты.
Бұл жобаның мәнісі мынада. «Жібек жолы» визалық режімі Жібек жолы елдері үшін Еуроаймақтағы Шенген келісімі аясында жұмыс істейтін тетіктің баламасына айналуы тиіс. Демек, Қазақстан мен Өзбекстанның біріне туристік визамен келген шетел азаматы екі елдің барлық қаласын емін-еркін аралап, қыдырыстай алады.
Бара-бара бұл режімге ТМД-ның өзге де мемлекеттері қосылады деген пайым жасалды. Ұсынылған механизм трансұлттық туристік өнімге кедергілерді еңсеруге мүмкіндік беруі (туристер көрші елдердің шекараларын кесіп өткен кезде визалық, кедендік және шекаралық кедергілерге тап болады) тиіс.
Аталған мәселелер бойынша келіссөздер екі ел Үкіметтерінің деңгейінде жүргізілді, тараптар барлық түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға да уағдаласты. Тіпті, Өзбекстан жағы, атап айтқанда Өзбекстанның туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитетінің өкілі Ұлықбек Қасымқоджаев былтыр желтоқсан айында «Silk viza» жобасының жан-жақты талқыланғанын, енді азғантай техникалық сәттерін келіскен соң 2019 жылдың ақпан айынан бастап енгізілетінін хабарлап тастады. Сондай-ақ бұл жобаға Қырғызстан мен Тәжікстанның және Әзербайжан мен Түркияның да қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Жалпы, бұл мәлімдемеге дейін де, одан кейін де Қазақстан мен Өзбекстан арасында аталған жоба бойынша талай кездесулер, келіссөздер де өте шықты.
Бірақ режімді енгізуге уағдаласқан уақыт таяғанда тараптар «Silk viza» жайында жақ ашқан жоқ, енді міне биылғы туристік маусым да аяқталуға жақын.
Осы орайда жоба бойынша сұрау салып, Мәдениет және спорт министрлігіне хабарласып, «Silk viza» режімінің тағдыры туралы білдік. Сөйтсек біздің министрлік «Жібек жолының» визасын енгізуге Қазақстан тарапы сақадай-сай дайын екенін, ал оны іске қосудағы кешеуілдеу Өзбекстан мемлекетіне байланысты қалыптасқанын хабарлады.
Өз кезегінде Podrobno.uz мәліметтеріне қарағанда, ортақ визаны енгізудегі кідіріс екі елдің үшінші мемлекеттерге виза беру тәртібіне байланысты орнаған. Атап айтқанда, Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттер азаматтарының біздің елге визасыз кіру режімін енгізген. Оған қоса, азаматтары визаны электронды түрде ресімдеп кіре алатын мемлекеттердің саны 120-ға жуықтайды. Ал Өзбекстандағы жағдай, жалпы визасыз кіруге құқығы бар елдердің саны мүлдем бөлек. Оның үстіне бұрынғы президенттерінің кезінде әлемге барынша жабықтау саясат ұстанып келген көршілеріміз билік өзгергелі бері ғана 30 күндік визасыз режім тәртібін енгізе бастады.
Міне, осы мәселелер түбегейлі шешіліп, ретке келтірілмейінше, Жібек жолының визасы енгізілмейтін сияқты. Сонымен қатар тараптар виза ақысына байланысты да ымыраға келуі керек.
Туристер сұранысы ескеріледі
Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің берген мәліметтеріне қарағанда, «Жібек жолы» визасының үшінші мемлекеттерден турист тарту әлеуеті өте жоғары. Мәселен, Орталық Азиядағы мұндай трансшекаралық визалық режім үшінші елдер азаматтарына (ең алдымен Қытай, Үндістан және Парсы шығанағы елдері) екі елдің Жібек жолы бойында орналасқан бірқатар туристік бағытқа, елдердің біріне туристік виза бойымен барып, біріккен туристік маршруттарды құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Silk viza» трансұлттық туризм өнімі жолындағы әкімшілік кедергілерді жеңуге, виза ресімдеу уақытын 10 күнге дейін қысқартуға, сол арқылы туристер үшін Орталық Азия аймағына саяхаттау мерзімін жоспарлауға, бірыңғай турпакет аясында топтардың жеңілдетілген және біріккен саяхатын ұйымдастыруға, екі елдің екі немесе одан да көп туристік операторларының қатысуымен бірлескен трансұлттық туристік маршруттарды өзара тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, «Silk viza» таяу болашақта екі елдің бірлескен жобаларын жүзеге асыруға да жол ашады. Мәселен, бүкіл әлемге әйгілі болған Самарқанд – Бұхара – Ташкент бағыты Өзбекстан аумағы арқылы Қазақстандағы жаңа бағыттармен толықтырылуы мүмкін: Түркістан – Шымкент –Тараз. Шын мәнінде, Өзбекстанға виза алған шетелдік туриске Қазақстанға жаңа виза алудың қажеті болмайды – ол бір сапар кезінде басқа елге автоматты түрде кіруге мүмкіндік алады. Әдетте әлемдік туристер бір сапардан алған әсерлері мен білімдерінің көптігін әрдайым алға қойып бағалайды. Бұл бағыт болашақта Қырғызстандағы Ыстықкөлге демалуға келетін туристер ағынына да оң әсер етуі әбден мүмкін.
Мәдениет және спорт министрлігінің тұжырымына қарасақ, Жібек жолы әлемдік деңгейдегі ең жақсы брендтердің бірі және бүкіл жол бойында туристік ресурстарды жоспарлы және бақыланатын дамыту ежелгі тарихи жолда әлемдік мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру үшін стратегиялық маңызы бар. Сондықтан Ұлы Жібек жолының жандануы БҰҰ, ЮНВТО және ЮНЕСКО-ның қолдауымен жүзеге асырылатындықтан, еліміздің туризм саласындағы кез келген бастамасын жандандырып әкеткелі тұр.
Биыл 9-10 маусым күндері Өзбекстанның Самарқанд қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттер Туризм кеңесінің отырысында бұл мәселе қаралып, Қазақстанның Жібек жолы туристік маршрутын дамытудың жаңа механизмін құру жөніндегі бастамасы – үшінші елдердің азаматтары үшін берілген туристік визаларды өзара тану режімін (Жібек жолы режімі) ТМД Туризм Кеңесінің барлық мүшелері қолдады.
Негізі Өзбекстан тарапы да бұл мәселені көпке созбай тиянақтайтын секілді. Өйткені жуырда «Қазақпарат» агенттігіне сұхбат берген Өзбекстан елшісі Саидикрам Ниязқожаев: «Біздің елдерге туристер ағынын еселеп арттыратын туристік кластер, туристік бағдарды құру қажет. Жібек жолын зерттеу үшін Өзбекстанға келетін адамдар Қазақстанға да ат басын бұруы тиіс деп санаймын. Сонда ғана тарихи жолдың толық келбеті ашылады. Тура сол сияқты Қазақстанға келген туристер Өзбекстанға да барсын», деген еді.
Жалпы, қазір Тәжікстан билігі де осы жобаға іштей дайындалып, кіріс-шығыстарын есептеп жатыр. Өзгелер де қамсыз отырмаса керек. Жобаға Түркия қосылар болса, туризм алыбының оң және теріс әсерін есептеудің өзі оңайға соқпас.
Алайда осы жерде бастамашы көршілес мемлекеттер туристер ағынын қабылдауға дайын ба, инфрақұрылымдары талапқа сай ма деген заңды сауалдар да туындайды. Қалай болғанда да әзірге тараптарға осынау ауқымды жобаны бастап кетуге тек ерік-жігер жетпей отырған сыңайлы. Ал көш жүре түзелетіні бесенеден белгілі.